Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЫЙЫМ ЖОҚ ЖЕРДЕ ТӘРБИЕ БОЛМАЙДЫ

ТЫЙЫМ ЖОҚ ЖЕРДЕ ТӘРБИЕ БОЛМАЙДЫ

Ұлы даланың жетi қыры


Елбасының «Ұлы даланың жетi қыры» бағдарламалық мақаласы төл тарихын, ұлттық дәстүрін, құндылықтарын бағалайтын және оны мақтан тұтатын әр қазаққа берерi мол бағалы дүние. 40 жыл ғұмырын шәкірт тәрбиесі мен біліміне арнаған ардагер-ұстаз, ҚР білім беру саласының үздігі Сейтхан Тұрысбекұлымен болған әңгіме ұлттық құндылықтар төңірегінде өрбіді. Әңгімеге парасатты педагогтың заманауи ұрпақ қалыптастыру үшін не қажеттігі, бұрынғы мен қазіргі тәрбиенің арасындағы алшақтықтың себебі мен салдары жөніндегі пайымы арқау болды.
– Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшiлдiк сана орнықпасы белгiлi. Ал тарихи сананың негізі ұлттық болмыста жатыр ғой. Әлемдiк өркениет көшiне ұлттық сипатымызды сақтай отырып iлесу Елбасы мақаласының негізгі өзегi. Осындай игi бастамаға атсалысу – әрқайсымызға қастерлi мiндет. Өз басым жаңалыққа қарсы емеспін. Бұрын, біздің кезімізде әрбір пән мұғалімі бір жүктемеден(18 сағат) кем жұмыс істемейтін. Сол 18 сағаттың ішінде сынып жетекшілігі де бар. Мұғалім мектептен кетпейтін, оқушыларының дұрыс білім алуына, тәрбиесіне қарайтын. Арасында келесі күннің сабағына дайындық жасайтын. Сабақ біткен соң үйіне бір-ақ кететін.
Қазір билік директорда. 18 сағатты 3 мұғалімге бөліп береді. Әрқайсысына 30 мыңнан. Олар сабағы бітісімен үйіне кетіп отырады. Оқушымен жұмысы да болмайды. Өйткені сынып жетекшісі емес, мойындарында басқа жүктеме жоқ. Ауылда жұмыс жоқ. 30 мың әжептеуір қаражат. Кадрдың билігін мектеп директорына бермеу керек. Бұрын мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары өздеріне жарты жүктеме алатын. Одан артық алмайтын. Қазір олай емес, бәрі толық алады. Мұғалімдерге сағаттың аз болуының бір себебі осында жатыр. Толық жүктемемен жұмыс істеу мұғалімді тұрақтандырады. Екінші жағынан ақшасы көбейеді. Керек-жарағына жаратады. Ешқайда алаңдамайды. Аз болған соң тағы да жұмыс іздеуге, істеуге мәжбүр болады.
– Сапалы білім, саналы тәрбие деген сөз тіркесі бұрындары жиі айтылатын еді. Қазір соның білімі қалды да, тәрбиесі мүлде айтылмайтын болды. Бұл жөнінде не дер едіңіз?
– Тәрбиеге ерекше мән беру керек. Біздің уақытта апта сайын тәрбие сабағы өтетін. Данышпан бабамыз әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» десе, ал В. Белинский «Бала тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек, тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі» деп өте орынды, көңілге қонымды айтқан. Бала тәрбиесі – өте күрделі процесс. Оның күрделілігі бесіктен бастау алып, үнемі уақытпен бірге алға жылжып отыратындығында. Балабақшада да, мектептеде де, колледжде де, сондай-ақ жоғары оқу орынында да желісі үзілмей жүріп отыруы тиіс. Тәрбиенің тізгіні тегеурінді болу керек, сәл босаңсыса, бүкіл жүйе әлсірейді, еңбек еш болады.
– Балалар бақшасы туралы айтып қалдыңыз, ол жердегі тәрбие туралы пікіріңіз қандай?
