Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Лауланың кезекті лаулауы

Лауланың кезекті лаулауы


Аудандық оқушылар үйіне қарасты «Халық» биі үйірмесінің жанынан құралған «Лаула» би тобы өнер кеңістігінде өз жолын мың бұралған биімен жалғастырып келе жатқаны мәлім. Өткен аптада шоқтығы биік би өнерінің негізін салған Шара Жиенқұлова апасының жолын жалғап, «Лаула» би тобы «Өмірімді бимен өрнектеймін» атты шығармашылық есеп беру кешін өткізді. Шығармашылық топ бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Байқоңыр, Ақтөбе, Түркістан, Тараз, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Семей, Алматы қалаларында өткен халықаралық, республикалық байқауларында жүлделі орын алып жүрген аудан мақтанышы.

Аталмыш мерекені аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов ашып берді. Құттықтау сөзден кейін ортаға «Қазақ», «Аққу», «Самбо», «Қанат» билерімен шығып, көрермендерді тәнті етті. Сахнаның көркін одан әрі қазақтың «Қос алқа», «Балбырауын» секілді билері аша түсті. Лық толы көрермен орыс биі «Ласточкаға « қосыла билеп, ерекше шабыттанып отырды.
Ұстаз үшін шәкіртінің биікке самғауы үлкен мәртебе. Осы орайда «Лаула» би тобының жетекшісі, жоғары санатты қосымша білім беру педагогы, би өнерінің маманы Мырзакүл Ділдәбекқызының шәкірттері қазіргі таңда еліміздің түпкір-түпкірінде шығармашылық өнерін шыңдап жүр. Солардың бірі Нұр-Сұлтан қаласындағы Өнер академиясында балет өнері бойынша білім алып жатқан Нарқыз Майырбекова бейнеролик арқылы құттықтау лебізін білдірді. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде осы сала бойынша ұстазының ізін жалғап келе жатқан Салтанат Әбушахманова да қалыс қалмады. Дүниенің әсемдігін қимылмен көркемдеген «Лаула» би ұжымы испан, өзбек, үнді секілді өзге ұлттың билерімен таң қалдырды. « Гүлдер» биімен түрлі-түсті табиғатты бейнелесе, «Мысықтар» биі арқылы көктемдік, көңілді би қойылымына куә болдық.
Ұстаздың ерен еңбегін бағалап, «Арман» мәдениет үйінің меңгерушісі Нүргүл Шәлекейова құттықтау грамотасы мен әдемі гүл шоқтарын табыстады. Шара соңында бимен қатар сәндік киім үлгілерін де дайындауды жанына серік ете білген Мырзакүл Ділдәбекқызының дайындаған киім үлгілері көпшілік қауымға көрсетілді.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
16 сәуір 2019 ж. 1 380 0