Өнерлі ұстаздар жеңісі
Жуырда «Жастар жылына» орай білім қызметкерлері арасындағы кезекті облыстық ХІІ «Наурыз шапағаты» атты фестиваль өтті.
Байқауға аудандық «Наурыз шапағаты» фестивалінің іріктеу кезеңінде көзге түскен №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің жас мұғалімдерінен құралған «Алтынай» бишілер тобы жолдама алған болатын. Жас ұстаздардың өнерін халық арасында кеңінен насихаттауды мақсат еткен байқауда шиелілік мұғалімдер жетекшісі Алтынай Қожанова дайындаған «Бурят» биін билеп, өнерлерін ортаға салған еді. Мың бұралған биші ұстаздар өзге қарсыластарынан оқ бойы оза шығып, лауреат атағын жеңіп алды.Өнерлерімен өнеге көрсете білген ұстаздардың қатарында Гүлнар Абдукаликова, Дархан Жұмабаев, Гүлмира Утегенова, Салтанат Ботаева, Эльвира Жұманазарова, Бибігүл Жамалханқызы, Абай Мұрат, Қазбек Рүстем, Дәуірхан Бимурзаев, Нұржігіт Құлахметов, Қарлығаш Қуанышбектер болды. Қатысушыларды облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.Байназарова құттықтап, алғыс хаттар мен дипломдар табыстады. Ұстаздардан құралған шығармашылық топтың алар асуы әлі алда екеніне сеніміміз мол.
Назерке Мұхамедиярова.