ЖАНЫНА ҚАЛАМДЫ СЕРІК ЕТІП
Редакциямыздағы белді, қаламы жүйірік, әр жазған мақаласымен қоғамдағы келелі мәселелерді қорғап, жанына қаламды серік етіп, саналы ғұмырын журналистикаға арнаған Алтай Нұриддинұлы өмірден өтті.
Ол 1956 жылдың 9 шілдесінде Керделі ауылдық округінде туылған. Шиелі кентіндегі №45 қазақ орта мектебін 1974 жылы бітірген. Сонан соң Қарағанды облысы, Майқұдық қаласындағы №11 кәсіптік-техникалық училищесін тәмамдап, «Қазақстан магниткасы» аталған Теміртау қаласындағы «Қазмеханомонтаж» тресіне қарасты металлургия зауытында слесарь-монтажник, дәнекерлеуші болып еңбек жолын бастады. 1975-1977 жылдар аралығында Украинада әскери борышын зымыраншы ретінде өтеп, тәуелсіздік жылдарында соғыс ардагерлеріне теңестірілген, «Ерекше тәуекелді солдаттар» деп аталатын үкіметтік емес ұйымның мүшесі болды.
Әскер қатарынан оралған соң 1977 жылдан бастап Шиелі стансасында поезд құрастырушысының көмекшісі, поезд құрастырушы, жүк қабылдап тапсырушы, сигналшы, орталықтандырылған посттың операторы, 1 класты станса кезекшісі, коммерциялық бақылау пунктінің бригадирі, Ақтөбе стансасында кезекші қызметтерін атқарды. Теміржол тораптық комсомол комитетін, партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитетін басқарды. Өнерге, спортқа, шығармашылыққа жақын жас жастар ансамблін жасақтап, «Движинец» футбол командасын құрды. «Коммунистік еңбек екпіндісі», бірнеше рет «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісімен, «Өз мамандығының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, СССР жол қатынасы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және Батыс Қазақстан теміржол бөлімшесінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сол тұста «Гудок», «Болат жол», «Теміржол» газеттеріне мақалалар жазып, қоғамдық тілші атанды.
Соңғы қызмет орны аудандық «Өскен өңір» газетінде алғаш рет радио торабының меңгерушісі, коммерциялық бөлім меңгерушісі, транспорт және коммуникация бөлімі меңгерушісі, ауылшаруашылығы бөлімі, руханият бөлімінің меңгерушісі сынды сатылардан өтіп, газеттің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, редактор, редактор-директор, бас директор, бас редактор қызметтерін абыроймен атқарды. Екі орден, он шақты медальді кеудесіне тағып, ел оның еңбегін бағалады. Сонымен бірге, Елбасының, Министрліктердің «Құрмет» грамотасы, облыс әкімі, облыстық мәслихат, республикалық Журналистер одағы, аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясының «Құрмет грамотасы», Алғыс хат, мадақтамаларымен марапатталған. Отыздан астам ән мәтінін жазды. Жүздеген жыр шумақтары, әңгіме, очерктері бар. Республикалық, облыстық баспасөз беттерінде мақалалары бүгінгі таңға дейін тұрақты жарық көріп келді. Екі кітабы шығып, шығармалары ондаған авторлардың топтамасына енді.
Алтай Айыптың шығармашылығынан бөлек, саясаткерлік қыры да өз алдына бір төбе. Ол І шақырылған облыстық мәслихаттың, ІІ шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдік мәселелерді көтерген «Азат» қозғалысының аудандағы төрағасы, облыстық «Азат» қозғалысы төрағасының орынбасары болды. Сонымен қатар, Қазақстан журналистер, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Әлем халықтары жазушылар одағынын Қызылорда облысы бойынша төрағасы, Республикашылдар партиясының республикалық «Орда», «Қара шаңырақ» газеттерінің редакторы қызметін атқарған. Салауатты өмір салтын ұстанып, оны үзбей насихаттай жүріп, спорттың еркін күрес, бокс, жеңіл атлетика түрлерімен айналысты. «Жас дәурен» ансамблінің үрмелі оркестрінде ойнаған. Талай аудандық шаралардың сценариін жазып, көңілді тапқыштар клубының ауданда қанат жайып, жеңімпаз атануына атсалысты. Ол халықаралық журналистер конгресінің мүшесі, бірнеше рет «Үздік журналист» номинациясын иленді. Газет беттеріндегі шығармалары Әбу Алтай әл Керделі, А.Халықұлы, А.Азатұлы, А.Көпжасаров, А.Қыпшақбаев, Мұртты қара бала, А.Тайлақбаев, А.Алтаев, А.Тасболат секілді тағы да басқа көптеген бүркеншік аттармен жарық көріп келді. А.Айыптың сатирадан да алары бар. Оның адамға ой саларлық түрлі жанрдағы туындылары аудан жұртшылығына жақсы таныс.
Өмір бедеріне өз өрнегін салып, абырой биігінен көріне білген Айып Алтай Нұриддинұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.
«Өскен өңір» ұжымы.