Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар – ел ертеңі

Жастар – ел ертеңі

Желтоқсанның 12 жұлдызында аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Жастар – ел тірегі» атты аудандық жастар форумы өтті. Түрлі салада өңірдің өркендеуі үшін қызмет істеп, тың идея, ұшқыр ойымен, қоғамдық мәселелерге белсенділік танытқан жастарға қолдау білдірді.
Кешегі Мағжан Жұмабаев жыр арнаған «көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» жас буын қай кезеңде де болашақтың қожасы. Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын екені бесенеден белгілі. Ал тәуелсіздіктің арайлы ақ таңынан бастап жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Елімізде 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Мұндағы мақсат – жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет аталып өтіп жатқан Жас­тар жылында ауданның белсенді жастары ескерусіз қалмады. Форумды аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов ашып, «Мемлекет тарапынан жастарға біраз жобалар мен бағдарламалар қабылданып, осы бағытта жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтатын болсақ, «Болашақ» бағдарламасы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Дипломмен ауылға» жобасы, «Серпін» бағдарламасы, «Жастар» тәжірибесі, «Жасыл ел» жасақтары, «Жайдарман» ойындары және т.б. жобалар іске асуда. Демек, болашақ жастардың қолында», – деді.
Биыл тұңғыш рет аудан әкімі ­Ә.Ораз­бек­ұлының «Серпін» жастар сыйлығы тағайындалып, 36 мыңға тарта жастың ішінен үздік деп танылған 10 адамға бұйыр­ды. Патриотизмді, ұлтаралық достастықты, ұлттық мәдениетті, тіл мен өнерді насихаттап, рухани құндылықтарды жаңғыртуға ерекше үлес қосқан жас айтыскер ақын Е.Әміров, жас журналист Г.Дүйсебаева, жас спортшы М.Тұрысбеков, жас маман А.Жұмаханқызы, қайырымды жан Б.Тұрсынов, жас ұстаз П.Кеңесбаева, жас маман Ә.Пірмашев, ішкі істер қыз­меткері Ж.Сейітжан, үздік жас ­Г.Батыр­баева, үздік ерікті Д.Баянбаев аудандық «Серпін» жастар сыйлығының иегері атанды. Соны­мен қатар жастар форумы аясында жаңа өмірге қадам басып, отау құрған белсенді жас Б.Ибрашев пен журналист М.Құрманғалиеваға аудан әкімдігінің «Аманат» хаты табысталды.
Өңір жастарына серпін сыйлаған форумда аудан әкімінің Алғыс хатымен Ж.Қуандық, Ш.Мадиярова, Д.Оспанов, А.Ахметова, М.Бекпейісов, Ж.Айтбай, М.Ибраев, Ж.Базарбайұлы, Е.Тоқмырза, М.Темірәлиев марапатталды. Ал облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақовтың Алғыс хатын М.Тұтқышбаева, Ж.Ақділдә, Р.Бекжап­ба­ров, С.Махмутова, А.Бағдатқызы, А.Әбді­қадыр, А.Қайбұлдаева, М.Баймұра­то­ва, Д.Сәбитов, Ж.Тажмұхамедов, А.Бекжанбаров, Л.Кәрібаева, П.Затова иеленді.
Әбу Насыр әл-Фарабиден бір әмірші өз елінің болашағы туралы сұрағанда: «Сен алдымен жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», – деген екен. Қай кезеңде де елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі – жас­тар. Тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекет мәртебесінің биік болуы да – болашаққа бет бұрған жалынды жастардың қолында. Сондықтан да жас буынға қолдау көрсету тек бір жылмен ғана шектелмейді. Келер жылы «Волонтерлар жылы» болып жария­­ланып, үлкен үміттер күттіруде.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

14 желтоқсан 2019 ж. 1 031 0