Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тектінің тұяғы

Тектінің тұяғы

Батыр Ана, Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаева тұңғышы – Оралсейіт Төрениязов туралы мөлтек сыр.
Оралсейіт есін білгелі әкесі мен шешесі егінші екенін түсінді. Ертеңгісін кетіп, күн әбден ұясына орныққан соң бір-ақ келеді. Жұмыстары ауыр екенін іштей сезеді. Бірде шешесіне еріп егіс басына барғаны да есінде. 8 сыныпта оқып жүрген кезі. Айдын көлді көргендей болды. Күріш сабағы әр жер әр жерде қылтияды. Мұның сырын шешесі түсіндірді. «Жер тегіс емес, бір атызда су сыймай, атызды шіреп тұр, екіншісінде орталау су бар, ал үшіншісінде су жоқ, биікке шықпай жатыр. Күріш егетін жер айнадай тегіс болу керек» деген сонда. «Ол үшін не істеу керек?» деген ұлының сұрағына «Ол үшін егістікті бірдей етіп тегістеу керек. Сонда су бәріне бірдей барады, бәрі бір кезде піседі, өнім де мол болады» деп жүре жауап берді. Су шіреп тұрған атыздың шетіне шағын саға орнатып, ішіне шөп салып, алдына қада қағып нықтап қойды да, суды ақырындап ағызды. Атылатын жолбарыс­тай өрекпіп тұрған су «ашуы» басылып, сыңғырлап келесі атызға аға бастады.
Оралсейіт сол түні түрлі түс көріп, ұйықтай алмай шықты. Біресе тракторға отырып, жер тегістеп жүреді. Енді бірде комбайн штурваліне отырып, ырғалған күрішті орып жүреді. Екі езуі екі құлағында, өз ісіне өзі мәз...
Күндегіден ерте тұрды. Апыл-ғұпыл ас-суын ішіп болып, жұмысқа кеткелі жатқан әкесіне:
–8 сыныпты бітірген соң техникумға барсам деймін, – деді.
– Қайсысына?
–Қызылорда қаласындағы «Гидромелоративтік» техникумға.
– Неге су шаруашылығына? Құрылысшы, фельдшер деген мамандықтар да бар емес пе?
– Негізі су маманы болғым келеді. Шлюз соққызсам, судың бәрін реттеп, атыздарға толық баратындай жасасам, диқандар бұлай қиналмас еді.
– Ойың да, мақсатың да дұрыс. Бірақ бұл жоспарыңды жүзеге асыруға әлгі техникумыңның шамасы келмейді. Сол мамандықты кеңейтіп, жетілдіріп беретін институт бар, соны бітіру керек.
– Ол қайда?
– Жамбыл қаласында. 10 сыныпты бітіруіңе әлі екі жыл бар. Екі жыл емтихан болатын пәндерді оқып, дайындал, – деді әкесі Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангер Сұлтанхан Төрениязов.
Оралсейіт орта мектептің аттестаты қолына тиісімен жүрек қалауымен Жамбыл Гидромелиорация институтына құжаттарын тапсырады. Екі жылғы дайындығы босқа кетпеді, қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, конкурстан өтіп, оқуға қабылданды да, араға 4 жыл салып, инженер гидротехник (су шаруашылығының инженері) мамандығын алып шықты. Су шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Қарағанды облысында бірер жыл жұмыс атқарып, Шиеліге оралады. Кенттегі №31 жылжымалы механикаландырылған колоннаға (ПМК) мастер болып орналасады.
Орекең мехколоннаға жұмысқа орналасқанда егістік жерлерді инженерлік жүйеге келтіріп тегістеу ісінің қолға алынғанына 2-3 жылдай болған екен. Аудан шаруашылықтарының біразы егістік жері тегістеліп, өнім түсімі жақсарып қалыпты. Ол егіс алқабын инженерлік жүйемен тегістеу жұмыстарының біразына қатысты. Ойында жүрген жоспарының көбісін жүзеге де асырды. Қабілеті мен тыңғылықты тірлігі нәтижесінде инженер, учаске бастығына дейін жоғарылады. Бір орында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, зейнетке шықты.
– Ауданда егін шаруашылығының көлемі артты. Әсіресе, күріш көлемі 15 мың гектарға дейін жетті. Әр гектарынан 45-50 центнерден өнім алынды. Ал жекелеген бригадалар мен звено жетекшілері арасында әр гектардан алынған өнім көрсеткішін 60-70 центнерге жеткізгендер болды. Одан жоғары шарықтап кеткендер де жоқ емес, – дейді Оралсейіт ақсақал арада көп жыл өтсе де мәліметтерді есіне түсіріп.
Десе дегендей, күрішшілердің құлшынысы, ынта-жігері жақсарды. 1972 жылы ауданнан, оның ішінде «Коммунизм» колхозынан екі бірдей диқанға Социалистік еңбек ері атағы берілді. Бірі – әр гектар күріштен 125 центнерден өнім алған Шырынкүл Қазанбаева, екіншісі әр гектардан 109,2 центнерден күріш өндіруді қамтамасыз еткен Батыр Ана Ұлбала Алтайбаева еді. Бір ғажабы екі ана да бір әулеттің келіні, бір бригадада жұмыс істейді.
