ЖЕТІСТІКТЕР ЖАҢА БИІКТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
«Нұр Отан» халықпен тікелей жұмыс істеп,
кезек күттірмей шешілуге тиіс мәселелерді үнемі назарда ұстап, нағыз елдік партия атанды.
(Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы
Н.Назарбаевтың партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінен.
3 қараша, 2017 жыл)
Тәубе, жыл өткен сайын іргеміз бекіп, елдігіміз нығайып келеді. Ер қазақтың бағына туған Елбасымыздың ерен еңбегі мен әлемдік қауымдастықтағы биік беделінің арқасында Қазақстан тауық жылын да зор табыспен аяқтап отыр. Биыл біз дүниежүзі елдерінің қызу қолдауына ие болған саяси, экономикалық және рухани жаңғыруды батыл қолға алып, жүзеге сәтті асыра білдік. XVIII қысқы Универсиада, EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі сияқты ауқымды іс-шараларды да абыроймен өткіздік. Жаһанның бас ауруына айналған түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуда да Қазақстанның үлесі мол болды. Осы ретте Мемлекет басшысы айқындап берген басым бағыттардың жемісті болуына елдегі басты саяси күш, Елбасы бастамаларының негізгі қолдаушысы – «Нұр Отан» партиясының да күш-жігерін жұмсап келе жатқанын атап өткен жөн. Соған орай партияның 2017 жылы атқарған игілікті істерінің бір парасына көз жүгіртіп өтуді жөн санадық.
Елмен етене партия
Халықпен тұрақты байланыс орнатып, ел арасындағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтау – «Нұр Отан» партиясының басым бағыты. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мәселеге ерекше мән беріп: «Азаматтармен тұрақты диалог – партиямыздың халықтық қолдауының қайнар көзі» деген болатын. Соған орай «Нұр Отан» партиясы жүйелі түрде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырып, өткір мәселелердің оңтайлы шешілуіне жағдай жасап келеді. Ол үшін партияның республикалық деңгейден бастап, барлық аудан орталықтарында қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Биыл онда 210 мыңға жуық өтініш қаралып, 40 мың қабылдау өткізілді. Соның ішінде Мәжілістегі партия фракциясының мүшелері – 600, әкімдер мен олардың орынбасарлары – 3,5 мың, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 12 мың қабылдау өткізіп, азаматтармен бетпе-бет кездесті. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде түрлі орталық мемлекеттік орган басшылары 69 қабылдау өткізсе, соның 24-і министрлердің қатысуымен ұйымдастырылды. Осы қатарда партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің де бірнеше қабылдауы бар екенін айта кеткен лазым. Ең бастысы, бұл қабылдаулар нәтижесін беріп, халықты алаңдатқан мәселелер оң шешімін табуда. Алдағы уақытта да партия осы бағыттағы жұмысын одан әрі жандандырып, әрдайым азаматтардың ахуалын бірінші кезекке қойып әрекет етері анық.
Игі бастамаларға үн қосу – елдіктің нышаны
Тәуелсіздіктің ширек ғасырында барша әлемге бірлік пен берекенің алтын бесігі ретінде танылып, дамудың өзіндік даңғыл жолын қалыптастырған Қазақ елі биыл тарихтың жаңа сатысына аяқ басқанын жоғарыда айттық. Ол – әрине, Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған саяси, экономикалық және рухани жаңғыру. Кез келген істің табысты болуына көпшіліктің қолдауы қажет екенін ескерсек, «Нұр Отан» партиясы ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарды. Осы ретте Мемлекет басшысының жаңа реформаларының мәні мен маңызын халыққа түсіндіруде Мәжілістегі нұротандық депутаттардың еңбегін атап өтпеске болмайды. Халық қалаулылары ауыл-аймақты түгел аралап, кемел келешектің кепілі болған басым бағыттарды жемісті жүзеге асыру үшін әр қазақстандық аянып қалмауы керектігін тұрғындарға түсіндірді.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы тұтас елдің назарын аталған тарихи бастамаларға аударып, Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының жұмысын да тұрақты негізге көшірді. Соның нәтижесінде, Коалиция қолға алынған істерге бүкіл халықты жұмылдыру үшін арнайы отырыстар өткізіп, аса маңызды Үндеулер қабылдады.
Өңірлердегі оң өзгерістер басты назарда
Мемлекет басшысының әрбір бағдарламасының жүзеге асырылуы мен оның халыққа түсіндірілуі де әрдайым партияның басты назарында. Соған сәйкес, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жыл бойы еліміздің барлық өңірінде болып, Президент тапсырмаларының орындалу барысын өз көзімен көріп қайтты. Сапар барысында ел экономикасының дамуына тың серпін берген «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясындағы жұмыстарға аса мән берілді. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы да партия Төрағасы Бірінші орынбасарының назарынан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ ол әр өңірге барған сайын еңбек ұжымдарымен және жергілікті жастармен арнайы кездесіп, Елбасының стратегиялық бастамаларының маңызын түсіндіріп берді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед ат басын тіреген кәсіпорындардың қатарында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», мемлекеттік индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы – 2020» президенттік бағдарламаларының арқасында іске қосылған Павлодар облысындағы «Гиссенхауз» алюминий өнімдерін дайындайтын зауыт, Атырау облысындағы полиэтилен және металлпластик құбырлар мен құбыр желісіне арналған арматура шығаратын «Шеврон МұнайГаз Инк» компаниясы, Жамбыл облысындағы Vista International жел электр стансасы сияқты бірқатар маңызды нысандар бар.
