Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана әлдиіне жетпейді

Ана әлдиіне жетпейді


– Сәлем, Әлия. Қайдан жүрсің?
– Жұмыстан қайттым.
– Жұмысы қалай? Жақында ғана босанған жоқсың ба? Сәбиіңді кімге қалдырдың?
– Ой, мен үш баламды да 5 айлығынан бас­тап бала күтушіге қаратамын. Әбден жұмыс істеп үйреніп қалған соң, үйде отырғым келмейді. Оның үстіне үйде ұзағырақ отырсан әбіржіп, тоз-тозың шығады. Оданда «няня» жалдап, жұмыс істегенім жақсы. Бұл қоғамдық көліктердің біріндегі екеудің әңгімесі.Иә, қаласақ та, қаламасақ та бұрын ата дәстүрімізде болмаған, тіпті естіп-көрмеген «бала күтуші» деген термин ентелеп қолданысқа еніп келеді. Бұған дейін «няняларды» тек сериалдардан көріп, үлкен қалаларда ғана болады деп ойласақ, соңғы кездері «алақандай» ғана қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауданның өзінде бала күтуші жалдайтын ата-аналарды жиі кездестіретін болдық. Бұл қаншалықты дұрыс? Ата мен әженің, ана мен ененің рөлін иемденген өзге адамның тәрбиесінде өскен балдырғанның мейірімге бөленіп, ұлтжанды қасиеттерді сіңіріп өсуі мүмкін бе?
«Малды баққан өсірер, баланы тапқан өсірер», «Бала – ананың бауыр еті, көз нұры», «Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал» секілді ана мен баланың арасын жалғайтын қазақтың қанатты сөздері мен мақал-мәтелдері жайдан-жай туындамаса керек. Себебі, қазақ отбасы іңгәлап өмірге келген нәрестені ана сүтімен, әлдиімен тәрбиелеген. Ананың махаббатына, әкенің шапағатына қанып, мейіріміне бөленіп өскен бала ержүрек, батыр, ақылды болады деп санаған. Бүгінде бұл ғылымда да дәлелденген дүние.
Баланы атасы мен әжесі еміреніп, бауырына салып алатын дәстүр бар. Ол жас отбасының өзара түсінісуіне, отбасы іргетасының беріктігіне әсер етеді деп есептеген. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелер бұрындары кішкентай қарадомалақтарын қастарынан бір елі тастамай тәрбиелеген. Жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге еткен. Даланың дана қарттарының қолында өскен бала қай кезде де рухани дүниесі бай, ұлттық намысы жоғары, көргенді, көпшіл болып өседі. Мейірім мен адалдық та, үлкенге деген құрмет те ата мен әженің алдын көрген ұл мен қыздың бойынан табылады. Көргені мен өмірден түйгені көп көнекөз қариялар тәрбиенің нәрін бала бойына сіңіре біледі. Ибалылық пен имандылық та сол ортадан дариды.
Ал қазір ше? Қазір немересіне ертегі оқып, шүйіркелесіп әңгімелесетін қарттар да сирегендей. Тіпті зейнет жасына жеткен соң үйінде немересін бағып отырудың орнына «бала бағуға шамам келмейді» деп, қызметін қимай, тағы да бірер жыл айналшықтап жүретін әжелер жиі кездесетін болған. Осыдан келіп «жұмысбасты» әже мен ана ұл-қызының тәрбиесін күтушіге сеніп тапсыра салады. Әрине, ата-әженің шапағатын көріп өсіп келе жатқан бала баршылық. Дегенмен олардан гөрі әке-шеше мейірімін, ата мен әженің аялы алақанының жылуын қажетінше сезінбей жүрген балалардың қатары артып тұрғаны алаңдатады бізді.
Әрине, көпшіліктің көкейінде «бала күтуші болмағанның өзінде баланы бәрібір балабақша тәрбиелеп жатыр. Екеуінің қандай айырмашылығы бар?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Балабақша – ең алдымен мемлекеттің бақылауындағы мектепке дейінгі мекеме. Онда балаларды арнайы білімі бар мамандар министрліктен бекітілген бағдарлама бойынша тәрбиелейді. Сондай-ақ балабақшаға сәбидің өзі жүріп, сөйлей бастағаннан, яғни 2-3 жастан бастап қабылдайды. Міне, балабақша тапшылығы атымен жоқ ауданда «няняға» сұраныс болуының басты себебі осы. Көпшілік аналар қу құлқынның қамымен баласын туыла сала күтушіге тастап, қызметке шығады. Ал бала күтушілер – көбіне арнайы білімі жоқ, жұмыссыз, ақша табудың амалын іздеген нәзік жандылар екені шындық.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десе де халқымызда «Не ексең, соны орасың» деген қанатты сөз бар. Балаға ата-анадан артық жанашыр, немереге ата мен әжеден артық «няня» жоқ. Бүгін ұрпағымызды жат қолынан «жылу» табуға итермелесек, өзімізді қартайғанда қарттар үйіне тоғытпасына кім кепіл?
Қазақ елінің бәсекеге қабілетті болуға, жан-жақты дамуға ұмтылуы, өзге дамыған елдерге еліктеуі – заңдылық. Дегенмен ең бастысы, жаһандық өзгерістер кезеңінде біз ұлттық ерекшелігімізді, құндылығымызды, рухани болмысымызды сақтай білуіміз керек. ХХІ ғасырдағы рухани жаңғырудың мәні де осыда болмақ.

Гүлхан ЯХИЯ
27 қазан 2019 ж. 872 0