Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек ептілікті сүйеді

Еңбек ептілікті сүйеді


Елімізде кәсіпкерлік саласының көкжиегі кеңейіп, өркен жайып келеді. Себебі, ебін тауып, еңбек еткенге мүмкіндік мол. Шиелі ауданында да өзінің қабілет-қарымы мен көздеген мақсатқа жетемін деген еңбекқорлығын дұрыс пайдаланып, несібесін кәсіптен тапқандар жетерлік. Ендеше, біз бүгін кірпіш өндіру кәсібі мен осы жолда табыс тауып жүрген кәсіпкер туралы тарқатпақпыз.
Марат Палжанов «Даму» қоры арқылы 9 млн теңге көлемінде субсидия алып, қыш өндіру ісін бастаған. 7 ай ішінде 450 мың қам кесек өндірген кәсіпкердің өндірісі өрлеуде. Соның арқасында қазіргі таңда 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Негізі кірпіш өндірумен айналысып жатқаныма 15 жылдың жүзі болды. Кірпіштің кесек және қыш түрін шығарамын. Алғаш Қызылорда қаласында кішігірім жерді жалға алып, жұмыс істеп жүрдім. Кейін 2012 жылы кәсіпкерлікке қолдау бар дегенді естіп, жан-жақты іздендім. Нәтижесінде Жуантөбе ауылдық округінен 5 га жер алып, өз ісімді бастадым. Барлық кірпіш өндіруге қажетті аппараттарымды көршілес Қытай елінен алдырттым. Тынбай еңбектенудің арқасында тұрақты тұтынушыларым да пайда болды, – дейді кәсіпкер.
М.Палжанов осы жылдың басында Қызылорда қаласындағы «Сәт-Сервис» мекемесімен 800 мың теңгеге келісім шартқа отырған. Одан бөлек өндірген кірпіші Жаңақорған ауданы мен Түркістан қаласында да сұранысқа ие екен. Айтуынша, жаз мезгілі құрылысқа ыңғайлы, тиімді болғандықтан, кірпішке сұраныс жоғары болады.
– Кірпіш өндіруде ең әуелі сапаны бірінші орынға қоямыз. Кірпішті 920 градустан 980 градусқа дейін біртіндеп қыздырып, бақылаймыз. Яғни қыздырудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Бір сөзбен айтсақ, өте тиянақтылықты, ептілікті қажет ететін шаруа. Қазіргі таңда қам кесектің құнын 16 теңгеден, күйдірілген қыш кірпішті 35 теңгеге сатып жатырмыз. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытқым келеді, – дейді кәсіпкер.
«Еңбекпен келген нан тәтті» деген қанатты сөздің мәні мен мағынасын кейіпкеріміздің істеп жатқан тіршілігіне көз жүгіртсеңіз, түсінесіз. Өйткені, таңнан кеш қарайғанға дейін ешкімге алақан жаймай, өзінің кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал біз болашақта бизнестің баспалдағынан жоғары көтерілуді көздеген кәсіпкердің ісіне береке тілейміз.

Фариза
КЕНЖЕШОВА

20 тамыз 2019 ж. 2 668 0