Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбиенің бастауы – балабақша

Тәрбиенің бастауы – балабақша


Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнынан туындаған «Туған елге тарту», «Қоғамға қызмет ету» секілді жобалардың тиімділігі сөзсіз. Сөзімізге тұздық ретінде аудандық мәслихат депутаты Мұхамеджан Салқынбаевтың «Құлагер» балабақшасына жасаған сыйын айтуға болады. Ол жақында ғана балабақшаға тегін «WI-FI» желісін орнатып берген. Бүгінгідей ғаламторсыз аттап баса алмайтын заманда әлем желіні еркін пайдалануға мұрындық болған меценатқа балабақша ұжымының айтар алғысы зор.
Адамның болмысы, ақыл-ойы, қоғамдағы орны мен жеткен жетістігіне бала кезіндегі алған тәлім-тәрбиесінің әсері зор болады. Мұны бұрынғы дала данышпандары да, бүгінгі ғалымдар да дәлелдеген. Сондықтан тұлғаға бала күнінен-ақ бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, дұрыс тәрбие беру – ең маңызды дүние. Бұл ретте алдымен мектепке дейінгі мекемелерге артылар сенім мол.
Тартоғай ауылындағы «Құлагер» мемлекеттік балабақшасы 12 жылдан бері мектеп жасына дейінгі балаларға сапалы тәлім-тәрбие берумен айналысып келе жатқан бірден-бір білім ордасы. Ұжымның ұйытқысы, іскер басшы Гүлшара Қуанышбаева басқаратын мекеме қашанда жаңашылдықты жылдам қабылдауымен ерекшеленеді.
2016 жылдан бері «Тәй-тәй» технология­­сын пайдаланатын балабақшада мерекелік шаралар мен күнделікті оқу-іс әрекеті біріне-бірі ұқсамайтын, бүлдіршіндерді елітіп әкететін қайталанбас қойылымдарымен құнды. Себебі, балабақшада үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін педагог мамандар еңбек етеді. Жас бола тұра өз мамандығының қыр-сырын терең меңгерген «Қарлығаш» тобының тәрбиешілері Айнагүл Жүнісова, Нұрила Қалдыбекова, Сымбат ­Мекебаева баламен жұмыс істеуде алдына жан салмайды деуге болады. Олар жуырда ғана «Тілдер патшалығында» атты ашық есік күнін ұйымдастырған болатын. Ерекшелігі сол, онда былдырлаған балдай тәтті бүлдіршіндер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тақпақтар мен ән айтып, ата-аналарын қуанышқа бөледі.

Г.Сәбитқызы

19 қазан 2019 ж. 1 477 0