ИТ ЖЫЛЫ: ИГІЛІГІМІЗ ҚАНДАЙ?
Жаңа жыл еліміз үшін жаңалықтарға толы болмақ. Биыл халықаралық EXPO – 2017 көрмесін өткіздік деп марқайсақ, ендігі жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасын ілгерілетуге үлесін қосар деп үміттеніп отырмыз. Одан бөлек 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары 2018 жылдан бастап, жұмыс істейтін болады. Бұл – біз үшін жаңа мақсат, айқын жоспар. Сонымен бірге, елдің әлеуметтік ахуалы да назардан тыс қалмақ емес. Босағамыздан аттағалы тұрған ит жылы әскери қызметкерлер мен зейнеткерлерге сүйіншісін ала келмек. Осы және өзге де оқиғалар тізбегін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Астана» Халықаралық қаржы орталығы іске қосылады
Орталық 2018 жылдың бірінші қаңтарында жұмысын бастайды. Әлемнің ең үздік қаржы орталықтарымен байланыс орнатқан АХҚО ағылшын тәртібімен жұмыс істейді. Астана Қаржы орталығына шетелдік инвесторлармен қатар, ел азаматтары да қатысуға құқылы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында баспасөз өкілдерімен сұхбат құрғанда АХҚО-ның Орта Азиядағы тұңғыш, ірі қаржы орталығы болатынын атап өтті.
«Астана» xалықаралық қаржы орталығын құру – өте маңызды. Біз Лондон, Шанxай, Гонконг, Дубай секілді қаржы орталықтарын зерттедік. Бізге Дубайдағы қаржы орталығы жақын болды. Дубайдың тәжірибесін толықтай зерттеп, қабылдадық. Себебі, мұнда ағылшын құқығы мен ағылшын тілінде жұмыс істейді. Судьяны бекіткенімді бұрын да айттым. Ол Лондонның бас судьясы болған, тап осындай Англияның қаржы орталығында судья болып қызмет атқарған. Қалған тоғыз судьяның да дәрежелері жоғары. Неге, себебі, адамдар Қаржы орталығына ақшаларын салған соң, олар қаржыларының сенімді жерде сақталатынына көз жеткізуі керек. Бұл біріншіден, – деді Мемлекет басшысы. – Екіншіден, бұл Орта Азиядағы жалғыз Қаржы орталығы болмақ, тіпті Ресейдің өзінде жоқ. Біз қазір Дүниежүзілік банк, Еуропа банкі, Азия және Ислам банктері секілді әлемдік ірі банктермен келісімге отырдық. Олар осы жерде кеңселерін ашып, ақшаларын салып, еліміздегі құрылыс және өзге де салаларға инвестиция құяды. Халықаралық қаржы орталығы бірінші қаңтарда жұмысын бастайды. Бұл өз кезегінде шетелдіктерді қызықтырып, осында өз кәсіптерін жүргізу үшін келе бастайды».
Әскерилер баспаналы болмақ
Әскери қызметкерлер үшін жаңа жыл жағымды жаңалығымен келе жатыр. Мемлекеттің қауіпсіздігін күні-түні қорғайтын бұл азаматтар 2018 жылдан бастап, баспаналы болуға мүмкіндік алады. Әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы әскери қызметтің беделін, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік-құқықтық мәртебесін арттыруға бағытталған «Тұрғын үй қарым-қатынастары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді келер жылдан бастап, әскери азаматтар үшін баспанаға қол жеткізу жеңілдейді. Осыған дейін оларға тұрғын үйді жалдап тұруға өтемақы төленгенімен, баспана мәселесі шешілмеген еді. Енді ол тұрғын үй төлемдеріне ауыстырылады. Қаражат бұрынғыдай әскеридің қолына берілмейді. Нақтырақ айтқанда, 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, екінші деңгейдегі банктерде ашылған жеке арнайы шоттарына аударылатын болды. Осылайша, 60 мың қазақстандық әскери қызметкер баспаналы болмақ.
Астанаға – 20 жыл
Биыл қыркүйектің 27-сінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 20 жылдығын мерекелеуге қатысты үкім шығарды. Онда «Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі комиссия құрылысын» делінген. Бұл комиссияға «Ел жүрегі – Астана» атты Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасын бекітіп, ел Үкіметі Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдерімен бірлесіп, екі ай мерзімде Астананың 20 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оларды уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету жүктелді. Айта кетейік, 1998 жылдың 10 маусымында қазіргі елордамыз Астананың халықаралық деңгейде тұсауы кесілген еді. Мемлекет басшысының бас қаланы елдің орталығына көшіруі кезінде көптің көкейінде күдік ұялатса, қазір мақтаныш кернейді. Елбасымыз жаңа астананы таңдауды 32 өлшем бойынша жүргізген деген де мәлімет бар. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстары ең басты факторлардың бірі саналады.
Қазақстандағы «Өзбекстан жылы»
Қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездескен еді. Мемлекет басшылары кездесу барысында осындай шешім қабылдаған.
