Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақты ата деген кім?

Бақты ата деген кім?

Мен қолыма қалам алып осы жазбаны жазушылық немесе журналистік қабілетімнің асып-тасып бара жатқанынан жазып отырған жоқпын. Кейінгі ұрпақ біздің ата-бабаларымыздың кімдер екенін, рухымыздың кім екенін, өзімнің шама-шарқымша айта кетуді ұрпақ алдындағы борышым деп санадым. Менен кейінгі ұрпақ осының жалғасын әрі қарай жалғастырар деген үміттемін. Жетпіс жыл үстемдік қылып ыдыраған Кеңес үкіметінің орнына бірнеше тәуелсіз мемлекеттер орнады. Соның бірі – Қазақ халқы егеменді ел болып, өзіндік мемлекет құрып, өз ұлтының ұмыт қалған әдет-ғұрыпын, тілін, дінін, ұлттық дәстүрін қайта қалпына келтіруде. Сондай саналы шаруаның бірі – туған жердің киелі жерін жан-жақты зерделеу.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында бүгінде еліміздегі тарихи ескерткіштер мен киелі жерлердің мән-маңызы жан-жақты зерделеніп жатыр. Сондай тарихы орынның бірі – Қызылорда облысы Шиелі ауданы, Қызылқайың ауылындағы «Бақты ата мазары». Осы жерде Бақты ата деген кім? Қайдан шыққан? Аталған ескерткіш мемлекет қарамағына не себепті алынған? деген сауалдар қойылады. Бұл сауалдарға бір-бірден жауап берейін. Мен есейіп өзіме-өзім келген соң әкемнен ата-бабам туралы сұрағанымда ол өзінің әкесі Нұрмырза оның әкесі Баян деген кісі, Баянның әкесі Медет, Медеттің әкесі Есенгелді, Есенгелдінің әкесі Ұзын, Ұзынның әкесі Торы, Торының әкесі Алтыбас екенін айтқан болатын. Нұрмырзадан екі ұл, бір қыз дүниеге келді. Алтыбас руынан дүниеге келген Нұрмырза жеті жыл жаяу жүріп Меккеге барып, қажы атанған. Сырдария етегіндегі Қызылқайың деп аталатын жерден халық білім алатын мешіт салдырған.
Нұрмырза атам діндар, ғұлама адам болған екен. Ғұмырын халықты имандылыққа бет бұрғызуға, ұрпақ тәрбиесіне, адамдарды еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеуге арнаған. Халықты білімге тартып, ағартушылықпен айналысқан. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша мешіт ғимараты ауыл өндірісіне қажетті заттар сақтайтын қойма ретінде, соңынан тұрғын үй ретінде пайдаланылған. Күтім көрмеген әрі заман талабына сай қажеті жоқ деп танылып, төбесі құлап, ұзақ уақыт қабырғалары ғана сақталған. Нұрмырза қажы – діни ағартушы ретінде ел есінде қалған тұлға. Мешітте бірнеше жыл бойы тер төккен, жұртты имандылыққа үндеумен қатар, араб тілі мен дін сабақтарын өткізіп, шәкірттер тәрбиелеген көрінеді. Бүгінде мешіт күрделі жөндеуден өтуді қажет етеді.
Нұрмырза атам ағартушылық қызметпен қоса халықты еңбек етуге де тәрбиелеген. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген оймен жеміс ағаштарын еккен. Қазіргі уақытқа дейін Қызылқайың ауылында «Нұрмырза бағы» деген атпен жеміс бағының орны сақталған.
Әкемнің айтуы бойынша Нұрмырза атам отбасында да бақытқа ие болған екен. Ол алпыс жастан асқанша перзент сүйе алмаған. Жасы ұлғайған соң Меккеге барып, Алладан перзент сұрапты. Меккеге кеткен ұзақ сапарынан келгенше бәйбішесі Шонан әжем құлағына сырға салып, үйленетін қызды айттырып қойған екен. Жеті жылдық сапардан шалы аман-есен келген соң, халыққа пайдасы тиген шалым ұрпақ сүйсін, өсіп-өнсін деген оймен, сырға таққан қызды тоқалдыққа алып береді. Бірінші, екінші әжемізден перзент сүймеген атамыз үшінші әжемізден екі ұл, бір қыз сүйеді. Үшінші әжеміз балаларды дүниеге келтіргенмен бала үстінде дүние салып, үлкен әжеміз Шонан үш баланы өсіріп, 92 жасында қайтыс болады.
