Бабасейітке келген көсем

– Шал-ау, алыстан шаңдатып, екі адам келеді. Қарашы! – деп үйге қарата дауыстады. Әкем де, мен де үйден шыққанымыз сол еді. Бірі – есікпен төрдей сұлу, сәнді күрең айғыр мінген орта жастан асқан кісі, екіншісі – сүліктей қара қарагер атқа мінген, сұлу қара мұртты, кең маңдайлы дембелше, орта бойлы жігіт екен. Біздің үйдің қасына жақын келіп, аттарынан түсе бастады. Әкем олармен кезек-кезек құшақ айқастырып, амандасып емен-жарқын болды. Мен аттарын белдеуге байлауға кірістім. Мәртебелі меймандарды үйге бастағаны сол еді, самаурын қойып жүрген жеңешем үлкен кісіге сәлем жасап, ал сұлу мұртты жігітті бұрыннан танитындай қол берісіп жылы амандасты. Қонақтар үйге жайғасқан соң, шай келіп, жеңешем кең дастарханға бауырсағын, күлшесін, ірімшігін молынан қойды. Ыстық, қою шай ішіліп, маңдайлары жіпсіген екеудің бірі – Шоқайхан сөз бастады.
– Қалдыбай шырақ, біз мына Мұстафажан екеуміз елдегі болып жатқан жағдайларға байланысты халықты хабардар ету үшін, ауылдарды аралап келеміз. Жаңа үкімет те біздер ойлағандай емес, халқымызға еркін өмір сүру құқығын бермей, өз уысында ұстағысы келетін көрінеді. Қалғанын Мұстафажан өзі айтып берсін, – деді. Осы сәтте малдас құрып, төрде отырған сұлуша келген жігіт орнынан бір қозғалып:
– Қалдыеке, қазіргі елдегі жағдай айтарлықтай мәз емес, ушығып барады. Орыстар өз үстемдігін тоқтатар түрі жоқ. Қарапайым халықпен санасқысы да келмейді. Большевиктердің істері жөнінде Петерборда не көрсем, елімізде де соның кесірін көріп жатырмын. Бұл ұлтымызға еш нәтиже әкелмейтін халыққа берері жоқ жүйе, солақай саясат. Менің түсінігімше, осындай болып тұр. Әңгімеге сәл де болса, әкем араласып:
– Енді не істемек ойың бар? – деді.
Ол болса: Қызметімде жүріп, елімнің амандығы, бостандығы үшін күресе беремін. Большевик солдаттарынан өміріме қауіп төнерін білсем, шет ел асып кетемін, – деді.
– Олар түр-әлпетіңді танып қойса ше, ұстап алады ғой? Өзіңе сенімдісің бе?
Мұстафа байыппен:
– Төлқұжатымды, фамилиямды, атымды өзгертіп, бет-жүзімді гримдеп, парик киіп, пойызда басқа тілде сөйлеп өтемін.
Әкем грим, парик деген сөздерін түсінбей қайта сұрады. Мұстафа болса, түсіндіріп, олардың не екенін айтып берді. Сәлден соң дастарханға бата жасалып, меймандар сыртқа шықты. Мен де соларға ілесіп, бірге жүрдім. Есік алдында Мұстафа аға менің басымнан сипап:
– Ой, мына жігіттің әдемісін-ай, атың кім? – деп сұрады.
– Атым Әбілқасым, аға! – дедім.
– Бәрекелді, жақсы ат екен, – деді.
Мәртебелі меймандарды құрмет тұтқан әкем оларды жібергісі жоқ. Қона жатып, ертең-ақ қайтуларын өтініп, сыйлы туыстарына арнап, мал шалатынын айтты. Сөйтті де, үлкен албардың бір шетіндегі шағын қорада күйі келісіп тұрған көп ісектің бірін жетелеп, әкеп жығып, Шоқайхан ағасына қарап, бата беруін сұрады.
Шоқайхан:
– Ықылас ниетіңе Алла разы болсын! Әумин! – деп екі алақанымен бетін сипады. Мал сойылып, жеңешем қазан көтеріп, әуелі қуырдақ пісіріп, соңынан ет асып, сол күні ол кісілер біздің үйге қона жатып, ертесіне кіші сәске кезінде жолға шыққан еді. Әкем болса, Шоқайхан ағасының үстіне бағалы шапан, ал атына парсының қалы кілемін жауып, шығарып салғаны есімде.
Қоштасарда Мұстафа ағаның әкеме айтқан мына сөзі жадымда қалып қойды.
Ол:
– Қалдыеке, естіп-білгеніңіздей, тағы да айтарым, малдарыңызға, жандарыңызға абай болыңыздар! – деген еді.
Осыны айтып, жолға түскен оларға қиылып, ұзақ қарап тұрдым.
«Бұдан кейін ол ағаны көрмедім де, ол жайлы ештеңе естіп, білмедім де» деп әкем әңгімесін аяқтады.
Әлібек Әбілқасымұлы,
Ортақшыл ауылы