Партиялық бақылаудың тиімді тетігі
Мемлекет қаржысының орынды жұмсалуы мен маңызды бағдарламалардың орындалуын партиялық қадағалау орталық деңгейде де жүйелі жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, бүгінде ведомство басшыларының мемлекеттік бағдарламалар жөнінде атқарған жұмыстары жайында партияға келіп есеп беруі дәстүрге айналды. Осыған орай партиялық тыңдаулар өткізу қолға алынды. Тек биылдың өзінде барлық нұротандықтардың қатысуымен
6 Үкімет мүшесінің есебін тыңдаған партиялық тыңдаулар өткізілді. Онда еліміздің әрбір өңіріндегі нұротандық депутат министрлер мен ұлттық компания басшыларына өз сұрағын жолдауға мүмкіндік алды. Нәтижесінде, Үкіметке 106 ұсыныс жолданып, олар бойынша тиісті жұмыстар істелді. Дәл осындай нәтижелі партиялық тыңдаулар бүгінде барлық облыстарда қолға алынғанын атап өткен жөн.
Халықаралық байланыстың берері мол
«Нұр Отан» партиясының 2017 жылдағы басты жетістіктерінің бірі ретінде халықаралық байланыстың нығаюын айтуға болады. Соның ішінде жаһан көшінің алдыңғы легінде жүрген Жапония, Сингапур сияқты елдермен партияаралық тығыз қарым-қатынас орнап, тың тәжірибелерге қол жеткізілді. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары аталған елдерге арнайы барып, екіжақты ынтымақтастықтың артуына үлкен үлес қосты. Жапонияға сапары кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммед осы елдің Премьер-министрі және негізгі саяси күш болып саналатын билеуші Либералды-демократиялық партияның төрағасы Синдзо Абэмен кездесті. Сингапурде елдің Премьер-министрі, жетекші Халықтық іс-әрекет партиясының бас хатшысы, мемлекеттің негізін қалаған қайраткер – Ли Куан Юдің ұлы Ли Сянь Лунмен жүздесті.
Жалпы бейнелі түрде «Азия жолбарыстары» деп аталатын бұл Шығыс елдерінің таңдалуы тегін емес. Себебі, бүгінде бүкіл әлем бұрынғыдай тек Батысқа емес, алақандай жерде орналасса да тұтас дүниені аузына қаратып отырған дәл осы Шығыс жауһарларына қарап бой түзей бастады.
Бұдан басқа, биыл «Нұр Отан» партиясының хатшылары мен өкілдері Германия, Ұлыбритания, Қытай, Малайзия, Финляндия елдеріне арнайы барып, сол жақтағы басты саяси партиялардың жұмыс тәжірибесімен танысып қайтты.
Жастарды қолдау – жарқын болашақтың кепілі
Елбасымыз қашанда жастарға ерекше қолдау көрсетіп, олардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына барынша жағдай жасап келеді.
Бұл – «Нұр Отан» партиясының да басым бағыттарының бірі. Сондықтан партия жастар мәселесіне қай кезде де ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған немесе шектік деңгейден өте алмаған 55 мың түлек партия қамқорлығына алынып, кәсіптік білім беру және жұмысқа орналастыру арқылы түгелдей еңбекпен қамтылды. Өткен жылы дәл осындай 52 мыңнан астам мектеп бітіруші партия қамқорлығына алынған болатын. Осы тектес нақты қолдаудың арқасында жастардың партияға деген сенімі артып, нұротандық атанғысы келгендердің қатары көбейді. Нәтижесінде, тауық жылы 85 мыңға жуық жас азамат партия қатарына өтті.
Сондай-ақ аз қамтылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қолдауға мұқтаж жастарға әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін «Нұр арман» жобасы да сәтті жүзеге асырылып келеді. Жас өнертапқыштар арасындағы «Нұр Интек» инновациялық байқауы да партияның жастарға көрсеткен қолдауының нәтижесі екені сөзсіз.
Сонымен қатар биыл «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы аясында «Рухани жаңғыру және жастар» атты Қазақ жастарының І халықаралық форумы өткізілді. Бұл форумға әлемнің 20 елінен келген қазақ жастары қатысып, Отанымыз – Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жас буынның қосар үлесін сөз етті.
Дамудың жаңа сатысы
Мінеки, бұл – партияның биыл атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Алда бұдан да зор міндеттер мен межелер тұр. Ендігі белес – дамудың келесі сатысы – партиялық жаңғыру. Оны партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айқындап, тапсырма берді. Қазірдің өзінде партияда осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынуда. Партиялық жаңғыру аясында Орталық аппарат қызметкерлері түгелдей аттестациядан өткізіліп, білім мен біліктілік мәселесі пысықталды. Партия жұмысына жаңа үлгілер мен әдістерді қолданудың тетіктерін талқылау мақсатында «Жаңғыру мен тың идеялар арқылы жарқын болашаққа» атты Nur Otan Talks еркін пікір алаңы ұйымдастырылды. Одан бөлек партия қызметін жаңғыртудың нақты жоспары жасалып, алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспары жүйеленіп, жүрер жол айқындалды. Ендігі мақсат – осы жоспарды сәтті жүзеге асырып, Елбасы тапсырмасын тыңғылықты орындау.
Еламан ҚОҢЫР