Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелінің адал перзенті

Шиелінің адал перзенті

Кеше ғана бірге жүрген әріптесің, досың жайлы естелік жазу қиынның қиыны екен. Аудан айнасы саналған «Өскен өңір» газетін отыз жылдан аса басқарған Зәкім Жайлыбаев ағамыздан соң басылымның бас редакторы тізгінін қолына алған Алтай аға жолын жалғастыруға тырысты.

Тәуелсіздіктен кейінгі еліміз басынан кешірген жекешелендіру, нарыққа бейімделу – қай мекеменің болса да болашағы бұлыңғыр кезі болатын. Сын сағаты туындағанда аудандық газеттердің жабылып қалу қаупі де кетәрі емес еді. Алда аудандық «Өскен өңір» газетінің редакция ұжымын сақтап қалу міндеті тұрды. Осы тұста Алтай жастық жігер таныта білді. Аудан басшыларымен тіл табыса отырып, редакцияның миллиондаған қарыздарын жауып, нарық көмбесінен алып шықты. Бұл жерде мекеме есепшісі Бибізада Бегімбетованың нарық заманына бейімделген бухгалтерлік сауаты айрықша орын алды. Газет жаңа тыныс алып, өмір сүруге талпынды, алға ұмтылды. Сол кезеңде Алтай Айып ерлік жасаған ерлердей, Отанын жаудан қорғаған Қобыланды, Алпамыс батырлардай көрінген. Жұрт болса оны нарықтық заңдылығына жатқызып, қоя салған тұғын. Егер Алтай газетті тығырықтан алып шықпағанда, оның тарихы сол жерден тоқтап, басқаша күй кешіп жатар ма едік, кім білсін? Бұл оның басты ерлігіне жататын. Егемендік алғанша елімізде көптеген ұлт-азаттық қозғалыстар бой көтерді. Солардың бірі – «Азат» қоғамдық қозғалысы болатын. Алтай қайсар, қайтпас, бірбеткейлігімен көзге түсіп, осы «Азат» қозғалысының Шиелі аудандық филиалының төрағасы болды. Орынбасары жалынды жас дәрігер Болат Күлімбетов екеуі аудан жастарын ана тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, қазақ ұлтының өзінің тарихи Отанында кемсін саналмауы жайлы түрлі іс-шаралар өткізіп, басылым беттерінде мақалалар жариялап, оған бізді де тартып, аудан тұрғындарының саяси көзқарасын ашқан тұстары да, оның азаматтық келбетін айқындай түсетін. Адам болған соң бәріміздің де бойымызда кемшілік болары анық. Алтай батыл болғанмен қызбалыққа көп ұрынатын. Осы мінез-құлқы басшылар тарапынан оған «дұрыс адам емес» деген диагноз қойылып, айбынды, ардақты, абзал азамат осы лақап атты о дүниеге өзімен бірге ала кетті. Оның батылдығы, айтар сөзі халыққа ұнағанмен, жоғарыдағылар тіксініп жақтырмайтын. Былайынша момын, ештеңемен жұмысы жоқ адамдай көрінетін Алтай Айып, жиналыстарда арқасы қозып, бетің бар, жүзің бар демей, айтарын айтып отыратын. Жиналыс – оның жыны болатын. Ал талантында шек жоқ еді. Алтай – кәсіби журналист, Алтай – ақын, Алтай – сценарист, Алтай – сатирик-жазушы, Алтай – әнші, Алтай – гитарист т.б. жағымды теңеулердің иесі болған, ақжарқын, аңқылдаған өнерпаз, жігіт сұлтаны атанып, Оралдың Жібектей ару қызын Жиделіарықтың абыз еліне келін етіп түсірген. «Өскен өңірдегі» «мұртты қара бала» деген осы Алтайдың өзі. Осындай бүркеншік атпен газет бетінде қаншама фельетон, сықақ өлеңдерін жариялады. Аудан КВН ойыншыларына сценарий жазып, олардың тақырыптық, тапқырлық сөздері мен өлеңдеріне дейін қағазға түсіреін. Ол ұйықтамайтын, шаршамайтын, бір қалғып алып, дым болмағандай жүре беретін. Сірі жанды болатын. «Сен не деген мықты адамсың?» деп, мен де таң қалушы едім. Алтай менің «Әкешім», «Ардагерлер», «Өшпес ерлік» секілді әндерімнің сөзін жазды. Кездескен сайын «Арнайы шығармашылық кешімді өткіземін, анау әндеріңізді орындатамыз, шамалы қалды» деп жүретін. Ой, Жаратқан! Енді сол Алтайдың бұ дүниеден озғанына да жыл толыпты. Өнер адамы, өнерпаз жан өмірден тым ерте озды. Зейнеткерлікке де шыға алмады. Ғұмырының соңғы жылдары айықпас ауруға, отбасылық қайғы-мұңға айналды. Алтай өзінің ұстамдылық, төзімділік қасиеттерінің арқасында жаны шыққанша өз ұжымымен, редакциямен бірге болды. Өмірінің соңына дейін қолынан қарымды қаламы түспеді.
