Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңғыру жалпыға ортақ жұмыс жүктейді

Жаңғыру жалпыға ортақ жұмыс жүктейді

Өткен күндерді қорытындылап жаңа жылға қадам басқан сәтте кешегіні келешекпен ұстастыра отырып болашақты бағдарлайтын үрдістен биыл да жаңылмадық. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы келелі істері мен кері тартқан осал тұстарымызды айтып, әлі де жанданып, жаһандану дәуіріне қадам басуымыз керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ, мәдениет саласының тұралап қалғандығы да назардан тыс қалмады. Сонау Нар­тай Бекежановтан бастап, бүгінгі белгілі айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхандар шыққан киелі мекеннің өнері өшпеуі керек. Алайда, күн сайын дамып келе жатқан, кешегі күнгі оқиға бүгін тарихқа айналатындай қарыштау үстіндегі мемлекетте өмір сүру, күнделікті жаңа көзқарас пен жаңашыл дүниеге бейім болуды талап етеді.
Көгінде күй күмбірлеп, төрінде сылқым ару би билеген сахна киелі болады. Сол киелі орында ән мен әнші үйлесім тауып, күміс көмейінен жыр төге білсе өнерге деген құрмет те арта түсері сөзсіз. Дегенмен, әр мереке қарсаңында алыстан әнші мен бишілер шақырып, қалтамызды қағып әлекпіз. Егер ел датасында елеулі оқиғалар орын алған шарада аудан өнерпаздары өнер көрсете алмаса, Нартай мен әуез мектебінің керегі не?
Ауыл баласы өнерлі болып өсетінін белгілі жұлдыздар тарихынан аңғаруға болады. Кешегі Қытай елін аузына қаратып, әнімен дүр сілкіндірген Димаш Құдайбергеновтың өзі қарапайым мысал. Сондықтан, бос жатып, қалтаны қалыңдатқан ауылдағы мәдениет үйлерінің жұмысына жаңа серпіліс керек. Ауылда небір айтқыштар бар. Эстрада жұлдыздарынан кем түспейтін әнші жыршылар да бар. Осылардың барлығын ұйымдастыруды неге қолға алмасқа. Көңіл тапқыштар командасын құрып, квн құрамасын жасақтауға да болады. Яғни, мектеп оқушыларын емес, жұмыссыз жүрген өнерге таласы бар жастарды қызықты квн, дебат, көркемсөз оқу сынды түрлі бағыттарда біріктіріп, сайыстар ұйымдастыруды да назардан тыс қалдырмағанымыз абзал. Бүгінгі таңда жайдарманға «Сағыз» деген атаумен шыққан квн құрамасын білмейтін адам жоқ. Қарапайым ғана бір ауылды осы бір топ көпшілікке танытып жүр. Сондықтан, өнерлі жастарды тауып, оларға қолдау көрсету, ұйымдастыру керектігін де есте сақтағанымыз жөн.
Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы: «Бұрындары мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен егістік басында өнерпаздар әннен шашу шашатын. Алқап басында жүрген жұмысшыларға серпін беріп, көңіл көтеретін. Ал, бүгінгі таңда үкіметтің миллиондап берген қаржысына даңғарадай мәдениет үйлерін салып, аспаптармен қамтамасыз етудеміз. Қажет деген дүниемен жабдықтап, әр ауылдың клубтарын жақсартуды да назардан тыс қалдырып жатқан жоқпыз. Алайда, құйған қаржының қайтарымы жоқ. Жемісін қашан көреміз. Дүбірлі мерекелерде аудан өнерпаздары неге өнер көрсетпейді» – деп, мәдениет бөлімінің жұмысына көңіл толмайтындығын жеткізген болатын. Расында, жарғыда бекітілгендей жылына 2 іс-шараны өткізген мәдениет үйлері мен клубтардың былайғы күндері есіктері тарс жабық тұрады деп қынжылады халық. Ал, мектеп жанынан оркестр құрып, өнерге өз үлесін қосып жүрген Бала би, Ботабай сынды ауылдың өнерпаздарынан ауылдық округтердегі мәдениет үйлері үлгі алуға тұрарлық. Ұйықтап жатқан көңілдерді оятып, ұлттың руханиятын, мәдениетін көтеретін сәт жеткен сыңайлы. Елбасы Н.Назарбаев мұқым бір қазақ елінің болашағын бағдарлап, рухани жаңғыру жылын жариялады. Өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртуды тапсырды. Сондықтан, жетім қыздың тойындай болып, өз дәрежесінде тойланбай жүрген қазақ халқының жаңа жылы наурыз мерекесіне қайта жан бітірсек.
Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатты мерекесі болуы керек. Оны әр көшеге бөлінбей қыз қуу, көкпар тарту, теңге алу, асық ату сынды ұлттық құндылықтарымызды қайта жандандырып, қазақы қалпымызда бір ауыл болып тойлауымыз керек. Қазақтың ұлттық киімдерінен жарыс ұйымдастырып, алтыбақан құруды да ұмытпағанамыз жөн. Ал, «жақсы істі көрмекке» демекші, аудан әкімдігі мен аудандық ішкі саясат және мәдениет бөлімі әр ауылдың Әз-Наурызды қалай қарсы алғанын бағалап, арнайы марапаттарын ұсынар болса, мәдениет саласында да алға қарай жылжу пайда болар еді. Сондай-ақ, ірі шаруа қожалықтары бар Бестам, Ақмая, Жақаев т.б ауылдардағы жеке кәсіпкерлер де осы бастамаға атсалысса, елім деген ердің ісі болмай ма?
Жаңа жыл деп желтоқсан айы басталған сәттен орталыққа шырша іліп, қызу дайындыққа кірісетін адамдардың наурыз мерекесіне деген көзқарасын да солай қалыптастыратын кез жетті. Сондай-ақ, жыл соңын қорытындылап, үздіктерді марапаттауды да осы Ұлыстың ұлы мерекесі қарсаңына ауыстырар болсақ, иықтарына шапан жауып, құшақтарын айқара ашқан халықтың пейілі де өзгеретін болады. Сондықтан, биылғы жаңа жыл мерекесіне ел болып, бірге атсалысайық.

Гүлнәр Дүйсебай.
30 қаңтар 2018 ж. 771 0