Ардагерлер ұйымы – ауызбіршіліктің ұйытқасы
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев апта басында ауданға іссапармен келді.
Сапарын Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаевтың бейітіне Құран бағыштаудан бастаған ардагер Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде диқанның еңбектерімен, жетістіктерімен танысты. Содан соң аудан әкімі Әшім Оразбекұлы Өмірзақ Озғанбаевқа атақты күрішші Ы.Жақаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған арнайы төсбелгіні табыстады.
Бұдан кейін көш кентке қарай бет алды. Бағыт – аудан зейнеткерлерінің бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, денсаулығын ретке келтіріп, уақытын тиімді өткізуге арналған маңызды нысан «Думан-Шиелі» ЖШС мекемесі. Орталықтың жұмысын көріп, бағдарлап шыққан Ө.Озғанбаев қызметкерлердің еңбегін жоғары бағалап, «Аудан қарияларының алғысына бөлене беріңдер» деген тілегін айтты. Содан соң ардагерлер үйінде аудан қарияларымен жүздесті. Өндірісі мен кәсіпкерлігі қарқынды дамып жатқан Шиелі жұртшылығының еңбекқорлығына риза екенін жеткізген ардагер, «Ардагерлер ұйымының» бүгінгі ахуалы, алдағы жұмыс жоспарлары жайлы әңгімеледі. Содан соң аудан қарияларының көкейінде жүрген мәселелері тыңдалып, жиын қорытындыланды.
«Өскен өңір» ақпарат