Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық рухты ұлықтау – ұрпақ міндеті

Ұлттық рухты ұлықтау – ұрпақ міндеті



Тарихқа жүгінбесек, тарихқа үңілмесек, одан ғибрат алмасақ, Ұлы дала рухының асқақтап биік болуына талпынбасақ, ұлттық намысымыз, рух мінезді қайрап, қадір-қасиетімізді танытпасақ, халқымызды мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ екендігін танытып, егеменді ел етіп әлемге мойындатып отырған тал бесігіміз – Ұлы даламыз мүлгіп жата берер ме еді, бәлкім.
Осы ретте тұңғыш президент Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы дер кезінде жарияланып, тәуелсіз еліміздің ұланғайыр даласының әлем өркениеті тарихи дамуына шешуші әсер еткен кезеңдерін санамалап тұрып, санамызға құйып бергені де рас. Өтпелі заман, құбылмалы қоғам өткенімізге күйе жағып, бізге ескілік пен қараңғылықтың сарқыншағы бейіттерге жолама, мазараттардан, тарихи ескерткіштерден аулақ жүр деп үйретті. Ой санамыз құрсауланып, біздің көптеген ел мен жерге қорған болған батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз атаусыз қалып, ен далада төмпешікке айналып қала берді. Елбасы 2004-2015 жылдар аралығында «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынды. Осы бағдарлама аясында ұлт тарихына байланысты көптеген жаңалықтар жария болып, қызықты да, танымдық-тарихи материалдар жинақталды. «Ұлы даланың жеті қыры» осындай тарих қойнауында жеті қат жер астына көміліп қалған «Мәдени мұраларымыздың» жер бетіне қайта шығып халқымыздың рухани мол байлығы мен игілігіне айналдырар тамырымызға рухымызды оятар қан жүгіртетін өміршең бағдарлама. Біз қазір тарихи сананы жаңғырту арқылы, көне тарихымызға мойын бұрып, өз санамызды да жетілдіріп жатқанымызды аңғармай қалып жатамыз. Кешегі ұлы дала төсіндегі ел мен жер үшін болған шайқастарда батырларымыз бен билеріміз найзаның ұшымен, білектің күшімен, байтақ даласын қорғады. Жан беріп, жан алысқан ғасырлар бойғы қырғын ұрыстарда қаншама адамдар қырылып, қалалар, ауылдар өртеліп, жермен жексен болды. Бір ғана Сыр бойында үш жүзден аса қала мен елді мекендер болған екен. Олардың бәрі қайда кетті? Жер қойнауына, тарих беттеріне жазылып қалды. Бүгінде археологтар қаншама қалаларды жер астынан қазып алып, зерттеп, өз болжамдарын баспасөзде жариялап жатқандарынан хабардармыз. Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік қорғау тізіміне енгізілген тарихи-мәдени ескерткіштер саны – 48. Өмір заңдылығы сол – зат та, ескерткіш те тозады, адамның өзі өмірден озады. Әрбір адамның тарихи мұраларымызға көненің көзі, дананың ізі баға жетпес жаухар жәдігері деп танып оң көзбен қарайтын мезгіл жетті деп ойлаймын. Ауданда 3 ескерткіш республикалық маңызы ие.
Олар Асан ата кесенесі, Оқшы ата мазары және Сауысқандық шатқалындағы (Қаратау жотасы) жартастағы біздің эрамызға дейінгі ІІ мыңжылдық саналатын жазулар мен бейнелер (аңдар, жануарлар). Ал, жергілікті бойынша 26 ескерткіш бар. 2006 жылы Асан ата мен Оқшы ата ескерткіштеріне республикалық бюджеттен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Біздің тарапымыздан барлық тарихи мұралар тексеріліп, қадағаланып отырады. Көпшілігі қанағаттанарлық жағдайда тұрғанымен, ХVII- XVIII ғасырлардағы Бақты ата мазары, ХІХ ға­сырдағы Бәкі кесенесі, ХІХ ғасыр ескерткіші Қабыл ата кесенелері құлап, мүжіліп, құрдымға айналу қаупі бар. Бұларды жөндеуге, қалпына келтіруге арнайы мақсатқа қаражат бөлінуі қажет. Осы кесенелерді аудан көлемінде, басқа да жерлерде тұратын ұрпақтары немесе жергілікті жанашыр кәсіпкерлер табылып, ықылас-пейілдерін білдіріп жатса нұр үстіне нұр, аудан үшін асқан абырой болар еді. Мысалы, Қабыл ата кесенесі – Ортақшыл ауылдық округі, «Қызылқайың» елді мекенімен шығысқа қарай 20 шақырымда орналасқан. Бәкі кесенесі – Сұлутөбе ауылдық округінде, «Телікөлден» солтүстік батысқа 15 шақырым жерде тұр. Ал, Бақты ата мазары Ортақшыл ауылдық округі, «Қызылқайың» солтүстікке 800 метр қашықтықта жатыр. Мақсатымыз - көне тарихи жәдігерлерді мүмкіндігінше қалпына келтіріп, келешек ұрпаққа аманат ету болып табылады. Сол ауылдардың ақсақалдары мен үлкен кішілері бірлесіп бастама көтеріп жатса, өткеніміздің жаңғырып, өшкеніміздің жанғаны болатын барынша сауапты да ізгі амалымыз болатыны сөзсіз. «Жастар жылына» орай, жастарымыз да мән беріп атсалысып жатса құба құп. Елбасы айтқандай: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін». Өткенін мақтан тұту арқылы бүгінгіні бағалай білу абыройлы іс болары анық. Оған қосып, аларымыз жоқ. Өткен жылы Есабыз кесенесіне оның ұрпақтары бастамасымен бүкіл ел болып жаңғырту жұмысын жүргізгені көпке үлгі боларлық үлкен өнеге. Есесіне, бабамыздың жатқан жеріне нұр жауып, кесенесі көріктене түсті. Рухымыз әрдайым биік болсын!

Айнұр Әбілдаева,
аудандық мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің әдіскері.

16 сәуір 2019 ж. 920 0