– Баланы балабақшаға береді. Берсін. Онда ұлттық тәрбие жоқ. Балаларды ұрады-соғады. Ол жасырын емес. Теледидар, интернет көрсетіп жатыр. Бұрын балаға бес жасқа келгенше ештеңе демеңдер дейтін. Енді соны айту керек деп жатыр. Енді түсініпті. Тыйым жоқ жерде тәрбие болмайды, тәрбие жоқ жерде иман болмайды. Қазақ ұрпағын: ұят болады, жаман болады, обал болады деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Бұрынғы ата-әже қазір жоқ. Зейнеткерлердің бәрі бірдей немерелерін бағып-қағуға құлшынып отыр дей алмаймын. Соңғы кезде қалта телефоны (сотка) деген шықты. Бір үйде отырып бір-бірімізбен сөйлесе алмаймыз. Әркім өз қалта телефонын шұқылап, өзімен өзі болып жатады. Бір жасар баланың да қолында қалта телефон бар. Балаларды сол қалта телефон тәрбиелеп жатыр. Бұл жақсылыққа апармайды.
Мен қазір 83 жастамын. Әкем 1942 жылы майданға аттанып, қайтып оралмады. Мен 6 жаста екенмін. 4 бала анамыздың бауырында қалдық. Біраз қиындық көрдік. 5 сыныпқа дейін аяқкиім кигенім жоқ. Мектепте пеш болатын, контрамарка деген кейін шықты ғой. Еденде тақтай жоқ, сабан лайды құйып тастайтын. Кепкесін әрі жылы, әрі жұмсақ болады. Соның үстінде жалаң аяқ жүреміз. Үйден шығамын да мектепке жүгіремін, бара сала аяғымды темір пешке басамын. Біразға дейін пештің ыстығын сезбейтінмін. Сосын барып жылынады. Сол денсаулыққа пайдалы болды-ау деймін... Негізі адамға көп қымтана берген де дұрыс емес.
Сейітхан Тұрысбекұлы Шиелі ауданының тумасы, 1936 жылы «Ортақшыл» елді мекенінде дүниеге келген. 1957 жылы Қызылорда пединститутын бітірген, мамандығы физика-математика пәнінің мұғалімі. 1957 – 1985 жылдар аралығында Шиелі ауданында мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, орта мектептің директоры қызметтерін атқарған. Зайыбы Үміт Қалиева бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне арнаған ұлағатты ұстаз. Ерлі-зайыпты педагог 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. 30-ға тарта немере-шөбере сүйді. Ұрпақтары өсіп-өніп жатыр. Зейнетке шығысымен балаларының жағдайын ойлап, Алматы қаласына қоныс аударды. Бұл әрекеттері өте дұрыс болды. Балаларының қасында болып, оқуын, тәрбиесін қадағалап отырды.
Тұңғыш перзенттері Гауһар Сейтханқызы Шиелі кентіндегі №45 қазақ орта мектебінің түлегі. Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін бітірген. Қазір әлемге аты мәлім ғалым. «Алтын, уран және полиметалл кендерінің БиоГеоТехнологиясы» деп аталатын ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, профессор, Біріккен ұлттар ұйымының эксперті. Металды (алтын, уран) сілтіден айыру тәсілін ашып, өндіріске енгізген ғалым. Бұл ғылымдағы ерекше жаңалық, сәл әсірелеп айтсақ, ғылыми құбылыс. Мәскеудің Болат және қорытпа институтының ғылыми хатшысы Л.Лобова «Гаухар Сейтханқызы қазіргі әлемдік биометаллургияның анасы» деп орынды мақтан етті.
Екіншісі Перизат – педагог. Үшіншісі Ақылзат – кәсіпкер, Шарапат та сол жолда. Бесінші перзенті арпа ішінде бір бидай демекші, ер бала Дәулет. Ол – полиция полковнигі, Алматы қаласының Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып істеген. Алтыншысы Инабат, мамандығы провизор. Кенжелері Ләйла – педагог. Бәрінің жоғары білімі, қызметі бар. Әрқайсысы бір-бір үй болып, өсіп-өніп келеді.
Сейітхан Тұрысбекұлын өз басым 45 жылдан бері танып-білемін. Қызмет бабында жиі жүздесіп тұрдық. Ол кезде аудандық партия комитетінің саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі әрі мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы болатын. Мен болсам, аудандық газет редакторының орынбасары және редакция мен баспахана кәсіподақ ұйымының төрағасы едім.
Бірде баспахана жұмысшылары кілем, палас сұрап келді. Дереу Секеңмен хабарласып едім, бұл мәселенің оңай шешілмейтінін, бірақ, мүмкіндігінше көмектесетінін айтты. Шынында да, ол уақытта кілем, палас, автомашина ілуде біреуге ғана бұйыратын. Арада үш-төрт күн өткенде Сәкең шақырды, бардым. Екі кілем, төрт паласқа келісіп, рұқсат қағазын алып қойыпты. «Өзің шешім шығар да, сұрап жүргендерге бер», – деді. Солай жасадым. Баспахана жұмысшылары дән риза болды. Менің де мерейім көтеріліп қалды.
