Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАН МАЙДАНДА КIТАП АРҚАЛАҒАН ҚАЗАҚ

ҚАН МАЙДАНДА КIТАП АРҚАЛАҒАН ҚАЗАҚ



Ұлы Жеңiске санаулы-ақ сағаттар қалған. Әлемнiң апшысын қуырып, дүниенi дүр сiлкiндiрген алапат соғыстың қарқыны бәсеңдедi. Рейхстахтың бiрнеше жерiне кеңестiң қызыл туы қадалды. Жеңiстiң жақындағанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Берлиннiң iшi қан сасып, оқ-дәрiнiң қолаңса иiсi мен ащы түтiнге көмiлiп тұр. Ары-берi ағылып жатқан кеңес жауынгерлерi. Олар қаланы қалған-құтқан немiс солдаттарынан тазалап жүр. Жартылай қираған үлкен ғимараттың iшiне бiр солдат жүгiрiп кiрдi. Иығында арқалаған қабы бар. «Жеңiлген елдiң еш дүниесiне тимеңдер» деп командирлер тапсырма берген. Бабаларымыз «Бүлiнгеннен бүлдiргi алма» деген. Бұл кiм болды екен? Күзетте тұрған солдаттар қаумалап, ұстап алды. Атып тастамақшы болды. Өңi қара, азиялыққа ұқсайды. «Атпаңдар, алдымен тексерiңдер», – дедi рота командирi. Мiне, ғажап! Қазақ болып шықты. Аты-жөнi – Қалмахан Әбдiқадыров, әскери шенi – лейтенант. Арқалаған қабының iшi тола кiтап. Гете, Гейне, Шиллер тағы да басқа немiс және Батыс классиктерiнiң томдары.
Қан майданда қап арқалап, кiтап көтерiп жүрген Қалмахан Әбдiқадыров деген кiм? Ол – қазақтың көрнектi жазушысы. Ұлы отан соғысына дейiн жарық көрген бiрнеше кiтаптарымен танымал болған қаламгер. Алғашқы «Сырдария» деген өлеңi 1925 жылы «Еңбекшi қазақ» (қазiргi «Егемен Қазақстан») газетiнде жарық көрген. Алғашқы кiтабы «Жолшы» 1928 жылы баспадан шыққан. Бұдан кейiн «Екпiн» (1932), «Шахтер» (1934), «Өлеңдер жинағы» (1935), «Сәтбаев» (1936), соғыс қарсаңында «Батыр» (1940) сияқты әр түрлi жанрдағы кiтаптары жарық көрдi.
Қалмахан Әбдiқадыров Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, туған елге жеңiспен оралды. Төртінші Украин майданында қазақ газетi редакциясында қызмет iстедi. Майдандағы ерлiгi үшiн «Қызыл жұлдыз» орденiмен, ондаған медальдармен марапатталды. Соғыстан кейiнгi жылдары қаламын қолға алып, үлкен серпiнмен, асқан құлшыныспен жазуға кiрiстi. 1951 жылы «Келес қызы», 1952 жылы «Әңгiмелер», 1953 жылы «Мақташы қыз» кiтаптарының басылып шығуы осы сөзiмiздiң дәлелi. Жауырыны жер иiскемеген атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов туралы жазылған «Қажымұқан» повесi оқырманның ықыласын аударғаны сонша үш мәрте – 1952, 1956, 1959 жылдары онмыңдаған тиражбен қайта басылып шықты. Қалекең өзбек халқының классик ақыны Әлішер Науаидың таңдамалы өлеңдерiн де қазақ тiлiне аударды.
Қазақ балалар әдебиетiн жасауға да атсалысты. Оның қаламынан туған «Өмiртайдың ауылы», «Амантай», «Тапқыш», «Тәттi қауын» кiтаптары балалар ұғымына ыңғайлы, оқуға оңай, түсiнуге жеңiл шығармалар едi. Жасөспiрiмдер жапа-тармағай оқыды. Қазақ балалар әдебиетi үшiн елеулi үлес болды.
