Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ЖАСТАРЫ ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ

ЕЛ ЖАСТАРЫ ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ


Уақыт өткен сайын Елбасы партиясының қатарына қосылғысы келетін ел жастарының саны артып келеді. Соған орай «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен салтанатты қабылдау рәсімінде бір топ жас азамат партия мүшесі атанды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған іс-шара барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өз саласында биік белестерді бағындырған талантты жастарға партиялық билеттерін салтанатты жағдайда тапсырды.
Партия Төрағасының Бірінші орын­басары 1 желтоқсан барша қазақстан­дықтар үшін жалпыхалықтық мереке екенін айтты. Себебі, дәл осы күні Қазақ елі алғаш рет өз президентін сайлап, әлем көшіне егемен ел ретінде қосылған болатын. Содан бергі ширек ғасырда еліміздің жеткен жетістіктері мен бүкіл әлем таңдай қаққан табыстары Тұңғыш Президентіміздің арқасы екені анық. Осы жайттарға назар аударған Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы партиясына жастар тарапынан қызығушылықтың артуын заңды құбылыс деп білетінін жеткізді.
– Бүгін – барша қазақстандықтар үшін тарихи күн. Өйткені осыдан 26 жыл бұрын дәл осы күні біз өзіміздің жүрек қалауымызбен Тұңғыш Президентімізді сайладық. Елбасымыздың ерен еңбегінің нәтижесінде, Қазақстан осы жылдар ішінде тұтас бір ғасырға жүк болатын ғаламат жетістіктерге қол жеткізді. Бү­гінде еліміз дүниежүзілік қауымдастық­тың ең беделді де белді мүшесіне айналды. Аз уақытта дос сүйсініп, дұшпан қызыға қарайтын әсем де ару Астанамызды сал­дық. Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі абырой-беделінің арқасында бүкіл дүниежүзінің назарын аударған EXPO – 2017 халықаралық көрмесін ойдағыдай өткіздік. Мемлекет басшысы үнемі жастарды қолдап, олардың сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келеді. «Болашақ» президенттік бағдарламасымен он мыңнан асатын жас қазақстандық дамыған елдердің жоғары оқу орындарында білім алды. Елбасымыз­дың бүгінгі тың бастамалары да жаста­рымыздың жарқын болашағына арнал­ған. Осы тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысының саясатын қолдайтын, елін, жерін сүйетін, халқына адал қызмет еткісі келетін әрбір жас азаматтың Президент партиясының қатарынан табылуын дұрыс деп есептеймін, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары талантты жастардың дәл Тұңғыш Президент күні қарсаңында партия мүшесі атануының маңызы зор екеніне тоқталып өтті.
– Елбасы партиясына өтуді жаңа шыңдарға бастайтын қадам деп білемін. Бұл – сіздерге артылған зор сенім әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан Елбасы салған даңғыл жолдан жаңылмай елімізді жаңа биіктерге бастау сіздердің абыройлы міндеттеріңіз болуы тиіс, – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед жастарға алдағы өмірде тек сәттілік тіледі.
Бұл күні партия мүшесі атанған жас­тардың қатарында белгілі әнші, айтыскер ақын Төреғали Төреәлі де бар. Жиынға қатысушыларды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаған ол «Нұр Отан» пар­тиясының мүшесі атану зор мәртебе екенін айтты.
– Тәуелсіз Қазақ елі үшін орны бөлек мереке қарсаңында Елбасы партиясына қабылданғаныма ерекше қуаныштымын. Біздің сахнада халыққа еркелеп жүруіміз тәуелсіздіктің арқасы болса, сол тәуел­сіздіктің бүгінгідей баянды болуы – Мемлекет басшысының еңбегі мен күш-қайратының жемісі. Сондықтан пар­тиялық билетпен бірге өзіме үлкен жауап­кершілік жүгі артылып тұрғанын сезінемін. Соған орай өнерпаз ретінде туған еліме, жеріме қара тұяғымнан хал кеткенше, кеудемнен шыбын жаным шырылдап ұшқанша қызмет етуге дайын­мын, – деді белгілі әнші.
Өз кезегінде бірнеше хит әндердің орындаушысы Ерке Есмахан партия қата­рына өтуі туған күнімен тұспа-тұс кел­генін айтып, оны жақсылыққа жори­тынын жеткізді.
– Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өнер саласында тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Біз сияқты жас әншілер үшін де сапалы жұмыс істеуге барлық жағдай жасалды. Мұның бәрі – Елбасымыздың жастарға деген қамқорлығы мен қол­дауының оң нәтижесі, – дейді Е.Есмахан.