Осылай Нұрмырза қажы ел арасында ағартушылық қызметпен айналысып, ел алғысына бөленсе, бау-бақша егіп, Алланың назарына ілініп, қартайған шағында перзент сүйіп, үлкен бақытқа ие болған. Ел арасында осылайша «Бақытты ата» атанады. Бертін келе «Бақты ата» атанып кетеді. Бақты атадан өрбіген үлкен әкем Мырзаберді әкесі секілді мұғалім болып, Ұлы Отан соғысында Отан қорғауға аттанып, елге оралмады. Өз әкем Әмірхан мен да апам Орынкүл де Ұлы Отан соғысының ардагері атанып, бейбіт заманда екеуі де дүниеден озды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында бүгінде еліміздегі тарихи ескерткіштер мен киелі жерлердің мән-маңызы жан-жақты зерделеніп, жатқан шақта Қызылқайың ауылының ұжымшар төрағасы Өскен өз ұжымшарына Бақты ата есімін берсе, ауыл тұрғындары да ауыл мешітіне Бақты атаның есімін берген.
Нұрмырза қажының елге жасаған ағартушылық қызметін, еңбек сүйгіштігін құрметтеген ауылдың ақжаулықты әжелері Алтыбас Бақты атаның қорымына барып, бас иіп, Құран бағыштап отырады. Келер ұрпаққа мақтан етеді.
«Бақты ата» қорымында тастан қашалып жасалған құлпытас жақсы сақталған. Құлпытасқа аты араб харпімен жазылған және ру таңбасы салынған. Ел бағалаған Алтыбас руынан өсіп өнген Нұрмырза қажы қорымы, «Бақты ата» атағымен ғасырдан-ғасырға жетіп, мемлекеттің қарауына өтті.
Киелі жердің маңызын Алтыбас руынан шыққан Бақты ата жайлы сыр шертуге себеп болған. Қызылқайың ауылының ел ағасы, Өскен бауырыма үлкен алғысымды білдіремін. Жаратқан қазақтың кең пейіліне сай, дархан даласын нәсіп еткен. Сол жерде киелі де қасиетті, тарихи мекендер аз емес. Оның ішінде Қызылқайың өңірінде де кісі аяғын баспаған, тың, ғылым үшін зерттелмей жатқан ескерткіштің саны көп. Бір қуанарлығы, діни қайраткерлердің өмірі мен қызметін зерттеу және насихаттау жұмысы әрі қарай міндетті түрде жалғасады деп сенемін.
Қазір мен алпыстан асқан шағымда кейінгі ұрпаққа біздің ата-бабалардың кімдер екенінбілдіру мақсатында – рухани жаңғыру бағытында әңгіме өрбіту азаматтық борышым деп санап отырмын. Әкемнің айтуы бойынша:
– Сақталған бұл тың деректер қойын дәптерімде 40 жылдан бері сақталып келді. Ендігі уақытта келешек ұрпақ Нұрмырза қажы «Бақты ата» атағын қалай алғанын есте сақтап, баладан балаға жеткізер деген үміттемін, – дейді. 1973 жылы анам өмірден өтер алдында атамның басын көрсетіп, үлкен бақытқа ие болған Нұрмырза атаңның қабірін ұмытпа деп көрсеткен. Сол қабір бүгінгі таңда сол қалпында сақталған. Ол да болса атамның аруағының қасиеттілігін білдірер деп ойлаймын. Атамның аруағы қолдап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алтыбас руын елге танытқан бақты атамның аруағын қолдап келген көнекөз қарияларым аман болсын.
Халықтың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін мәдини мұра құрайды. Кез келген жат идеологияға қарсы тұра алатын да елдің ұлттық құндылығы мен мәдени тарихы. Сондықтан менің жазбамда төл мәдениетті дамытуға мән берілді деп ойлаймын. Елбасы ұлттық салт-дәстүр, тіл мен музыка, әдебиет, жоралғы, ұлттық рухы бойымызда мәңгі қалуы тиіс деп атап көрсеткен. Себебі бұл сала дамымаса ешқандай жаңғыру болмайды. Сондықтан әрбір өңір өз жерінің тарихын ерекше дәріптеу керек. ұрпақтарға түсіндіру керек.

Бекзатхан Әміраханұлы,
зейнеткер
02 шілде 2019 ж. 1 126 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031