Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өміршең «Өскен өңірім»

Өміршең «Өскен өңірім»



Ауданымыздың айнасы саналған сүйікті газетіміз, өңірдің өмірінен сыр шерткен, аудан тұрғындарын тәрбиелей отырып саналы еңбекке жұмылдырған, елді тәртіпке, ынтымаққа, бірлікке, достыққа, адалдыққа, әділдікке, шындыққа, тазалыққа, білімділікке, мәдениет пен өнерге ұмтылдырған басылым, өзіміздің «Өскен өңіріміз» қария жасқа толып отыр. Алғашқы редакторы Мәді Молдыстамов болған, Стахановшы» атанған, одан кейін «Коммунизм жолы» аталып келген газетке Дүйсенбі Смаилов ағамыз редактор болып, сонымен қатар газеттің атауын «Өскен өңір» деп Шиелі өңірінің шамшырағына айналдырған еді. Бұл 1963 жыл болатын. Менің «Өскен өңірмен» байланысым 1964 жылдан басталды. Сегізінші сыныпта оқу­шысымын. Мектептің «Айна» атты қабырға газеті шығып тұратын. Нашар оқитын, сабаққа кешігіп келетін оқушыларды ынталандыру үшін, газетке әжуалап суретін салып, астына бір-екі шумақ өлең жазып қоямыз. Үлкен үзілісте оқушылар топырлап келіп, ананы оқиды. Газетті жыртып тастауы мүмкін деп, жанына пионерлерден кезекшілік ұйымдастырылады. Ол кезде мектептің оқушылар комитеті қатты, белсенді жұмыс істейтін. Бүгінгі өзін-өзі басқару иесі сол уақытта бар еді. Қабырға газетіне белсенділік танытсам керек, комитеттің төрағасы мені редакторлыққа бекітті. Сөйтіп газет арқылы мектеп оқушыларының сабақ үлгеріміне үлесімізді қосқандай болдық. Намысқой оқушылар ренжіп, кейбіреуі ақиып та жүрді. Түбінде түсінісіп жаттық. Ол уақытта алдыңғы қатарда пионер, комсомолдар жүретін. Батылданып «Өскен өңірге» бір-екі шумақ өлеңдер, шағын ақпараттық мақалалар жазатынды шығардық. Әсіресе Зәкім Жайлыбаев ағай редактор кезінде жазып жіберген нәрсем жарық көріп, шабыт беріп отыратын. Зәкең көбіне Дүйсенбі Смаилов жайлы айтып, ол кісінің газетті қаз тұрғызғанын, ұжымды қалыптастырғанын, оның бүкіл ұйымдастырушылық жұмысын жандандыр­ғанын үнемі айтып отыратын. Дүйсекең секілді Зәкім ағамыз да өзінің білімі мен жігерін, қайрат-күшін, денсаулығын аямай, ұжымды отыз үш жыл басқарды. Сол уақыттарда газет еңбек жайлы, оның кейіпкерлері туралы, жалпы қарапайым адамдар турасында көп жазатын. «Өскен өңір» қалыптасу, ілгерілеу, алға қадам басуларды артқа тастап, өрлеу, есею, тіпті шарықтау шегіне дейін жетті. Басылымның сарғайған парақтарын ақтарып отырсаңыз ауданның тұнып тұрған тарихы, шежіресі, мұрасы, мекемелер мен жеке тұлғалардың асыл қазынасы болып қалғанына көзіңіз жетеді. Мен мұны өткен жылы Шиелі ауданының 90 жылдығына орай материалдар жинақтау барысында облыстық мұрағатқа бір апталық іс-сапарда аңғарған едім. Шындығында фототілші С.