1980 жылдары әлеуметтік азық-түлік бағдарламасына орай, аудан мекемелері қызметкерлеріне шаруашылықтан бақшалық жер беріліп, көкөніс өсіруге мүмкіндік туды. Сейтхан Тұрысбекұлы Шиелі кентіне жақын маңдағы шаруашылықтан бақшалық жер алып, біздің кәсіподаққа қарасты мекеме қызметкерлеріне үлестірді. Аудандық партия комитетіне нашар жер беріле ме, шаруашылық шұрайлы жерін ұсынатын. Судың сағасынан берілетін. Соның өзін игермейтін, бақша басына бармайтын қызметкерлер болды. Секең елгезек, жүрісі жылдам, қимылы шалт кісі. Дене еңбегін жақсы көретін. Бақшалық жерін барынша күтіп, қызметтен босаған кезінде басында жүрді. Еңбегі жеміссіз болған жоқ: қияры, қызамығы, сәбізі, картобы тағы да басқа көкөністері жер асты қоймасын (погреб) толдырды. Отбасын айтпағанда, Алматыда оқып жүрген студент балаларына да жетіп жатты. Еңбегінің нәтижесінде «Москвич-412» су жаңа жеңіл автокөлігін ауданда алғашқылардың бірі болып дүкеннен несиеге алды. Ол уақытта Сәкеңнің қызметтестері мен құрдастарының автокөлікке қолы жетпеген еді.
Осыдан он үш жыл бұрын Сейтхан Тұрысбекұлының шаңырағында қайғылы жағдай орын алды. Жарты ғасырға жуық отасқан зайыбы Үміт Қалиева дүние салды. «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деген ғой дана халқымыз. Бұл 70 жасқа иек артқан Секеңе оңай тиген жоқ, әрине. Өмірден көргені көп парасатты жан тағдырдың сынағына сынбады, төтеп берді. Бір жағынан қоршаған, қорған болған балалары, олардан тараған ұрпақ оны жалғызсыратпаса, ең ғажабы, екінші тапқан жарының адал ниеті мен қамқор көңілі Сейтхан ағаны қайта серпілтті. Өмірге құлшынысын арттырып, белін қайта буғызды. Жарты ғасыр отасқан, балалар мен бақыт сыйлаған Үміті шаңырағына қайта оралғандай әсерде болды. Жалғыздықтан жабыққан жанға күш-қуат, шаңырағына шаттық әкелген ол бикештің аты-жөні – Үмігүлсім Халыққызы еді. Содан бері арада бір мүшел уақыт өтті. Секеңнің жағасы кірлеп, түймесі үзіліп жүргенін көрмедік. Бұрынғыдай: ширақ, елгезек, шапшаң, жүзі жарқын қалпы.
Балалары жоғары оқу орнын бітіріп, отбасын құрып, үйлі-жайлы болғаннан кейін Сейітхан Тұрысбекұлы туған жеріне бет түзеп, Шиеліден үй салды. Бірақ, ұрпағынан ажыраған жоқ. Жазда ағайындарының арасында болса, қыста немере-шөберелерімен бірге болып, Шиелі мен Алматының арасын жалғап жүр. Сексеннен асқан ақсақалдық жасына қарамастан, ұрпағына ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес.
– Жақында бір ақпаратты көзім шалды, – деді Секең сөз соңында. – 2018 жылы Елбасы 14 рет шетелдік сапарға шығыпты. Жылдың алғашқы сапарын қаңтарда Нью-Йорктен бастаған. Ал өткен жылдың соңғы сапары желтоқсан айында жүзеге асырылыпты, яғни, мемлекет басшысы Санкт-Петербургке барған. Қазақстанның ішіне 18 рет сапар жасапты. 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаев 41 212 шақырымды ұшып өткен. Осының бәрі елдің қамы үшін. Елбасымыздан еңбек етуді үйрену керек.
2019 жыл қарбаласпен басталды. Бір қуанарлығы сол, жағымды жаңалық, жақсылық бой көрсетуде. Әсіресе, Елбасының 30 жылға жуық уысында ұстаған биліктің тізгінін еш дау-дамайсыз екінші бір сенімді, танымал тұлғаға ұстатқаны өте ақылды, тапқыр шешім болды.
Президент сайлауы ойдағыдай өтеді деп ойлаймын, көп үміт күтемін және ел өз қалаулысын сайлап алатынына сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
05 маусым 2019 ж. 760 0