Тамыз кеңесі: білім саласында қандай бетбұрыс бар?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Республикалық тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде ұстаздардың арқасында тұтас бір буынның құндылығы мен қасиеті қалыптасатынын және «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті екенін нақтылай келе, 4 жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын 2 есеге арттыруды тапсырды.
Биылғы оқу жылы білім саласындағы ерекше серпіліспен басталуымен есте қалмақ. Ең басты екі жаңалық деп, бұрын-соңды болмаған педагог мәртебесі туралы қабылданатын жаңа заң мен 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың жаңа бағдарламасын атауға болады. Бұл туралы сәрсенбіде өткен аудандық тамыз педагогикалық конференциясында облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков айтты.
Тамыз кеңесіне қатысушылар үшін арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушыларының өнер, ғылым, білім саласында жеткен жетістіктері таныстырылды. «Bilim jáne ǵylym» деп аталған кеңеске аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, орынбасарлары мен барлық бөлім басшылары, кент, ауыл әкімдері, мектеп басшылары, ардагер ұстаздар және мұғалімдер, ата-аналар қатысты. Жиында білім саласының мәселелері талқыланды.
–Білім беруді цифрландыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Осы жылы Шиелі аудандық Оқушылар үйіне 11,6 млн теңге қаржы бөлініп, «IT IMAQ SHIELI» балалар технопаркі ашылды. Мұнда «3D-модельдеу», «Робототехника» және цифрлық зертхана кабинеттері жұмыс істеуде. Жаңашылдыққа жаны жақын, заманауи техникаға қызығушылығы басым балаларымыз осындай үйірмелерге қатысып, табыспен көрініп жүр. Биылғы мектеп бітірушілердің 275-і мемлекеттік грантқа ие болды. Оның ішінде 103 түлек «Серпін» бағдарламасы бойынша, 4 бітіруші әскери оқу орнының, 7-еуі ректор грантының иегері атанды. Сонымен қатар 86 түлек арнаулы оқу орындарының, 5-еуі ресейлік жоғары оқу орындарының бюджеттік топтарына қабылданды. 22 бітіруші облыс әкімінің грантына ұсынылды.
Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арыңдай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Яғни ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Қазақ халқы «Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады» дейді. Жас ұрпақтың тәрбиесі мен білімі, өмірі мен өнегесі баршамызға, әсіресе, ұстаз қауымына байланысты.
Сондықтан жаңа уақыттың сұранысы – жаңа инновацияға сүйенетін тың бастамалар. Ертеңгі күннің еншісі – бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланатынын ескерсек, барлық үміт те, тілек те бүгінгі ұстаздың ұлағатында, – деген ауданның бас ұстазы аудан бойынша оқушылардың білім сапасы 58 процентті құрап отырғанын айтты.
Одан соң сөз Б.Жәнібековке берілді. Ол білім басқармасының жергілікті әкімдіктермен бірлесіп атқаратын жаңа міндеттер мен стратегиялық басымдықтарды саралап шықты. Биыл 1 қыркүйектен бастап балаларды ерте жастан дамыту бағдарламасы енгізілмек. Сондай-ақ балабақшаға бару кестесі өзгереді. Яғни бүлдіршіндер бұрынғыдай 3 жастан емес, 2 жастан бастап балабақшаға қабылданады.
– Биылдан бастап 9 сынып оқушылары функционалды сауаттылыққа негізделген жаңа форматтағы мемлекеттік емтихан тапсырады. Наурыз айынан бастап республикада алғашқылардың бірі болып мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесі электронды түрде жүргізіле бастады. Қазіргі таңда осы жүйе арқылы облыс бойынша 129 мұғалім жұмысқа орналасты. Цифрландырудың мақсаты – толық ашықтықты қамтамасыз ету. Министрліктің тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарының штаттық кестелері, квалификация, қаржы жоспары туралы мәліметтері ресми сайттарда орналасатын болады. Облыста балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші төмен деңгейде қалып отыр. Сондықтан аудан әкімдігінен қосымша білім беру ұйымдары мен мектептерде техникалық, өнер, спорт, туризм үйірмелерін дамытуды қолға алуыңызды сұраймын, – деді.
«Келешектің білім беру ресурстары мен технологиялары» тақырыбында №41 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Елжасарова, «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында №156 орта мектептің мұғалімі Гүлбахрам Қайықбаева, «Жастарға жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында №47 мектеп-лицей мұғалімі, жас ұстаз Тұрғанбек Бекзақ баяндама оқып, білім саласына қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиын соңында жаңа оқу жылында білім саласының жұмысын жандандыруда қандай міндеттерді іске асыру керек, қандай мәселеге көңіл бөлу қажеттігі жайлы аудан басшысы хабарлады.
–Қазіргі заманның басты талабы – жаңа заманның жаңа шақыруларын қабылдай алатын зерек оқушыларды дайындау. Бұл міндеттер мен ерекшеліктер әрбір білім беру ұйымына қатысты. Сондықтан алдымызда маңызды мақсаттар тұр, – деген аудан әкімі биыл ҰБТ қорытындысында облыс бойынша Шиелі ауданы көш соңында қалып отырғанын айтып, ұстаздар қауымына білім сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс істеуді тапсырды.
Бүгінде ауданда апатты мектептер мен үш ауысымда оқитын білім ордалары жоқ. Дегенмен бұл мәселеге бей-жай қарауға болады деген сөз емес. Соңғы уақытта өңірде мектепке қабылданатын оқушылар саны артып келеді. Осыған орай дәл биыл болмаса да, келер жылдары №48 және №46 мектептер үш ауысымда оқуға көшу еді деген болжам бар. Бұл мәселенің алдын алу қажеттігін айтқан Ә.Оразбекұлы №48 мектеп жанынан 300 орындық қосымша мектеп құрылысы жүрып жатқанын, бұл жағдайдан №46 мектепте қалыс қалмайтынын жеткізді. Сондай-ақ білім саласының ардагері Рахым Мауияев мұғалімдерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, батасын берді.
Шара соңында өткен оқу жылы бойынша нәтижелі жұмыс жасап, көзге түскен бірқатар сала мамандары марапатталды. Кезекті тамыз педагогикалық кеңесі мәдениет қызметкерлерінің концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Гүлхан ЯХИЯ