Хутаев Шиелі өңірінің галлериясын жасап беріп кеткен екен. Тасқа басқандай суреттерден дүниеден озып кеткен шиеліліктердің жанды бейнесін көре отырып, таңданыс білдіріп, өнердің өміршеңдігін түсіндім. Сонымен әңгіменің жібін үзбей әрі қарай жалғай түссек. Мектепте жүріп-ақ редакциямен үміт жібін үзбедім. Жаза бердім. Жаза берген соң ба, бір күні мақаламның астына тегімнен соң «штаттан тыс тілші» дегенді оқып, ауылда жүрсем де өзімді «Өскен өңірдің» білдей бір қызметкеріндей сезінетін болдым. Бір жағы бұл да маған үлкен сабақ болатын. Себебі бір тақырыпта мақала жазу үшін бірнеше кітап оқып, сөздіктер (орысша-қазақша) ақтарып, сөзіңді, сөйлеміңді сомдайсың, тыныс белгілерге үңіліп, қатесіз жазуға тырысасың. Өйткені газет оқырмандары сауатсыздықты жақтыр­май­ды. Ал біз кәсіби журналистерге еліктеп, солар­дай болсақ қой деп арман­дадық. Біздер «Мың бір түнді» тәржімалаған, «Қажымұқан» кітабын жаз­ған Қалмақан Әбдіқадіровты, сөзі өсиетке толы Нартай ақынның, ақиық ақын Әбділда Тәжібаевты, жазушы, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсен­баев­ты, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуан­дық Түменбаевты, жиһангер жазушы Серік Байхоновты, сондай-ақ сатирик ақын Сейтқасым Сейтеновты, ақын Тілеген Шопашев пен қазақ сатирасының атасы аталған Сейділда Төлешовтердің шығармаларын оқып, өздерін көріп өстік. Таланттардың ордасы саналған «Өскен өңірден» ұшып шыққан жазушы, ақын, журналистер Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ақайдар Ысымұлы, Нұртөре Жүсіп, Мұрат Күлімбетов, Базарбай Исаев, Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсей­това, Нәзира Жәрімбетовалар республикаға танымал қаламгерлер. Одан соң Қален Әбдішев, Сәфи Құрманаев, Қанапия Дәрібаев, Сәрсенбек Жұмабеков, Мәрия Жұмашева, Тұрғанбек Кәрімқұлов, Бақберген Әбілдаев, Жолдас Сырғабаев, Қуаныш Түменбаев, Қадыр Мырза, Таубай Ортай, Алтай Айыптар «Өскен өңірдің» қарышты дамуына, дәрежесі мен беделінің артуына шығармаларымен атсалысты, сол мекенде қызмет атқарды. Аудандық газеттің атқарар жүгі орасан. Тілшілер штаты аз болғандықтан, олар барлық саладан жазып машықтанады. Осынау сексен жылдың біз білетін жылдарында көптеген штаттан тыс ауыл-село тілшілері де өздерінің мақала­ларымен елді қуантып жатты. Мысалы Айдар Достияров, Нұрмахан Қасымов, Ерғара Жолдасов, Бақытжан Құрманаев, Мұқаш Сардарбеков, Рая Мұхтарова, Әбдікәрім Алдабергенов, Оразәлі Байділдә, Айжамал Әбдіхамитова, Мақсұт Әбдімо­мынов, Әмина Тәжиева, Мырзақа­сым Төлепбер­генов, Алтынділдә Өтеев, Әшір­бай Құн­дызбай, Назар Әйтпенбетов, Шырынкүл Селбесінова, Пернебай Әзім­бетовтер т.б. әлі күнге ел есінде. Кешеге дейін қызмет атқарған газет тілшілері Асанғали Сағын­дықов, Арал Абжалов, Әшім Молдақараев, Тұрар Тоққұлов, Әзиз Батырбеков, қызметкерлер Айнагүл Өрікбаева, Ұлзада Әбілқасымова, Бибізада Бегімбетовалар басылымның талғамды шығуына өз үлес­терін қосқан еді. Ал журналистерге бүгінгі заман талабы ерекше. Талғампаз оқыр­ман қазіргі бас редактор Нұрболат Пірімбеттің орынбасары, журналист Елдос Жүсіпті, қаламдары қарымды, жазулары ой салар тілшілер Гүлхан Яхия, Гүлнар Дүйсебаева, Жұлдызай Ноғайбайқызы, фототілші Бақытжан Бәйімбет, қызметкерлер Күләш Мырзаева, Сәуле Алдажұманова, Абылай Сақтағанов, Елтай Айыптардың еңбек­теріне дән риза. «Өскен өңір» жасы ұлғай­ған­мен, түбегейлі өзгерді. Оның форматы да, дизайны да жаңарды, жасарды. Газет – жанрмен көркем. Қазіргі ұжымдағы журналистердің жаны мен жүрегі жалындап тұр. Олардың шығармашылығы, біліктілігі, білімі, қабілеті мен мәдениеті мықты, халық сұранысынан шыға білуде. Әрине жауапкершілік бар жерде жеңістің болары анық. 2005 жылы А.