СҰРАҚ ҚОЮҒА ҚОРҚАМЫН...
«Іздей барсам әкім жоқ, сұрай барсам затым жоқ», – деп басы аяғының астына доп құсап домалап кете жаздап әкімияттан шығып бара жатты бір көкем. Аптаның басы, жұмыс уақыты... Әкім қайда? Әкім аудан орталығында. Бітпейтін жиналыстардың бірінде.
Әкім аппаратының мәжіліс залы. Жиналған ауыл әкімдері бір-бірімен амандасып арқа-жарқа. Хал сұрасқан ауыл әкімдері мен бөлім басшыларының абыр-дабыр әңгімесі сап тиылып, мәжіліс залына аудан әкімі енді. Баяндамалар басталып, хаттамалар хатталып, тапсырмалар жатталып жатты. Бірі бітті, екіншісі екпін ала бастады. Тек, жайланып жайғасып алу керек. Қарша бораған баяндамалар мен есіңді кетірген есептер жиналысқа қатысушылардың түрінен де, бастапқыдағы арқа-жарқа үнінен де дым қалдырмаған. Баяндамашының «қояр сұрақтарыңыз болса...» деген ұсынысынан соң сұрақ қоюға қамданған жорналшыларға жағымсыз көзбен қараған жиналғандарды көресіз. Сонан соң сұрақ қоюға қорқасың... Қорыққанда да тікелей мағынада емес, әрине. Қысылып тұрған мен қыстап әрең отырған жиналыстағыларды көріп, бір нәрсені бүлдіріп аламын ба дейсің ғой сол.
Мәдениет үйінде шара болса көрермендері әкімдер мен мұғалімдер, бітпейтін ақпараттық насихаттық топтың тыңдармандары да солар. Кеңес отырыстары мен комиссиялар жиыны жылына екі жасалса да жұмыс өнбей қалмайды. Сансыз жиналыстарда жүрген әкімдерден қарқынды жұмыс пен жоғары нәтиже сұраймыз. Жұмысты концерттер мен жиналыстарда отырып жасауды үйрену керек негізі.
Жоғарыда іштегі көрініс суреттелген еді. Ал, сыртта да кешікпей келем деген бастығын күтумен елеңдеген жүргізушілер сарғайып отыр. Шопырлардың шыдамында шек жоқ, шіркін. Дарияның арғы бетіндегісі де, бергі бетіндегісі де бір уақытта жигули мен нивалар бір нүктеде жиналар. Жаздың аптабында шәпкісін түсіре киіп, қыстың аязында мойыншалғысын көтере орап, сегіз сағаттық жұмыс күнін күтумен өткізеді. Шопыр досымның қызметтік қызықтарын тыңдап отырып трогикомедия түсіруге болардай екен деп таңданғанмын. Тайғанақтаған көк мұзда да межелі жерге минөт кешікпей жету керек. Қауіпсіздікті қоя бе-е-ер. Теуіп мінген сол тұлпарлардың техникалық жағдайы да тамаша деп ауыз толтырып айтуға келмесі тағы бар. Сол танысымнан «осы әкімдердің қызметтік көліктерінің барлығына бірдей жанармай беріледі ме», – деп қызығушылық танытқан едім. Енді, әр ауылдың аудан орталығынан қашықтығы әр қалай дегендей... «Бірдей-ау...», – болды берген жауабы. Бидайкөлден келген көлік пен Ботабайдан келген көлік бірдей жанармай жақпайды меніңше...
Жә, айтпақ ойымның түйініне тоқталайын. Әңгіме жаңағы көкемнің әкімді таппауынан бастау алған еді. І.Жансүгіровтің «Жалаңаш жиылыс» деген сатиралық әңгімесінде: «Шетте тұрған кісі қандай кең пейілді келеді: арық қойдай тырысып, баз біреумен ұрысып, баз біреумен жұлысып теріміз тарылып, өзіміз жарылып кеткендей тұрмыз. Сіркеміз су көтермейді. Тек жуықтап кеткен адамға бақырауық баж ете қаламыз. Тіршілік түбі тартыс қой, адам өз тесігіне таласады да...» деп сол кезде-ақ бітпейтін жиналыстардың бар болғанын айтыпты-ау. Сынапша сырғыған уақыт кешегіні келмеске қалдырып, бүгін жаңғырып жатқан жоқ па. Ауылдағы еңкейген қарт атамыз қаладағы еңбектеген немересімен смартфонмен түрін көріп, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде сөйлеседі. Міне, жаңа ағымнан адым да қалмай, бірге ілесу деген осы шығар... Цифрлық жүйе, жаңа технология деп жар салып келе жатырмыз. Осыны өзімізде қолданысқа енгізудің күні келгені қашан... Ауыл әкімдері мен мамандары ауданға сабылмай кабинетінде отырып-ақ жиналыстарға неге қатыспасқа. Компьютеріне «Skype» орнатып уақыт пен жол шығынын қысқартуға әбден болғандай. Жиналыстардан шаршап, «сіркесі су көтермей» жұмыс орнына оралған әкім халықтың ахуалын көтерер ма екен? Қалғаны оқырманның ой талқысына...
Әбу Бақытжан әл-ТЕЛІКӨЛ.