Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЯЛАСАҢ, ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!

АЯЛАСАҢ, ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!


Қазақ халқының дүниетанымы оны қоршаған ортаға, кең далалық кеңістікке, географиялық жағдайға, баққан малға, шаруашылығына байланысты қалыптасты.

Анаңның «ботам», «құлыным», «қошақаным» деген төрт түлік төлдерінің атауларымен, сүйіспеншілікпен, нәзіктікпен еміренуі жоғарыда айтылған жағдайлардың бірден-бір дәлелі болса керек. Біз, болашақтың иелері, даланы еркіндікке, тауды асқақ арманға, жерді анаға, самалды ананың аялы алақанына балаған бабаларымыздың туған жерінің табиғаты мен табиғи байлықтарын көшіп-қонып жүріп-ақ сақтағанын, өз жерін, суын, малын, қадірлеп келгенін құрметпен түсіндіруіміз керек. Дала – қазақ халқының алтын бесігі. Көгінде қалықтаған қыраны, күн шуағы аймалаған, желмен жарысқан жүйріктері мен жұлдызды түнгі аспаны, көкжиекпен астасқан жазира дала келбеті мен философиясын бойына сіңірген, перзенттерінің асқақ қиялын қанаттандырған киіз үй – бәрі-бәрі елдігіміздің Елтаңбасында көрініс тапқан! Дала – тауларын биіктете отырып, өзінің парасатты келбетін жоғалтпаған, қай кезде де ерекше сәнімен танылған. Ол – жасыл кілемін әдемі нақышымен өрген шебер, қамыс, селеу, шилерін үкілеп, көкжиекке көзін төңкерген бойжеткен, шаңқ етіп аспанға қалықтап, айналаның тыныштығын күзеткен қырағы қыран жігіт, самал желімен әлдилеп, жүрегінің тұсынан қаулап өскен астығымен аяулы перзенттерін асыраған ана, көкжиекке көз тігіп, ертеңгі күнге сабырмен қараған, жөңкіліп өткен ғасырлардан әжімінің сызықтарын таққан салмақты да парасатты баба. Дала – ғасырлар энциклопедиясы, онда телегей-теңіз білім бар, таусылмайтын тарих бар. Қазақ халқының асыл мұраларының бірі– табиғатқа деген аса үлкен сүйіспеншілігі болса керек. Халық ұғымында «табиғат» деген қасиетті сөз, «туған жер, өскен ел, атамекен, аяулы өлке, ауылым» деген тұла бойыңа нәр беріп, жүрегіңді шымырлататын аса қымбат сөздермен тепе-тең. Халық табиғаттағы өздері қастерлеген жерлерді «Әулие бұлақ», «Әулие ағаш» деп көздің қарашығындай сақтаған. Қарлығаш, аққу, ұлан сияқты құстарды жақсылықтың жаршысы, бақыттың бас­тамасы, игіліктің иесі деп қастерлеген.  Табиғатты түсіну – дала перзенттері үшін басты орында тұратын, нағыз өмір құндылықтарын таныта білетін бабалар дәстүрі. Ата-бабаларымыз көктегі шырақтардың да сырын аңдап, жерден жерұйық пен жәннатын талғап, жарығына жүйрігін сайлап, аптап ыстығына қайнап, суығына шыңға суарылған болаттай жүзін қайрай білген ғой. «Күнәң жоқ болса, күнді болжа» дейтін ата-бабаларымыз ауа-райын болжау мен аспан денелерінің ауысуы есебін ертеден-ақ меңгерген. Жаз есебін күн мен түн теңелген жаңа тоғыстан, қыс есебін күн мен түн теңелген екінші тоғыс мизамнан бастайтын есепшілер түрлі әдіс-тәсілдермен бұдан арғы жыл мезгілдерінің қалай болатынын малдың мінезіне, күннің шығуына, онан соң наурыз қары мен Шолпан жұлдыздың тууына, мизам күнгі малдың мінезіне, т.т. болжам жасап, дәл айта білген. Осындай біліктілік пен дәлдік жұттан сақтандырып отырғанын Ы.Алтынсарин өз шығармаларында да айтып кеткен.  Табиғаттың тамырын баса билеген ата-бабаларымыздың тағылымы – біз білмейтін уақыттың, тарихтың ғұмыр-парағы. Өткен ғасырлар тынысын көрген бабаларымыз ұрпағына ауызша жеткізгені өз алдына, жазбаша да жеткізе білгеніне тас кітаптары куә.
        
Құндыз Әбутәліпова,
№47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейдің
11 сынып оқушысы
27 сәуір 2019 ж. 3 374 0