Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Озық дәстүр – ұрпаққа үлгі

Озық дәстүр – ұрпаққа үлгі




Қазақ халқының қадым заманнан қаймағы бұзылмай келе жатқан салт-дәстүрі мен ырым-тыйымына зер салып қараңызшы. Бір ғана баланың дүниеге келуінде көптеген әдет-ғұрып жатыр. Тіпті жоралғылар сәби өмірге келмей тұрып, анасының жатырында жатқаннан-ақ басталады. Құрсақ шашу, жарыс қазан дәстүрлері соның айғағы. Одан кейін аяғы ауыр кезде келіншектің лас жерді баспауы, адал ас жеуі, таза жүріп, жылы сөйлеуі де баланың болашағы үшін өте маңызды. Ал шарана тар құрсақтан шығып, кең дүниеге келгенде орындалатын салттардың жөні тіптен бөлек. Тал бесіктен басталатын дәстүр жер бесікке дейін жалғасын табады. Ұлттық құндылықты ұйыған айрандай сақтап қалған ұлтымыздың бір ерекшелігі осы шығар, бәлки.

Бала тәрбиесінде елеулі орын алып, үлкен рөл атқаратын салттың бірі – тұсау кесу. Тұсаукесерді бүгінгі таңда орындамайтын адам жоқ. «Күрмеуіңді шешейін, тұсауыңды кесейін» деп әндеткен халық баланың ертеңін осы дәстүрмен тығыз байланыстырады. Сол себепті аталған дәстүрді жүрдім-бардым өткізбей, баланың аяғына байланатын жіпке дейін айрықша мән береді. Баланың тұсауын көк шөппен, малдың тоқ ішегімен немесе ала жіппен кеседі. Көк шөппен кескендегі мақсат – «туған елінің көсегесін көгертсін» дегені. Ал тоқ ішекпен кесу – «баланың іші-сырты майлы, өзі дәулетті болсын» деген тілекпен астасып жатыр. Қазір көпшілік қолданатын ала жіппен кесудің де астарында үлкен мән бар. Ол тәй-тәй басқан сәбиге «өзгенің ала жібін аттама, біреудің дүниесіне көзіңді тігіп, қолыңды сұқпа» деген тәрбиені береді. Тұсаукесер рәсімінде күрмеуді шешетін кісі де маңызды. Әсілінде ол елге сыйлы, көп жасаған болмаса да, көпті көрген, сол көргенін ойға түйе білген жан болуы керек. Сонымен қатар өнерлі яки білімді болғаны да артықтық етпейді. Елдің назарынан тұсау кесетін құрал да тыс қалған емес. Көбісі тұсауды қайшымен кескенді жөн санаса, кейбіреулер қайшы жас сәбидің жолын қайшылап тастайды деген ой түйген. Сондықтан тұсауды өткір пышақпен кес­кен дұрыс деп санаған. Сондай-ақ баланың аяғына байланған жіпті артынан немесе алдынан кесу де кез келген адам бей-жай қарамайтын үрдіс. Баланың тұсауын қарт кісі кесетін болса, арт жағынан кеседі. Ол «Бала артымда қалып, мен көргендей ұзақ өмір сүрсін» деген ниеттен туған. Ал орта жастағы адам тұсауды сәбидің жанынан, жас адам «Өзіммен бірге өсіп-жетілсін» деген тілекпен алдынан кескен.
Тұсаукесердің мән-мағынасы ғана емес, тарихы да тереңде жатыр. Ол біздің заманымызда Адам ата мен Хауа ананың жерге табаны тиген сәттен бастап пайда болған. Мұны «Салт-дәстүр сөйлейді» атты отбасы хрестоматиясында баяндалған аңыздан көруге болады. Адам ата мен Хауа ананы жер бетіне жіберер кезде Құдай оларға ескертіп:
– Некелерің қиылмай қосылмаңдар, – дейді. Адам ата мен Хауа ана: «Мақұл!» деп уәде береді. Бірақ, ол заманда Ібіліс малғұн атанып, оларды азғырып, тура жолдан тайдыруға серт берген кезі екен. Сол кезде Жаратқан Жебірейілге:
– Олардың аяғын тұсаула. Жерге табаны тиген соң, тұсауларын кес. Ібілістің азғыруына еріп, тура жолдан таймасын, – дейді. Жебірейіл олардың аяқтарын көк шөппен байлаған екен. Жерге түскен соң тұсауларымен қоса, некелерін де қияды. Тұсау кесер кезде Адам ата мен Хауа ананың арасы жеті қадам болған екен. Жебірейіл Адамды жеті қадам жүргізіп барып, Хауаға қосады. Осыған орай сәбидің тұсауын кесуші адам оны жеті қадам жүргізіп барып кесу салты сақталған.
Міне, осы сәттен бастап жаңа туған сәбидің табаны алғаш жерге тиген сәт тойға ұласып, салтты нақышына келтіріп орындайтын күнге айналыпты.

Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
06 тамыз 2019 ж. 1 244 0