– Сол кезде Шиелі аупарткомында жауапты қызмет атқарған беделді кісінің мына сөзі жадымда қалыпты, – дейді Оралсейіт ақсақал жоғарыдағы қуанышты әрі тосын оқиғаның мән-жайын жеткізуге тырысып. Жауапты қызметкер былай деді: «Күн жексенбі болатын. Ұйқыны қандырып, шәй ішіп отырғанмын. Телефон шар ете қалды. Зайыбым трубканы алып аржағындағы кісімен амандасты да, трубканы алақанымен бүркеп тұрып «Бастығың ғой, сені телефонға шақырып жатыр» деп маған ұсынды. Маңызды әңгіме екенін түсіндім. Бірінші хатшының «тездетіп кеңсеге жет» дегенін естіп үгердім, телефон тұтқасын қоя салды. Апыл-ғұпыл киініп, кеңсеге тарттым. Демалыс күні бәйбішеммен еркін ­отырып ішемін деген сүтті күрең шайым жайына қалды. Егін-терім жиналып, енді соның есебін жасап, еңбек майталмандарын еңбегіне қарай түрлі марапаттарға ұсынып жатқан мезгіл еді. Бір жерден қате кетіп қалды ма деп күдіктеніп те келемін. Бірінші хатшы есіктің алдында тұр екен. Қолын селқос ұсынды.
– Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы телефон шалды. Біздің ауданнан марапатқа ұсынылғандардың көрсеткішін қайта анықтау керек сияқты. Обкомға хабарлас, анығын біл, қажет қағаздарды ретте», – деді. Жүрегім орнына түскендей болды.
Дереу обкомдағы өзім сияқты қызметкерге хабарластым.
– Жағдай былай. Өткенде Шырынкүл Қазанбаеваны Социалистік Еңбек Ері атағына,Ұлбала Алтайбаеваны Ленин орденіне ұсынған едік қой. Орталық комитеттегі ауыл шаруашылығына қарайтын хатшы құжаттарын қарап ­отырып, «13 баласы бола тұра күріш егіп, әр гектардан 109,2 центнерден өнім алған еңбеккер неге еңбек ері болмасқа?» деп ойлайды. Ойын саяси бюроның мәжілісіне ұсынады. Саяси бюро ұсынысты дұрыс деп тауып, күріштің әр гектарынан 100 центнерден өнім алуды қамтамасыз еткен кез келген диқанға Социалистік Еңбек Ері атағын беруге шешім шығарады. Алтайбаеваның құжаты жоғары атаққа ұсынылып, қайта толтырылу үшін кері қайтарылыпты. Түске дейін дайындап, Мәскеуге жөнелтуіміз керек. Бүгінгі сабылыстың мәні осы,– деді.
Осылайша еңбеккер ана ойламаған жерден бағы жанып, жоғары марапатқа ұсынылып кетті. Бірақ тісжарып ешкімге ешнәрсе деуге болмайды, дымымыз ішімізде жүре бердік. Сол 1972 жылдың 13 желтоқсанында КСРО жоғары кеңесінің бұйрығы шықты. Жоғары атаққа ие болғандардың ішінде Қызылорда облысынан Шырынкүл Қазанбаева мен Ұлбала ­Алтайбаева­­ бар екен. Бұл аудан жұртшылығы үшін үлкен қуаныш болды. Бір колхоздың, бір бригаданың екі диқаны бірдей Социалистік Еңбек Ері атағын иеленуі бұрын-соңды Сыр өңірінде болмаған жағдай еді. Мұның сырын аудан басшылары мен бюро мүшелері де білген жоқ. Білетін екі-үш адам тыйым салынғандықтан айта алмадық. Одан бері арада қырық жылдай уақыт өтті. Айтудың орайы енді келді...» деп әңгімесін аяқтады жауапты қызметкер.
1973 жылдың көктемінде Орекең өзінің бұрыннан көзі түсіп жүрген аруы Мәрия Пірманқызына үйленді. Жас мамандарға аудандық комсомол комитеті комсомолдық үйлену тойын жасап берді. Ауданда бұған дейін мұндай той болмаған екен.
«Құтты болсын бүгінгі жастар тойы,
Қосылған екі жастың арман-ойы.
Сыр бойы тойға түгел келіп отыр,
Бас қосып әр ауданның мықты сойы...»
Екі жастың комсомолдық үйлену тойын басқарған асаба, колхоз комсомол комитетінің хатшысы, бүгінде Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері Есіркеп Шәдібекұлы тойды осындай ойлы да ойнақы жырмен екпіндете ашқанын есіне алады. Алғашқы шумағы ғана ойында қалыпты.
