Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлердің айтары бар

Ардагерлердің айтары бар

Апта басында қазыналы елдің қарттары ардагерлер үйінде бас қосып жиын өткізді. Онда бүгінгі таңда өзекті саналатын 4 мәселе қаралды.
Қазақ – аталы сөзге тоқтаған халық. Қариясын құрметтеп, төрден орын беріп, бата сұрауы да бекер емес. Көрген-түйгені көп ақсақалдардың ел ісіне араласып, жанашырлық танытып жөн сілтеуі – бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Шиелі ауданының ардагерлері Әлияр Сейітовтың ұсынысымен Әбдішүкір Батырбаев, Өмірзақ ­Исаханов, Алдан Смайлов, Барлыбай Мұсаев т.б ардагерлер басқосқан жиында бірінші заңсыз балық аулау мәселесін көтеріп, алдын-алу жолдарын қарастырды. Адам баласы өзінің болмашы санаған бір ісімен қоршаған орта мен табиғат байлықтарына орасан зор зиян тигізіп жатқанын аңғара бермейді. Бүгінде электр тоғын пайдалану арқылы балық аулаумен айналысып жүрген аудан тұрғындары жайлы естіп-көріп келеміз. Алайда, «аш құлақтан – тыныш құлақ» деп бұқпалап ­отыра берсек, балық атаулы жойылып, ақбөкендер секілді қызыл кітапқа еніп кетпеске кім кепіл?
Сөзімізге дәйек ретінде жуырда жүргізілген Шиелі ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірлескен рейдті айта кетейік. Тексеру барысында Бестам ауылының тұсындағы Телкөл каналының жағасында заңсыз электр тоғын пайдалану арқылы 30 кг-нан аса балық аулаған аудан азаматтары ұсталды. Осындай бассыздықпен әр ауылда 1-2 бригада айналысып жүргенін көпшілік білгенімен, атын атап, түсін түстеуге келгенде үнсіздік танытып отыр. Сондықтан арнайы ұйым құрып не болмаса көлдердің егесін тауып, каналдарды километрлеп жеке адамдар қарауына берген жөн. Осылайша жағасына ағаш егіп, гүл отырғызып, игілікті іске жұмылдыру қажет. Әрі судың да сұрауы, балықтың да қарауы болады. Бұл ардагерлер отырысындағы Б.Мұсаевтың ұсынысы.
Отырыста көтерілген екінші мәселе автотұрақ, саяжай маңындағы олқылықтар болды. Нақтырақ айтар болсақ, көпшілік ортада міз бақпастан карта ойнап тұратын такси жүргізушілері хақында. Еңкейген кәріден енді мектеп табалдырығын аттаған балақайлар да сол жерден күніне 2-3 қайтара өтетіні белгілі. Себебі, арғы жанында мектеп тұрса, бергі жағы базар сауда орталығы. Халық үзілмейтін сол жерде көлігінің жүк тасығышын ашып жіберіп, құмар ойын ойнауы, ақша үшін айқайласып, дөрекі сөздермен аяқталуы айтпаса да белгілі дүние. Осындай олқылықтардың орайын келтіріп, тәртіпті күшейтер күн жеткен сыңайлы десті жанашыр ардагерлер.
Күн тәртібінде көтерілген тағы бір мәселе қауын, қарбыз, бақша өнімдерін өткізетін арнайы сервистік ұйымдар ашу қажеттігі төңірегінде болды. Ала жаздай күнге кетпенін сүйдіріп, жүзін күйдірген диқан қауымының еңбегі өлшеусіз. Су кешіп, атыз жағалаумен бел жазбай жазды өткеріп, өнімін жиып-тергенімен өткізер жер таппай қиналатыны тағы бар. Енді бірінің есіл еңбегі еш кетіп, өнімі іріп-шірісе, бірі жол бойын жағалап тұтынушы іздеуге мәжбүр. Бұл – жылда қайталанып келе жатқан құбылыс. Осы орайда ірі сауда орындарымен келісімшарт жасау жайын ескеру керектігін назарға салды ардагерлер. Жиында бүгінгі күн бұрынғыдан өзгерек. Әлеуметтік желі мен интернет сауданың қарқыны жойқын. «Шиелі өнімдері» немесе басқаша атау арқылы өз қазынамызды өзгеге жарнамалауға ден қойылса деген ұсыныстар бір ауыздан құпталып жатты.
Келесі мәселе мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалалар жайында өрбіді. «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деп Әзілхан Нұршайықов айтқандай, басылым бетінде басылған кез-келген мақаланың артында халық пен билік тұрады. Екі арадағы алтын көпірді ұстап тұрған журналистер қауымының еңбегі бір төбе. Аудандық «Өскен өңір» газеті аптасына 2 рет жарық көреді. Әр нөмірінде «тиісті сала басшысына», «депутат назарына» немесе «кәсіпкерлер қарасын» т.б түрлі рубрикалармен өзекті мәселелерді көтеріп жариялағанымен, «маман жауабы» деп жауап қатқан жанды көре алмай келе жатқандығын жеткізді бір топ ардагерлер. Жиында Ә.Батырбаев «Ауданның «Құрметті азаматтары» қайда? Осындай мәселелерге халқына жақын депутат, жауапты маман, белсенді жас, ойшыл оқырман неге үн қоспасқа? Тиісті органның аты аталып, түсі түстелгенімен, жауап бермесе тиісті шара қолдану керек» деп өз пікірін де білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбдірахманов көтерілген мәселелердің өзекті екендігін айтып, ондағы өтетін алқада қайта қарайтынын жеткізді.

P/S: Саналы ойымен, дуалы аузымен талай елді соғыстан, дау-дамайдан аман алып қалған ақсақалдар екенін тарихымыздан білеміз. Асыл сөздің құпиясына терең бойлап, қасиеті мен келбетін молынан сезінген халқымыз сөз өнері қонған кісіні «Құдай аузына сөз салыпты» дейді. Сөзге қатысты осы өлшемнен артық пәтуа жоқтай. Сөзге тоқтаған халықтың бұл мәселелерге де бейжай қарамайтынына сеніміміз кәміл.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
24 қыркүйек 2019 ж. 451 0