Төреғали мен Еркеден бөлек бұл күні спортта ел намысын абыроймен қорғап жүрген жас азаматтар да партиялық би­леттерін алды. Атап айтқанда, ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева мен кәсіпқой бокстан әлемнің экс-чемпионы Жанат Жақиянов жас нұротандықтардың қатарын толықтырды.
Сондай-ақ ғылым саласында орасан зор табыстарға қол жеткізген жас ғалым, техника мен технологияның дамуына қосқан үлесі үшін Н.Тесла атындағы алтын медальмен, ғылымдағы аса зор табыстары үшін Еуропалық Ғылым академиясы президиумының Лейбниц атындағы медалімен марапатталған Әуесхан Оспанов, археологияда өнімді еңбек етіп жүрген жас маман Айбар Қасеналин, Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының дәрігері Алуа Масалимова, Ақтөбе облысы Алға аудандық балалар үйі директорының орынбасары Вероника Власова, «Ауыл шаруашылығы саласындағы ең үздік жас маман» байқауының жеңімпазы Егемен Жұмағали, республикалық және ха­лықаралық дебат турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері Уәлихан Тұрарбек, жас кәсіпкер Нұрлан Қабыштаев, «Дип­ломмен ауылға» бағдарламасының қа­тысушысы Ахмет Магомедов, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Жалғас Молжігіт, жас шахтер Николай Алей­ни­ков және жас металлург Дмитрий Бо­былев «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды.
Іс-шара соңында партия Төрағасы­ның Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұ­хаммед барша қазақстандықтарды Тұң­ғыш Президент күнімен тағы бір мәрте құттықтап, жаңадан қабылданған жас партия мүшелері Елбасы баста­малары­ның табысты жүзеге асуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 3 қараша күні өткен партия Саяси кеңесінің кеңей­тілген отырысында жастар мәселесіне ерекше мән беріп, осы бағытта нақты тапсырмалар бергені белгілі. Бүгінде партия қабырғасында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында партия Төраға­сының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед таяуда ғана Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына арнайы барып, өңірдегі жастармен кездесті. Кездесу барысында тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі толайым табыстары мен бағындырған биіктері Елбасымыздың атымен тығыз байланысты екенін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед бірқатар жас азаматқа партия­лық билеттерді салтанатты жағдайда тапсырған болатын. Осы ретте еліміздің барлық өңірінде өз еркімен Елбасы партиясының мүшесі атанғысы келетін жастардың күрт көбейгенін айрықша атап өткен жөн.
Сондай-ақ тағы бір айта кетер жайт, Тұңғыш Президент күніне орай Аста­надан бөлек еліміздің барлық аумағында жастарды партия қатарына қабылдау рәсімі өтті. Нәтижесінде, мереке қар­саңында жүздеген жас қазақстандық «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды. Жалпы, тек кейінгі екі жылдың өзінде 84 мыңнан астам жас қазақстандықтың партия қатарына өтуі – ерекше назар аударарлық жайт. Бұл жастар тарапынан Елбасы партиясына деген сенімнің жылдан жылға нығайып келе жатқанын айғақтайды.
Еламан ҚОҢЫР,
Суреттерді түсірген 
Рустам АМАНТАЙ
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, 
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:
– Бүгін – барша қазақстандықтар үшін тарихи күн. Өйткені осыдан 26 жыл бұрын дәл осы күні біз өзіміздің жүрек қа­лауымызбен Тұңғыш Президентімізді сайладық. Елбасы­мыздың ерен еңбегінің нәтижесінде, Қазақстан осы жылдар ішінде тұтас бір ғасырға жүк болатын ғаламат жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде еліміз дүниежүзілік қауымдастықтың ең беделді де белді мүшесіне айналды. Аз уақытта дос сүйсініп, дұшпан қызыға қарайтын әсем де ару Астанамызды салдық. Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі абырой-бе­делінің арқасында бүкіл дүниежүзінің назарын аударған EXPO – 2017 халықаралық көрмесін ойдағыдай өткіздік. Мемлекет басшысы үнемі жастарды қолдап, олардың сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына да барлық жағдайды жасап келеді. «Бола­шақ» президенттік бағдарламасымен он мыңнан еркін асатын жас қазақстандық ең дамыған елдердің жоғары оқу орындарында білім алды. Елбасымыздың бүгінгі тың бастамалары да жастарымыздың жарқын болашағына арналған. Осы тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысының саясатын қолдайтын, елін, жерін сүйетін, халқына адал қызмет еткісі келетін әрбір жас азаматтың Президент пар­тиясының қатарынан табылуын дұрыс деп есептеймін.
Төреғали ТӨРЕӘЛІ, әнші:

– Бұған дейін де Елбасымыздың барлық бастамасын қолдап, оның жүзеге асуына шама-шарқымша үлесімді қосып келдім. Сондықтан өзімді бұрыннан «Нұр Отан» партиясының мүшесі санайтынмын десем, артық айтқандық емес. Бүгін тек соны ресми түрде растайтын партиялық билетті қолыма алып отырмын. Сол үшін де өте қуаныштымын. Әрине, бұл бірін­шіден, маған артылған зор сенім. Екіншіден, Елбасымен бір партияда болу – үлкен мәртебе. Сондықтан нұротандық деген атқа лайық болу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Елім үшін шын жүрегіммен еңбек етуге қашанда дайынмын.
Дана халқымыз «Бұлақ көрсең – көзін аш» дейді. Біздің аз ғана еңбегіміз бен талантымызды ескеріп, осындай керемет көңіл күй сыйлаған ел ағаларына алғысымды білдіргім келеді. Мұндай іс-шараны өз басым бізді қайрау, қанатымызды одан әрі қатайту үшін жасалған игі іс деп қабылдадым. Сондықтан Елбасы сенімінің үдесінен шығу үшін өз саламда аянбай тер төгемін.
Ерке ЕСМАХАН, әнші:

– Бүгін – тарихи күн. Себебі, Елбасы партия­сының мүшесі атануым туған күніммен тұспа-тұс келді. Сондықтан бұл сәтті өмірімнің биік белесі деп есептеймін.
Кез келген қазақстандық үшін Елбасымен бір партияда болу аса зор құрмет деп ойлаймын. Өйткені халыққа етене жақын Президентіміз еліміздің ертеңі үшін игі істерді батыл қолға алып, аянбай еңбек етіп келеді. Барлық тың бастамаларын халықтың жағдайын одан әрі жақсартуға бағыттайтын Мемлекет басшысын өнер адамы ретінде әрдайым қолдаймын. Біз­дің халыққа еркелеп, осылай өнер көрсетіп жүруіміз – тәуел­сіз­дігіміздің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасы. Осы бейбітшілікке басты кепіл болып отырған Елбасымыз екенін бәріміз жақсы біледі. Сол себепті, саналы түрде «Нұр Отан» партиясына өтуді шештім. Бұл таңдауымның дұрыс екеніне сенімім мол.
Жанат ЖАҚИЯНОВ, кәсіпқой боксшы:

– Елбасымыз отандық спорттың қарқынды дамуына барлық жағдайды жасап берді. Қазір еліміздің қай қаласына барсаңыз да, жоғары деңгейде жаттығатын залдар бар. Соның нәти­жесінде, спортшыларымыз Олимпиада, әлем чемпионаттарында намысты қолдан бермей, әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп келеді. «Нұр Отан» партиясы да ел спортының, соның ішін­де ұлттық спортымыздың кең қанат жаюына барлық жағдайды жасап отыр. Осының бәрі Елбасы партиясының қатарына өтуіме түрткі болды. Еліміздің спорт державасына айналуына зор еңбек сіңірген Президентіміздің барлық бастамасына қатардағы қазақстандық ретінде ғана емес, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде қолдау көрсеткім келді. Сондықтан өз еркіммен осындай айтулы мереке кезінде нұротандық атанып отырмын.
Жалпы елдің, Отанның қадірін шетке шығып, бәйгеге түскен жандар жақсы біледі. Әннің сөзіндегідей жанның емес, көк тудың қамын ойлайтын сәттер спортшыларда жиі болып тұрады. Сондықтан елімнің патриоты ретінде Елбасымен бір партияда болуды өзіме міндет санаймын. Өйткені жеңіске жетсем көтеретін байрағым, қолпаштайтын халқым бар. Соған тәубе деймін. Мұның бәрі әуелі құдайдың берген азаттығының, екінші Елбасымыздың елді жүйелі жолмен алға бастап келе жатқан еңбегінің арқасы. Президент жақтастарының қатарына қосылуымның басты себебі де осы.
Карина ГОРИЧЕВА, 
ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері:

