Өр Алтай
1990 жылы аудандық «Өскен өңір» газетінде «Азат не үшін күреседі?» деген көлемді мақалам жарияланып, аудан өңірінде үлкен резонанс туғызып, көкірегі ояу ұлтжанды Шиелі азаматтары хабарласа бастады. Аудан үшін бұл үлкен жаңалық еді. Мақаланың шығуына мұрындық болған жаны жайсаң аудандық газетте бөлім меңгерушісі болып жүрген Алтай еді. Содан Қазақ елінің тәуелсіздігі және жетімсіреп шетқақпай болып жүрген қазақ тілі, ділі, әдеп-ғұрпы мен дәстүрі жолында күресу үшін ауданда «Азат» азаматтық қозғалысын құрдық. Алтай «Бар қазағым – менің жалғызым», – дейтін Алаштың нағыз аптал азаматы еді. Бойында тұнып тұрған өршілдік, шыншылдық, әділеттің ала жібін аттамайтын, жағымпаздыққа соншалықты жиіркенішпен қарайтын керемет қасиеттерімен ерекшеленетін. «Азат» қозғалысының басшысы мен болғаныммен, бас идеологы Алтай болды. Аудан демократтарының жиі бас қосатын жері теміржол клубы, менің және Алтайдың кабинеті еді. Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезеңде тәуелсіздік үшін, қазақтың тілі мен дәстүрі үшін күресу ерлікпен пара-пар еді. Алтай сол күрестің бел ортасында жүрген лидерлерінің бірі де бірегейі болатын. Енді міне, өмірінің соңына дейін қыл қаламын әділет жолына арнаған ер Алтай, өр Алтай ортамызда жоқ дегенге кім сенеді? Алтайдың бұл жалған өмірден алғанынан әлі де берері көп азаматымыз еді. Өзіндік ой-пікірі бар, жалған өмірдің шынай суреткер жорналшылары қазіргі кезеңде некен-саяқ. Солардың арасында шоқтығы биік бірі де бірегейі ер Алтайым, хош бол! Жаның жәннатта, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын. Бақұл бол, өр Алтайым!
Болат КҮЛІМБЕТ,
«Гиппократ» орденінің, Қазақстанның «Алтын дәрігері» атағының иегері, еңбек ардагері.