Құдай қосқан қосағы Мәрия ханым бір көркем жан. Жан-дүниесі де көркем. Жүзінен нұры төгіліп тұрады. Мәрияның әкесі Пірман Аманбаев – саналы өмірін болат жолдың бойына арнаған азамат. «Қазақстанның Құрметті теміржолшысы» төсбелгісін төсіне таққан майталман. Анасы Зағипа 3 ұл, 7 қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеген батыр ана. Көпбалалы отбасынан шыққан М.Пірманқызы барған жерін жатсынған жоқ. Ағайын-туысы мен жора-жолдастарын құшақ жайып қарсы алады. Қайындары, абысындары мен келіндері алдынан кесе өтпейді. Мәрия екеуі 5 перзент тәрбиелеп-өсіріп, олардан 15 немере сүйіп отыр.
Соңғы жылдары Ұлекең жасының ұлғаюына байланысты жүгері өсірумен айналысты. Күріш сияқты күндіз-түні суда тұрған дақыл емес, уақытылы суын бересің, арамшөптен арылтасың. Бейнеті күріштен ауыр емес. Бұл салада да табыссыз болған жоқ. Жүгері егістігінің әр гектарынан 190 центнерге дейін өнім алды. 1978 жылы одақтық дәрежедегі зейнетке шықты. Бірақ еңбекпен етене өскен Батыр ана зейнеткер атанса да, еңбектен қол үзген жоқ. Қарт Қаратауды бөліп ағып жатқан Ақбұлақ өзенінің бойынан алма бағын өсірді. Бұл жұмыста еңбеккер анаға жұбайы, ғалым-агроном, ұзақ жыл өзіне кеңесші, басшы әрі қосшы болған Сұлтанхан Төрениязов пен балалары қөмекші болды.
Бірде аты аңызға айналған халық батыры, кейіннен Кеңес одағының батыры атанған Бауыржан Момышұлының келіні жазушы Зейнеп Ахметова әйгілі диқан ананы алмабаққа іздеп келеді.
– Сол кезде бір тосын әрі қызық оқиға орын алды, – деп Оралсейіт ақсақал өткен жайтты есіне түсіріп тағы да әңгімеге аралас­ты. – Ұлекең жуылған киімдерді жіпке тізілген жерінен жинап жүреді. Қараса, ішкі киімінің біреуі көрінбейді. «Қалай түсіп қалды екен, қыстырғышпен дұрыстап қыстырып едім ғой» деп ағаштың арасынан іздей бастайды. Зейнеп апа бақтың ішін тамашалап жүр екен. Ананың әлденені іздеп жүргенін аңғарып, сырттай бақылап тұрады. «Шамалы іздеп, сосын қояр» деп ойлайды. Бірақ Ұлекең тоқтамай іздей береді. Таппай қоймасын білгесін қасына келіп:
– Ұлеке, нені іздеп жүрсіз, бір затыңызды жоғалтып алдыңыз ба? – дейді жорта сұрақ қойып.
– Киімімнің біреуі жоқ, соны іздеп жүрмін. Әлгінде ғана тұр еді, – дейді Ұлекең іздеуін тоқтатпай.
– Ұлеке, әуре болмаңыз, ол затты мен алған едім...кешіріңіз, – дейді жазушы күмілжіп. – Ырым етіп алдым. Ырымға алған затты сұрап емес, білдірмей алады. Жаңасын емес, әбден тер сіңген ескісін алу керек. Жаңасын алу – ұрлыққа тән. Ал сұрап алу, қалап алу деген сөз. Ол ырымға жатпайды.
80 жылдан аса өмір сүрген диқан ана ол ырымды білмейді емес, біледі. Дегенмен жілікті шаққандай, шағып айтқанына тәнті болып:
– Көрген де, естіген де жоқпын. Ырымың қабыл болсын, – дейді бетінен сүйіп.
Орекең бұл күнде еліміздің оңтүстік астанасы – әсем қала Алматы аясында бәйбішесі Мәрия сұлу екеуі балаларымен және немерелерімен бірге тұрып жатыр. Жеті белден аман-есен өтіп, 70-тің желкенін керіп отыр.
– Адам ұрпағымен өседі, өнеді, «Жақсы әке баласына 40 жыл азық.» деген ғой, ал ұрпағы өнегелі болса, ата-анаға абырой. Анам Ұлбала мен әкем Сұлтанханның 13 перзентінен тараған ұрпақтың ұзын саны 100-ге жетті. Олардың дені Алматыда, қала маңында өмір сүріп жатыр. Төлбасы болғандықтан да соларға қамқоршы, ақылшы болу, ата дәстүрге адал болуға, әке-шеше даңқына дақ түсірмеуге бағыттау негізгі міндетіміз. Мәрия екеуміз осы мақсаттың үдесінен шығу жолында тер төгіп жүрміз. Анамыздың аз-кем еңбегін елеген, елдің ыстық ықыласына бөлеген киелі Шиелі біздің әрқашан жадымызда жаңғырып тұра бермек, – дейді тектінің тұяғы Оралсейіт ақсақал сөз соңында.


Cәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстанның құрметті журналисі»
төсбелгісінің иегері.
АЛМАТЫ

24 қыркүйек 2019 ж. 792 0