Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын күз келді бақшаға

Алтын күз келді бақшаға

Күз – мереке мен молшылықтың бастауы. Егін-терімін жиып, қаһарлы қысқа дайындығын аяқтаған жұрт жыл сайын «Алтын күз» мерекесін тойлауға кіріседі. Жуырда «Кел, жемісті Алтын күз» тақырыппен дүбірлеген мерекені «Аймира» балабақшасы ұйымдастырды. Ақмая Ауылындағы мәдениет үйінде балабақшада тәрбие алып жатқан 80 бала білім ордасындағы тәлімін ортаға салып, ата-аналарын қуанышқа бөледі.
– Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз – ұлан-ғайыр жерімен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткісіз кең байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған.Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген» деді. Шынымен де «Туған жер» бағдарламасы жалпы ұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналып отыр. Біз де кішкентай бөбектерге ауылымызды жақсы көруді, ерекшелігін түсініп өсуіне ықпалымызды тигізуге тырысамыз. Балабақша қабырғасында өтетін әр шараның алғашқы мақсаты осы болады, – дейді балабақша меңгерушісі Ақерке Баймаханова.
Мерекеде бүлдіршіндер әннен шашу шашып, би билеп, тақпақ айтып, көрермендерді тәнті етті. Әсіресе, ата-аналардың өз қолдарынан жасаған «Менің күзге сыйым» қолөнерлері мен балабақша аруларының бірінен-бірі асатын күздік сән үлгісі келушілерді таң қалдырды.
Ертеңгілікте балалардың тәтті үніне тамсанып, жеткіншектердің ой ұшқырлығына куә болдық. Ауылдың келешегін кемелдендіре түсетін балалардың өсіп келе жатқанына бек сеніммен қайттық.

Асылым ДҮЙСЕБАЙ
05 қараша 2019 ж. 2 428 0