«Өскен өңірге» қоғам қайраткері, газеттің бұрынғы редакторы Дүйсенбі Смайылов ат қойса, әйгілі журналист, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыров сәт сапар тілегін жазған. Шындығында Шиелі өсіп, өркендеп келе жатқан өңір еді. Бұл шаңырақан қазақтың көрнекті жазушы-ақындары, жерлестеріміз ­Оразбек Сәрсенбаев, Әбділдә Тәжібаев, ­Нартай ­Бекежанов, Сейтқасым ­Сейтенов, Тілеген ­Шопашев, ­Абдулхамит Исаев, Қуандық Түменбай, Серік Байханов, Серік Пірназар, Қатира Жәленова, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Мұрат Күлімбай, Ақайдар Ысмағұл, Зәкім Жайлыбай, Қаршыға Есімсейітова, Қанапия Дәрібаев, Нұртөре Жүсіп, Қуаныш Маханбет,Қуаныш Түменбай, Мәрия Жұматова т.б. секілді қырандар ұшып шыққаны белгілі. Алтай осылардың көзі тірілерімен үнемі сөйлесіп, хабарласып, шығармаларын сұрап, реті келсе, газетке басып отыратын. Бойында жазушылық, ақындық, өнерге тән қызғаныш болмайтын.
2009 жылы редакция құрамы өзгеріп, конкурс жарияланды. «Өскен өңір» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болып, нарық бағытын ұстанатын болды. Алтай Айып мекеме директоры, ал мен газеттің бас редакторы болып тағайындалдым. Алтай Айыппен бұған дейін де 2004 жылдары ол «Өскен өңірдің» жанынан тарихи-танымдық, «Шежірелі Шиелі» (редакторы Болат Күлімбетов), жастарға арналған «Жас­тар үні» (редакторы Өркен Исмаил) және орыс-қазақ тілдерінде жарық көретін «Кенді Шиелі – Рудний Шиели» (редакторы Мақсұт Ибрашев) қосымша газеттерін айына екі рет шығарып, бірге қызметтес болған едік. Ол көпшіл болатын. Жұмыста түнімен газет шығарып, таңертең қызметінде отыра беретін. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген мәтелді аузынан тастамайтын. Теледидар шыққанда «Енді газеттер жойылады» деп еді, сандырақ, қайта газетті көбейтіп, халыққа жылдам ақпарат беріп отыруымыз керек. Газет – мәңгілік құрал» деп отыратын. Алтай редакция жұмысын басқара отырып, ауданның 80 жылдығымен тұспа-тұс келген «Өскен өңір» газетінің 75 жылдық мерейтойын ел қатарлы жақсылап өткізді. Ол алғаш рет «Өскен өңір» газетінің 75 жылдығына арнап «Өскен өңір» атты тарихи кітап жазып қалдырды. Бұл А.Айыптың артында қалдырған құнды шығармасы деуге болады. Ол тұңғыш 1939 жылы «Стахановшы», одан соң 1956 жылы «Коммунизм жолы» және 1963 жылдан «Өскен өңір» болып аталған сүйікті газетіміздің шежіресін жазып кетті. Алтайдың теңдессіз еңбегін айту да парызымыз.
Бір өкініштісі, Алтай Айып арманда кетті. Ол пісіп тұрған шағында шығармашылық есеп бере алмады. Оған денсаулық дес бермеді, ауру құшағынан шыға алмады. Қайран күндер алыстай түсті. Қазір мектеп оқушысы кезімде «Жас Алаш» газетінен жаттап алған ақын Асқар Тоқмағанбетовтің мына өлең шумағы есіме түсіп отыр.
Сен келген жоқсың өмірге,
Тек қана ішіп, жейін деп,
Келмеппең сен де туған еліңе,
Бірнәрсе дейін деп.
Айталмай кетпе, айтып кет,
Айталмасаң, қайтып кет!
Расында, Алтай бауырымыз енді мәңгілік қонысында. «Амандық болса, Жібектей жары, ұл-қыздары, інілері Алтайдың әлі талай шығармашылық кешін өткізер. Ғұмырының жартысын арнаған редакция ұжымы да қалыс қалмас. Алтайдың екінші өмірі басталар шақ алда. Жатқаң жерің жайлы, топырағың торқа болсын, жаның жәннаттың төрінде болсын, Алтай інім! Сенің туған жеріңе, халқыңа жасаған еңбегіңе Алланың нұры жаусын деймін. Ағаң Өркен!


Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
10 тамыз 2019 ж. 1 119 0