Айып мені редакторлыққа шақырды. Келістім. Жастарға арнап жақсы нөмірлер шығардық. Сондай-ақ «Шежірелі Шиелі» қосымшасын Болат Күлімбетов «Кенді Шиелі-Рудный Шиели» қосымша газетін қазақ-орыс тілдерінде Мақсұт Ибрашов шығарып, шығармашылық орта жандана түскен еді. Біз айлық сұрағанымыз жоқ. Біздікі өнерге қызығушылық, «Өскен өңірдің» жаңалық­тарына үн қосу болатын. Кейін нарыққа байланысты қосымшаның бәрі тоқтап қалды. Қаншама жастардың шығарма­шылығы, әдебиетке деген ынтасы, газет бетіндегі этикалық, эстетикалық өнерге деген тәлім-тәрбие, жастардың құлшынысы, елдің тарихы, өндіріс, кен орындарының қыр-сырлары сол қосымша газеттермен бірге кетті. 2009 жылы аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторлығына конкурс жарияланды. Жасымнан осы маңда жүрмін ғой, байқауға түсе салайын дедім. Сөйтіп «Өскен өңірдің» он екінші бас редактор­лы­ғына тағайындалдым. Ұжыммен шығарма­шылық етене жұмыс жасадық. Мақсат – аудан айнасының бетін кірлетпей, таза ұстау, оның оқырмандар мен жанашырлар санын молайту болды. Үш жылдан соң жастарға орын беріп, бүгінде сол «Өскен өңірдің» құрметті ардагері болып отырмыз. Адам өзі жақсы болса, адамдармен тіл табысса, біреуге жамандық ойламаса, қарапайым, сабырлы бола отырып, айналаңа қамқор­шы, адал, көлеңкелі болсаң, саған кез келген жерде орын бар екендігіне көзім жетті. Өскен өңірліктердің 80 жылдық мерейтойы құтты болсын! Жасымнан өмірімнің өнегесі болған «Өскен өңірге» күнделікті тілеулес болып отырамын. Себебі бұл газет көнекөз ақсақалдай, аудан тұрғындарымен сырлас-мұңдас болған, әр оқырманға қуат, жүрегіне шуақ берген, ойына өсиет құйған, күнделік­ті сағынышпен асыға күтіп отыратын, әке-шешеміздей болып кеткен байырғы басылым. Ол сонысымен Шиелі халқының үніне айналды. Жұртшылықтың іздеп жүріп, сүйіп оқитын газеті болып қалды. «Өскен өңір» – тәуелсіз еліміздің дамуына, оның экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз еңбек етіп келеді. Ол аудан көлемінде болып жатқан әлеуметтік-мәдени өзгерістерді, Елбасы жолдауларын, жаңа нарықтық қатынастарды, мемлекеттік тілді, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен демо­кра­тиялық реформаларды, жаңғыру мен жаңарудың жолдарын насихаттап келе жатқан еліміздегі, облысымыздағы бірден-бір беделді, таралымы тасыған бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Шиелі өңірін «Өскен өңірсіз» елестету мүмкін емес. Шынында.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, газеттің 2009-2011 жылдардағы
бас редакторы.
15 мамыр 2019 ж. 1 051 0