Адамзаттың айнасы – мәдениет
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында бұқаралық сананы өзгерту туралы сөз қозғалады. «Заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керектігін» айтады. Алпауыт елдермен тереземіз теңесіп, иығымыз тірессін десек, дамыған елдің саналы ұрпақтары болуға, рухани мәдениетіміздің деңгейін көтеруге талпыныс жасауымыз керек.
Жалпылай алсақ, адамның жүріс-тұрысы, сөйлеуі, басқалармен қарым-қатынасы секілді әрекеттердің барлығын мәдениетке жатқызамыз. Тәрбиелілік, сыпайылық, кішіпейілділік сияқты асыл қасиеттерді «мәдениет» ұғымымен байланыстырып, қоғам көрінісінен сыңарындай сипат алуға ықпал етуіміз керек. Адамның іс-әрекеті – қоғамдағы мәдениеттің қандай деңгейде екендігін, бет-бейнесін көрсетеді.
Өзін жеке тұлға санайтын кез келген адам қоғамдық орындарда мәдениетті ұстауы керек. Көпшілік ортадағы мәдениет өзіңді де, өзгені де сыйлата білудің көрінісі. Кейде жастарға үлгі боларлық жастағы кісілердің жаяу жүргіншілер жолының қақ ортасына тұрып алып, дауысымен жер теңселтіп, шылымының түтінін «паравозша» будақтатып, айналасын қоқысқа толтырып тұратын көрініске ұшырасып жатамыз. Жаяу келе жатқанда қар көшкініндей қарқынмен қаға-соға өтетін жастарымыз да жоқ емес. Мұндайларды көргенде кішкентай балалар мен ақ-қараның жігін ажырата алмайтын жасөспірімдер дұрыс қанаттанып, түзу ұшарына кім кепіл? Баланы ата-анадан кейін «қоғам» атты түрлі мәдениет мекені тәрбиелейді емес пе? «Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал жақсы» дейді дана халқымыз.
Көшедегі этикет нормаларын сақтауына қарап, адамның тұлғалық дәрежесінен хабар алуға болады. Сырт киімін ғана мұнтаздай қылып, тазалықты айналасында сақтай алмауы, мәдениетті тек өзінің сырт келбеті деп, ұғымын тарылтуы адам сапасының төмендеу салдарынан болса керек.
Көшеде оң жақпен жүру, бөтен адамдардың бетіне, киіміне тесіліп қарамау, дауыс көтеріп сөйлемеу, жөн сұрай қалғанда барынша көмек беріп, кішіпейілділік көрсету , қоқыс тастамау секілді қарапайым ғана аса мән бере бермейтін көше қағидаларын сақтау үшін ақылы тасқан ғұлама немесе үлкен қызметкер болу керек емес. Өзіңізді сыйлай білсеңіз, соның өзі жеткілікті.
Көшеде қабақ түйіп, ұрсысып, негативті энергияларымызды өзгелерге шашпай, барынша жылы жүзді болғанымыз абзал. Әнші Ғ.Шекербеков шырқағандай «Жетісіп жүрген ешкім жоқ». «Мәселе шешілетін болса уайымдаудың керегі жоқ, шешілмейтін болса уайымдаудан пайда жоқ» демей ме? Ендеше, қоғамдық мәдениетке қосып жатқан үлесіміз болсын, басқаға инедей де зиянымыз тимейтін жағын ойлап, ісіміз бен сөзімізге абай болып, мәдениеттілігімізбен кісілігімізді көрсетіп жүрсек, сол игі іс болмақ.
Қоғамымыздың мәдени дәрежесі жоғарылаған сайын өміріміз әдемілене түспек. Бағытымыз бұлыңғыр болмасын десек, көкірек көзіміздің ашық болуын аңдайық.
Назерке Мұхамедиярова.