– Біздің тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз достық қарым-қатынастарымыздың маңызды факторы болып саналады. Біз 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізуге келістік. Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу де күн тәртібінде тұр. Осы бастамалар аясында өткізілетін түрлі іс-шаралар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді, – деді Н.Назарбаев. Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанның Өзбекстандағы жылы 2019 жылы өтеді. Билік транзитінен соң, оңтүстіктегі көршіміз жаңа қарқынмен дамуға бет бұрғандай. Өзбекстан үшін ашықтық саясатын тиімді жүргізуде іргелес жатқан елдермен тығыз экономикалық байланыс орнату маңызды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан секілді транзиттік әлеуеті жоғары, экономикасы дамыған ел – Өзбекстан үшін жаңа деңгейге шығудың тағы бір мүмкіндігі. Тіпті 2020 жылға дейін екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін 5 млрд АҚШ долдарына жеткізу жоспарланған.
Жаңарған салық кодексі
2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, күшіне енетін бұл құжатта салық кеңесшісі, дистанциялық аудит, салықтық несие секілді жаңалықтар енгізіледі. Шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарады.
Түсініксіз әрі нақты емес барлық нормалар салық төлеушінің пайдасына шешіледі. Егер салық төлеуші салық органдарының түсіндіруіне сәйкес жұмыс істесе, айыппұл мен өтемақы тағайындамау ұсынылып отыр.
Шағын бизнес қосымша тиімді салықтық режимге қол жеткізеді. Бұл – фиксацияланған шегеріс режимі. Салық базасын кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылық айқындайтын болады. Мұндай тәсіл айналымы жоғары болғанымен, табысы төмен тұлғаларға тиімді болмақ. Ол растамай-ақ табысының жартысын шегеріп тастай алады. Егер шығыс есебін жүргізіп отырса, шығындарын растағаны үшін сыйақы (шегерім) алып отырады.
Сонымен бірге, жаңа құжат жоспардан тыс тексерістерді 56 пайызға қысқартады. Тексерістердің біраз бөлігін аутсорсингке беру қарастырылған: кәсіпкерлерді жеке компаниялар тексеретін болады. Қалғандары үшвекторлы қалыпқа көшеді. Бұл – барлық кәсіпкерлік нысандар үш санатқа бөлінеді деген сөз: мысалы, біріншісі – «жасыл». Олар салықты уақытында төлейтіндер, сондықтан тексеру тегеурінінен мүлдем босатылады. Ортаңғы яғни, «сары» бөліктегілерге ішінара тексеру жүргізіледі. Үшінші, яғни «қызыл» аймақтағылар қатаң қадағаланады.
Одан бөлек қосымша құн салығынан босату секілді нәтижесіз салық жеңілдіктерінен бас тартуымыз мүмкін. Арнаулы экономикалық аймақ өкілдері үшін, керісінше, салық жеңілдіктерінің аясын кеңейту жоспарланған. Қарызы кешірілген жағдайда жеке тұлғалар жеке табыс салығынан босатылуы бек мүмкін.
Зейнет жасы ұзарып, зейнетақы өседі
2018 жылы әйелдердің зейнетке шығу жасы жарты жылға ұзартылады. Яғни, енді нәзік жандылар 58 жас 6 айдан бастап, бейнетінің зейнетін көруге құқылы. Осылайша, 63 жасқа жеткенге дейін жыл сайын 6 айдан қосылып отырады. Ерте зейнеткер атанудың да жолы жоқ емес. Мысалы, егер 50 жасқа жеткенде ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес төлемді қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинағыңыз жеткілікті болса, келісімшартпен зейнетке шығуға хақыңыз бар. Сонымен бірге, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар, 1949 жылғы 29 тамыздан бастап, 1963 жылғы 5 шілдеге дейінгі кезеңде төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрған 45 жастағы әйелдер, бес және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген 53 жастағы әйелдер мерзімі жетпестен зейнетақы алуына болады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнет жасына жеткен қазақстандықтар ақшасын бұрынғыдай бірден емес, ай сайын бөліп алатын болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева неге зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға болмайтынын түсіндірді. Оның сөзінше, халықтың орташа салымы 1 млн теңге көлемінде. Бұл қаржы бәрін қамтуға жетпейді. Өйткені қазір орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерде – 72, әйелдерде – 76 жас. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, егер алушының өтініш берген күнге дейінгі зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, аталған сома алушыға зейнетақы қорынан бір рет толығымен төленеді. 2018 жылы ол – 404 940 теңге, яғни 33 745 теңгенің он екі еселенген мөлшері.
Зейнетақы мөлшеріне келер болсақ, осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова «2020 жылға дейін зейнетақы жүйесі жаңғыртылады» деген болатын. Осылайша, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, зейнетақы жүйесіне қатысу жасының ұзақтығына байланысты жаңа әдіске сәйкес, базалық зейнетақы тағайындалады. Мысалы, егер жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан кем болса, қызмет мерзімі ұзартылса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең болады. Жыл сайын он жылдан астам уақыт ішінде оның мөлшері 2 пайызға артады. Еңбек өтілі 33 және одан артық болса, бұл күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайды. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап, барлық зейнеткерлер базалық зейнетақыны бір реттік қайта есептеуден өтеді. Нәтижесінде, алатын болады.
Кәмила ДҮЙСЕН