Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халыққа қызмет – міндет

Халыққа қызмет – міндет



Әдетте әлдебіреуден зәбір көріп, не болмаса әдейі жасалған қысастық әрекет пен қиянатқа душар болған жандар алғашқы көмекті құзырлы мекемелер мен заң қорғау органдарынан күтіп, сонда жүгінеді. Тәуелсіз, адам құқығы Ата заңымен қорғалған зайырлы елде осылай болуы да заңды әрі сенімді. Дегенмен, кей мәселеде жәбірленуші таптың құзырлы органдардың шығарған шешімі мен кескен үкіміне көңілдері толмай, тіпті, жалған айыптың құрбаны атанып, күйіп кететін көріністері де кездесіп жатады. Сондай сәтте әділдік іздеген азаматтардың төртінші билік өкілдеріне табан тіреп, соңғы үмітті бұқаралық ақпарат құралдарынан күтіп, бума арыздары мен дәлел-дәйектерін журналистің алдына жайып көрсетіп жататыны бар. Ал, өзінің жеке бас мүддесінен қоғамдық мәселені биік қоятын жорналшы қауым көрсетілген арызды басшылыққа алып, мәселенің ақ-қарасын анықтамақ болып, бұқара мен биліктің арасында бәйек болып, жанталасып жүретіні тағы бар.
Өткен аптада редакцияға Ақмая ауылының бір топ әйелдері келіп, бес мәселе бойынша ауыл әкімі ап­па­ратының үстінен арыз жазып отырғандарын айтты. Содан ақ жау­лықтыларды алаңдатқан не нәрсе екенін білмек болып, А4 форматпен үш бет сықиып толып тұрған арызды қолымызға алдық. Бума арызды бастап тұрған бірінші мәселе ауылға кіре беріс жердегі үлкен көпірдің түйткілі екен. Аталған көпірдің айналасындағы қоршауы құлап, шеті мүжіліп жатқаны ескертеді шағымда. Одан кейін №49 мектепке күрделі жөндеу қажеттігі қозғалып, әсіресе, асхана мен спорт залының бұрыштары жарылып, оқу­шы­ларға қауіпті екені сөз болған. Ал, үшіншісі ауыл ішілік Ы.Жақаев, Қ.Әбдіқадіров көшелерінің жай-күйі айтылып, ол көшелермен жауынды күні жаяу жүру бұлай тұрсын, көліктің өзімен жүру қиын екені айтыл­ған. Төртінші – мал жайылымдық жер­дің жоқтығы көрсетілген. Сонымен қатар, бүгінде басты тақырыпқа ай­налған мемлекеттен берілетін әлеу­­меттік көмектің төңірегіндегі түсі­ніс­пеушіліктер, ауыл әкімдігі қызмет­кер­лерінің дөрекілігі, халықпен дұрыс жұмыс жасамайтындығы, ауыл әкімі Ж.Арслановтың жұмысына көңіл толмайтындықтарын жазады аналар арыз­да. Жоғарыдағы арыз-шағымды назарға алып, Ақмая ауылдық округі әкімдігіне хабарласып мән-жайды сұраған едік:
– Ақмая ауылына кіре берістегі Шиелі магистральды каналы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меншігінде болуы себепті, Іргелі елді мекенінің оқушылары және басқа да жаяу жүргіншілер құлап кету қаупін ескере отырып, ағымдағы жылдың 3 сәуір күні №224 хаты арқы­лы аталған көпірдің жақтауларын тез арада күрделі жөндеуден өткізу жө­нін­де аталған бөлімге қатынас хат жазылғандығын мәлімдейді. Ауылдық округінде үстіміздегі жылдың 13 наурыз күні өткен жергілікті қоғамдастық жиынында 1983 жылы іргетасы қалан­ған. Бүгінде 484 шәкіртті оқу нәрімен сусындатып отырған №49 алтын ұя мек­­те­біміз күрделі жөндеуді қажет ете­тін­дігі жөнінде талқыланып, жиналыс хаттамасы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне ұсынылғандығын хабарлаймыз, – деген жауап алдық.
Бірақ, ащу кернеп, ызаға булыққан әйелдер ауыл әкімдігінің бұл жауабына көңілдері толмай, түйткілді көзбен көруімізді өтінді. Не керек келесі күні түс ауа 16 Еңбек Ері шыққан қасиетті топыраққа ат басын бұрдық.
Ауылдық мәдениет үйінің ауласына Құндызай Дәрібаева, Меңдігүл Есенбекова және Гүлжазира Шораева тағы да басқа әйелдер бізді күтіп алды. Айтуларынша редакциядан шыққаннан кейін аудан әкімінің қабылдауында болып, одан кейін аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров пен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман ауылға арнайы келіп тұрғындармен жиын өткізіпті. Жиында жоғарыдағы барлық мәселе қаралып, бірқатар даулы мәселенің түйіні тарқатылған. Осы жиналыста атаулы әлеуметтік көмектің де ауыл бойынша кімдерге тиесілі екендігін ауданнан келген мамандар нақты анықтап көрсетіп, ауыл әкімшілігіндегі бірқатар қызметкерлерге ескерту жасалған. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестің мүшелігіндегі Оразкүл Балтаева мүшеліктен босатылған.
Ауыл әкімдігі аппаратының кей қызметкерлерінің мемлекеттік мекемеде өзін-өзі ұстауы, бұқара халықпен жұмыс жасауы аз ғана уақыттың ішінде біздің де көзімізге түсті. Әйелдердің арызданып, ауданға сабылуына да ауыл әкімдігіндегі халықпен, елмен дұрыс жұмыс жүрмеуден туындағанын байқадық. Егер, шағымда көрсетілген мәселелер турасында дұрыс түсіндірме жұмыстары жүріп, медет сұрап келген жандарға жанашырлық көрсетілген болса мұндай айқай-шудың ауылы ақмаялық ағайыннан алыс болатындай-ақ екен. Иә, «ештен кеш жақсы» деген қазақтың ұрпағымызғой. Кеште болса, айтылған сын-ескертулер ел үшін қызымет ететін азаматтардың қатарын көбейтуге себеп болар деген үміттеміз.

Елдос Жүсіп.
05 маусым 2019 ж. 620 0