Қалмахан Әбдiқадыров 1903 жылы Сыр бойының Шиелi өңiрiнде дүниеге келген. 1925 жылы «Еңбекшi қазақ» газетi редакциясында ат айдаушы болып еңбек жолын бастаған. Қазақстан Жазушылар одағында, Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл мұражайында ұзақ жыл қызмет атқарады. Жүрген жерiнде қазақ әңгiмелерiн, шешендiк сөздердi жинастырып, шығармаларына арқау етiп отырады. Әсiресе қазақ балаларының оқу-бiлiмiне көп көңiл бөледi. Мұражайда жүргенiнде кiтаптарының қаламақысы мен еңбекақысын жинастырып, қазiргi Алмалыбақ аумағындағы Жалпақсай (бұрынғы аты «Политотдель») елдi мекенiндегi балалар мекемесiне көмек ретiнде аударыпты. Сол ауылға пошта мен байланыс желiсiнiң таралуына ықпал етiптi. Қазiр Жалпақсайдың бiр көшесi қамқоршы қаламгердiң атымен аталады.
Ол бейбiт өмiрде де, соғыста да қолынан қаламы түспеген ақын. Қаламгер ғана емес, қайраткер де. Үнемi iзденiс үстiнде, ой құшағында, толғаныс шырмауында жүрген томаға тұйық жан. Тапқанын халқына бердi. От пен оқтың ортасында жүрiп те халқына қажеттiнi iздей бiлдi. Елiн әлем классиктерiнiң шығармаларымен сусындатуды армандады. Жоғарыда айтқанымыздай, қан майданда кiтап арқалап жүруi осы мақсаттан туған жанкештiлiк көрiнiс. Жазушы бұл мақсатын жүзеге асырды да. Парсы, араб тағы да басқа тiлдерден жинақтап аударып, «Мың бiр түн» төрт томдығын дүниеге әкелдi.
«Мың бiр түннiң» соңғы парағына «Аударушыдан» деп ақын өзiнiң оқырманға арнауын берiптi:
«Қош дедiм Шаһаризадаға елу бесте,
Шыдадым не айтса да мың бiр кешке.
Парсы, араб, түрiк, моңғол, түрлi тiлден
Жiбiн ап,
қазақшалап тiктiм кесте.
Кәрi ауыз қалжыраса қақпаладым,
Былдырап кейде сөзiн жас баланың.
Дiн, сауда, патшалардың мадағынан
Халыққа,
Әдiлетке тартпаладым.
Сабындап, шашын тарап,
кiрiн жуып,
Ғасырда жиырмасыншы киiндiрiп,
Алқапты колхозданған қыдыруға
Жөнелттiм машинамен сүйiндiрiп».
(Қалмахан 1958 жыл)
Қалмаханның атын шығарған, даңқын асырған әлемдiк әдебиеттiң алтын қорына қосылған осы төрт томдық. Бұл – бiлiмдiлiгінің, тiл шеберлiгiнiң шыңы болды. Қазақтың сүйiктi шығармасына айналды. Автордың көзi тiрiсiнде 3-4 рет, өлгеннен соң 2-3 мәрте қайта жарық көрдi.
Өмiрiнiң соңғы кезiнде туған жерi Шиелi өңiрiне оралып, қызыл отау меңгерушiсi болып iстейдi. Сырдарияның Қызылқұм аумағындағы малшыларға кiтап, газет-журнал жеткiзiп отырады. Әрқайсысы әр құмның арасында жалғыз үйден отырған малшыларды бiр орталыққа топтасуға үгiттейдi. Өз қаржысына мектеп салдырып, құм арасындағы қазақ балаларының басын құрайды.
1959 жылғы тасқында (Сырдария өзенi тасығанда) бiрiншi салғызған мектеп су астында қалып, екiншi мәрте биiк жерден тұрғызады. Қазiргi Қарғалы ауылының орталығындағы Қалмахан салдырған мектептiң негiзiнде бүгiнгi заман талабына сай етiлiп салынған бiлiм ордасы көрнектi қаламгердiң атымен аталады.
Қалмахан ақын 2-3 жыл аудандық газетте де қызмет атқарады. Ол кезде газеттің аты «Коммунизм жолы» болатын. 1963 жылы басылымның аты «Өскен өңір» болып өзгерді. Бүгінде 80 жылды артқа қалдырған аудандық газеттің сарғыш тартқан парақтарында ақын, жазушы қаламгердің шығармаларын кездестіруге болады.


Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қазақстанның «Құрметті» журналисі.
09 мамыр 2019 ж. 635 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930