– Олимпиада ойындарынан кейін менен сұқбат алушылардың қатары күрт көбейіп кетті. Сол кезде көпшілік жеңіс тұғырындағы көңіл күйімді білгісі келді. Бір қызығы, бұрын қиялға беріліп, өзімнің Олимп шыңында тұр­ға­­нымды елестететінмін. Сол кезде әр қимы­лыма дейін есептеп, жоспарлап қоятынмын. Бірақ оның бәрі бос қиял болып шықты. Өйткені Олимпиада мінберінде адамды өзгеше бір дүлей күш, отты рух пен намыс билейді екен. Ол жерде өзіңді өз ырқына көндіру өте қиын жұмыс. Қайта одан зілтемір көтерген оңай. Сондықтан мен де бұрын өзім көп сене бермесем де «ол кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» деп жауап беруге мәжбүр болдым. Себебі, шындығы сол еді. Ол кездегі көңіл күйді ешкім сөзбен де, суретпен де жеткізе алмайды. Оны тек сезіну керек. Маған сондай ғажайып көңіл күйді сезінуге мүмкіндік берген Елбасым екенін мақтанышпен айтамын. Өйткені Мемлекет басшысы спортшылардың Олимпиадаға еш алаңсыз дайындалуы үшін барлық жағдайды жасап берді. Спорттың қай түріне болсын тікелей қолдау көрсетіп отыр. Ең бастысы, біздің нәтижелерімізді өзі жіті қадағалап, Олимпиада кезінде тікелей қоңырау шалып құттықтауы барша спортшыларға ерекше рух берді. Мінеки, Елбасымыздың ел спортына, спортшыларға жасаған осындай қамқорлығының өтеуі ретінде «Нұр Отан» партиясының қатарына өтуді азаматтық борышым деп білемін.
Әуесхан ОСПАНОВ, 
жас ғалым, ғылым саласындағы жетістіктері үшін халықаралық Тесла, Лейбниц атындағы алтын медальдардың иегері:

– Жастайымнан ғылым-білімге құштар болдым. Әсіресе, балама энергияға ықыласым ерекше ауды. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітір­геннен кейін осы саладағы білімімді ма­гистратурада жалғастырдым. Еліміз аталған тақырып бойынша халықаралық EXPO – 2017 көрмесін өткізу мәртебесіне ие болғанда қатты қуандым. Бұл – Елбасымыздың әлем алдын­дағы абырой-беделінің айқын көрінісі.
Мемлекет басшысы отандық ғылымның қарыштап дамуына қажетті барлық жағдайды жасап келеді. Жоғарыда айтқан EXPO – 2017 де сондай орасан зор мүмкіндік болды. Сондықтан осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға тырысып, ғылыми жобамды қолға алдым. Нәтижесінде, әлемде теңдесі жоқ бидай ұнтақтайтын, электр энергиясын екі есе үнемдейтін білдек жасап, бидай өңдеу техно­логиясында ғылыми жаңалық аштым. Сонымен бірге, құрылыс, тау-кен өндіру салаларында да осы секілді жетістіктерге қол жеткіздім. Бұл жұмыстарымды Осака, Дубай және Шанхай қалаларында таныстырдым.
Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі Экономика салаларын дамыту департаментінде жұмыс істеймін. Одан бөлек, Чехияда ауыл шарушылығы тақырыбында докторлық диссерта­циямды қорғаудамын. Болашақта елімнің бір кетігіне кірпіш болып қаланып, халқыма адал қызмет етсем деймін. Сол үшін де өз жүрек қалауыммен Елбасы төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясына мүше болып отырмын.
Алуа МАСАЛИМОВА, 
Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының дәрігері:

– Бүгін – өмірімдегі ең жар­қын сәттердің бірі. Себебі, елі­міздегі басты саяси күш «Нұр Отан» партиясының қатарына өтіп отырмын. Бүгінде Елбасы­мыздың тікелей қолдауымен құ­рылған республикалық меди­циналық орталықта еңбек етемін. Ол жердің жағдайы әлемнің алпауыт елдерінен еш кем емес. Сондай ірі орталықта жұмыс істеуіме шетелде алған білімім септігін тигізді. Нақты айтсам, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбри­танияда білім алдым.
Шетелде жүргенімде көптеген курстастарым бұл бағдарламаға ерекше қызығатын. Тіпті арасында Қазақстан азаматы болғысы келгендер де кездесті. Се­бебі, олар үшін оқу ақысын мемлекеттің төлеуі таңға­ларлық жағдай еді. Сол кезде мұның барлығы Елбасымыздың қазақстандық жастар үшін жасап отырған қамқорлығы екенін мақтанышпен айтып бердім.
Қазақстанның жас азаматы ретінде елімнің болаша­ғына бейжай қарай алмаймын. Сондықтан бағыты айқын, бағдары анық, Елбасының өзі төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясын таңдадым. Бұл – маған берілген зор мүмкіндік пен артылған жауапкершілік. Алдағы уақытта соның үдесінен шығу үшін барымды саламын.
Егемен ЖҰМАҒАЛИ, 
«Ауыл шаруашылығы саласындағы ең үздік жас маман» байқауының жеңімпазы:

