Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАЛҒАСУДА

ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАЛҒАСУДА

Кіндік қаны тамған өлкенің гүлденуі өзімнің бір борышым деп санайтын «БЕТА и К» ЖШС-нің басшысы, жергілікті кәсіпкер Ерболат Машрапин 1988 жылы дүние есігін осы ауылда ашқан. Мұнай-газ мамандығы бойынша Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетті тәмамдаған. Іргелі оқу орнын бітірген азамат кәсіп ашуды ойластырады. Ойы жүзеге асып, ауданымызға белгілі кәсіпкерлердің санатына енеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан ғимараттар туралы естіп, өз ауылынан спорт кешенін ашуды жоспарлайды. Әкімшілік қызметкерлерімен келісе отырып алдымен бизнес жоспар жасады. Кәсіпкердің құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткен соң, конкурсқа құжаттар дайындады. Конкурстан кейін келісім-шарт жасалды. Яғни, осы ғимаратқа жұмсалған қаражатты мемлекет жеке кәсіпкерге уақыт өте пайызымен қайтарып отыратын болады. Алғабас ауылының қақ ортасында орналасқан спорттық кешеннің жалпы құны 42 млн. теңгені құраған. Ендігі жерде спортқа қызығушылығы артқан ауыл жастары «Көкшоқы» елді мекеніндегі, болмаса аудан орталығындағы спорт мектептеріне бармайды. Ата-анасын да уайымға салмайтын болады. Мұнда бокс, күреспен шұғылдануға барлық жағдай жасалған.
Алғашқы құттықтау сөз алған аймақ басшысы Қ.Көшербаев құрылыс жұмысын жүргізген ауыл азаматы Ерболат Машрапинге алғысын жеткізді. «Өркениетті отыз елдің қатарына ену үшін міндетті түрде салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Өйткені, дені сау, білімді, білікті азаматтар ғана отыз елдің қатарына қосылуға септігін тигізеді. Солар елді алға сүйрейді. Біреулеріміз балаларымыздың, немерелеріміздің денсаулығы мықты болғанын қалаймыз. Сол үшін осы спорт кешені өте қажет. Кім біледі болашақта дүниежүзінің, Азияның чемпиондары шығатын шығар. Негізі міндетті түрде тек чемпиондар ғана емес, елге пана болатын дені сау азаматтар өссе біздің арманымыздың орындалғаны», – деп облыс әкімі ауыл жұртшылығын құттықтап, игі тілектерін жеткізді.
Аймақ басшысынан соң сөз алған ауыл тұрғыны, атбегі Орынбай Ахметов: «Осындай ғимаратты көптеген жылдардан бері армандап, енді соған қол жеткіздік. Құдайға шүкір. Жолымыз, жарығымыз, ауыз суымыз бар. Сол себепті, аймақ басшысына, жеке кәсіпкер Ерболат Машрапинге алғыс айтамыз», – деді.
Салтанатты түрде спорт кешенінің лентасы қиылып, барлық жұртшылық спорт кешенінің жұмысымен танысты.
2018 жылдың кіріспесі де жағымды жаңалықтармен басталуда. Жуантөбе ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылындағы қуаныш аудан орталығында жалғасты. Ауданда арнайы іссапармен келген аймақ басшысы аудандық аурухана ғимаратының алғашқы кірпіш қалау рәсіміне де қатысты. Аудан орталығынан 1974 жылы салынған аурухананы заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа типтегі ғимаратқа ауыс­тыру мәселесі ауданымыздың күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі болатын. Бұл мәселе де көп кешікпей шешімін тауып жатқанына аудан тұрғындары ризашылықтарын білдіріп жатты. Жобалық құны 7 млрд. 41 млн. теңге құрайтын бұл ғимаратқа қаражат республикалық бюджеттен қаралған. 150 орындық аурухана құрылысы 2018 жылдың аяғында халық игілігіне беріледі деп күтілуде. Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Қ.Көшербаев құттықтау сөзімен қатар, құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер «СМП – Қызылорда» компаниясына жобаны сапалы орындап, уақытында аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, медицина саласының ардагері Ыбырай Ахметов пен еңбек ардагері Киікбай Смайылұлы да осы істердің басы-қасында жүрген ел азаматтарына алғысын білдіріп, ризашылықтарын айтты.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
30 қаңтар 2018 ж. 1 123 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930