Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаныңа нұр құйған «Нұр Жан»

Жаныңа нұр құйған «Нұр Жан»



Толассыз ақпарат заманында не көп? Әрине, газет-журналдар десек жаңылыспаймыз. Қайсысына жазыларымызды білмей қалып та жатамыз. Десек те, таңдауға тура келеді. Үстіміздегі жылы жасы тоқсанға толып отырған облыстық аға газетіміз «Сыр бойы» мен сексеннің сеңгіріне шыққан аудандық «Өскен өңіріміз» байырғы замандасымыздай тым ыстық. Бірінші кезекте соларға жазылуға ұмтыламыз. Ертеректе елімізде «Мәдениет және тұрмыс» деген журнал шығатын. Қызық болған соң бас алмай оқитынбыз. Алғаш «Нұр Жан» журналын көргенде, сол «Мәдениет пен тұрмыс» қайтып келгендей сезіндім, жинақталып, шағындалып, түрлі-түсті көркемделіп кеткендей. «Нұр Жанды» кей басылымдардай парақтап шыға салу мүмкін емес. Тек оның әрбір бетіне үңіле қарап, ой жібере оқысаңыз адам мен қоғам, өмір мен тұрмыс арасындағы байланыс, оның сан қырлы сырлары мен құпиялары көз алдыңызға келеді. Журналды оқи түсесіз. «Нұр Жан» аз уақыт ішінде Сыр елінің мәдени-рухани дамуына зор үлес қосуымен танылды.
Журналға тән ерекшеліктерінің бірі – тақырыптың өзектілігі. Қарапайым соғыс және еңбек ардагерлерінің өмірін қайта жаңғыртып, жанұяның, отбасының рухани жаршысы болды. Журналдың өзіндік ұстанымы, көзқарасы, стилі қалыптасқан. «Нұр Жанның» әр нөмірі көркем безендіріледі. Бояулары қанық, суреттері анық. Кейіпкерлердің фотолары тасқа басқандай. Адам бейнесін табиғат сұлулығымен қабыстырып, үйлесімді шешім қабылдайды. Алдыңда сол адамның өзі тұрғандай болады. Журналдың дизайны жоғары деңгейде, талғамы күшті. Көркемдеуші редактор журналды эстетикалық әсемдікпен көмкере білсе, шығармашылық топ әр мақала мен очерктердің ырғағын тамыршыдай дәл басып, оқиғалар өрбіп, деректер дәйектілігімен, шындығымен оқырманын толқытып, ойландырып тастайды. Журналдың тәлімдік, тағылымдық, тәрбиелік, ұлттық, салт-дәстүрлік, діндік, тілдік, ділдік, елдік, бірлік, ынтымақтық, махаббат пен достық, жастар, келешек ұрпақтар, отбасы хақындағы, жалпы қоғам мен адам тағдыры жайлы толғаныстары мен толғаулары оқырмандарын толғантпай, ойландырмай қоймайды. «Нұр Жандағы» әдебиет, мәдениет, өнер тақырыбы «Ақжолтай арман» айдарымен айшықталып, өнерпаздардың, ақындардың шалқар шабытын туғызып, ән қанатында қалықтатады. Журнал бетінде ел тілегіндегі тақырыптар таңдалып, шынайы өмір туралы шымыр, мығым, мықты мақалалар жарық көруде. Журналдың әр сөзі салмақты, байсалды, сабырлы. Сыңаржақтылық, көпсөзділік көрінбейді. Басым жанрлардан мақала, хабар, очерк, сұқбат, репортаж, суреттеме, сатира, поэзия және прозалық шығармалар беріп келеді. Журнал «Нұр Жан» Ишан ата атындағы қайырымдылық қорының президенті, елге танымал дәрігер-журналист, Қазақстанның «Құрметті» азаматы, жаны жайсаң, зиялы, иманды азамат Амангелді Суханберлиевтің басшылығымен оқырман көңілінен шығып, Қазақстан Республикасы аймағына таралуда. Оның алқа құрамына да елге белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, ұстаздар, дәрігерлер, еңбек ардагерлері мен ел-елдегі құрметті азаматтар тартылған, көпшілікті көлдей жұмылдырған. Сондай республикалық ғылыми-көпшілік, рухани-танымдық «Нұр Жан» журналы жыл сайын «Үздік ұжым», «Тұрақты оқырман», «Белсенді автор», «Ең жомарт демеуші», «Белсенді баспасөз жанашыры» номинацияларына бәйге жариялап, жеңімпаздарды сый-сияпаттармен, мақтау қағаздармен марапттап, салтанатты түрде тапсырып отыруды дәстүрге айналдырған. «Нұр Жанды» оқи отырып, әділдік, шындық, ар-намыс, ұлтжандық, отансүйгіштік, ұлттық идеямыздың лебі есіп тұрғандай, журнал ұжымының, шығармашылық тобының еңбектерінен ізденістің, талпыныстың, таланттың табын айқын сезінеміз. Қазір заман да, адам да өзгерген. Сонда да болса, қоғамдық санамызды жаңалаушы да, жаңғыртушы да, тұқыртып жіберуші де – бұқаралық ақпарт құралдары. Олардың арасында газет-журналдардың рөлі орасан. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жолында ұшқыр қалам, жалынды жігерімен еңбек етіп келе жатқан «Нұр Жан» журналының игілікті істеріне үн қосып, басылымға жазылып, қолға алып оқып, одан рухани ләззат алып, сәл де болса үлес қосқан оқырман азаматтарды бақытты дер едім. Өйткені, «Нұр Жан» журналы соған әбден лайық. Қадірменді оқырман, сіз халқымыздың денсаулығы, білімі, әлеуметтік ахуалы, тарихы, тілі мен діні, әдебиеті мен мәдениеті, өнері мен спорты жайлы білгіңіз, оқығыңыз келсе, өзіңіздің санаңыздлы оятып, дүниетанымыңызды кеңейткіңіз келіп кетсе, рухани жансерік іздесеңіз, әсем де көркем, іші қызықты шығармаларға толы «Нұр Жан» журналын неге жаздырып алмасқа? Менің таңдауым – «Нұр Жанға» түсті. Жаныма ізгіліктің нұры шашылғандай.

Өркен ИСМАИЛ, ҚР республикалық ғылыми-көпшілік, рухани-танымдық
«Нұр Жан» журналының алқа мүшесі.
01 маусым 2019 ж. 666 0