– «Нұр Отан» партиясының қа­тарына қосылғаныма өте қуа­ныш­тымын. Бұл – жауапты қадам. Себебі, партияның әлеуметтік, экономикалық, саяси өміріміздегі алар орны ерекше. Партия – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір іспеттес. Сондықтан Елбасы пар­тиясының мүшесі атануды өмірім­дегі бір белес деп білемін.
Ауыл шаруашылығы саласы­ның маманы ретінде Мемлекет басшысының ерен еңбегін ерекше айта кеткім келеді. Бұл салаға Елбасы айрықша мән беріп, әрдайым барлық көмекті көрсетіп отыр. Осы қолдаудың арқасында шаруа қожалығымды ашып, жұмыс істеудемін. Болашақта партия мүшесі ретінде «Нұр Отанның» беделін одан әрі арттырып, елім­нің жарқын болашағы үшін еңбек етуге дайымын.
Жалғас МОЛЖІГІТ, 
«Болашақ» бағдарламасының түлегі:

– Саясатқа бұрыннан қызы­ғамын. Елімізде жүзеге асырылып отырған реформалардан хабарым бар. Көрші елдердегі оқиғалармен де танысып, өзім үшін бірқатар тұжырым жасап жүремін. Менің ойымша, тарихи мәні зор «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыра­тын саяси күш – «Нұр Отан» пар­тиясы. Еліміздің жетекші саяси күшінің бір мүшесі болып, нұротан­дықтармен бірге Қазақстанның болашағы үшін ортақ мүддеге жұмылып, алдағы уақытта еліміз үшін еңбек етсем деймін.
Елбасының «Болашақ» бағдарламасы өмірден өз орнымды табуыма аса зор ықпалын тигізді. Соның ар­қасында қалаған жерде білім алып, кәсіби маман бол­дым. Мемлекет басшысының жастарға жасаған қам­қорлығының қайтарымы ретінде әрбір жас қазақстандық «Нұр Отан» мүшесі атану керек деп есептеймін.
Айбар ҚАСЕНАЛИН, 
жас археолог:

– Еңбек жолымды Ә.Марғұлан атындағы Археология инсти­тутында бастадым. Әр жылдары лаборант, инженер, ғылыми қызметкер болдым. Қазіргі таңда Ұлттық музейдің «Халық қазы­насы» ғылыми-зерттеу инсти­тутында бөлім басшысымын.
Жас та болсам осындай мүм­кіндікке қол жеткізуім – Елбасы­мыздың жастарға жасап отырған қамқорлығының арқасы. Президентіміз үнемі бізге сенім артып, болашағымыздан мол үміт күтеді. Сол үмітті ақтау үшін Елбасы партиясының мүшесі атануды жөн санадым. Осы арқылы елімізде қолға алынған игі істерге өз үлесімді қоссам деймін.
Ахмет МАГОМЕДОВ, 
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушысы:

– Ауыл тұрғыны ретінде ай­тайын, «Нұр Отан» партиясы – шалғайдағы елдімекендерге дейін назарда ұстап, сол жақтағы түрлі іс-шараларға белсене қатысатын еліміздегі бірден бір саяси күш. Бұл әрине, Елбасымыздың партиясы болғандықтан екені даусыз. Сондай-ақ Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілі ретінде Елбасымыздың татулыққа, ауыз­біршілікке негізделген сая­сатын толық қолдайтынымды жеткізгім келеді. Бүгінде елімізде жүзден астам түрлі ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Бұл – Президентіміздің ерен еңбегінің жемісі.
Реті келгенде айта кетейін, бүгінде ауылымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басым бағыттарды жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде республикалық көлемде аталып өткен Кейкі атамызға кесене салынып, басының жерленуін ерекше атап өткен жөн.
04 желтоқсан 2017 ж. 1 735 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031