ВАЛЮТАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛУДЕ
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар маңызды өзгерістерге өмірге жолдама беретін «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірге, бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжаттың жаңалықтары жайында депутаттарға баяндаған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, жобаның негізгі міндеті валюталық операцияларды статистикалық мониторингпен қамтуды кеңейту және шетел валютасын Қазақстан аумағындағы есеп айырысуларда пайдалануды қысқарту. Ұсынылып отырған бұл нормаларды іске асыру валюталық бақылау тиімділігін арттыруға, соның ішінде елден ақшаның әкетілуіне қарсы іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік бермек.
Қолданыстағы заңнама бойынша шетелдік компаниялардың және ұйымдардың филиалдары «бейрезиденттер» саналады. Тиісінше, оларға резиденттермен (отандық компаниялармен) жұмыс жасау кезінде, Қазақстанның ішінде шетелдік валютада есеп айырысу құқығы берілген.
– Мәселен, 2017 жылы шетелдік компаниялар филиалдарының біздің резиденттермен шетел валютасындағы операцияларының көлемі 2,7 миллиард АҚШ долларын құрады. Қазіргі уақытта елімізде шетелдік ұйымдардың 4,5 мың филиалы тіркелген. 2020 жылдың 16 желтоқсанында аяқталатын қазіргі «өтпелі кезеңнен» кейін Қазақстан ДСҰ-ға толыққанды кіреді. Сонда олардың саны күрт ұлғаяды деп күтіледі. Бұл ел ішінде шетел валютасындағы төлемдердің ұлғаюына соқтырады, ал бұл ұлттық мүдделерімізге сәйкес келмейді, – деді Д.Ақышев.
Сондықтан осы заң жобасымен шетелдік ұйымдар филиалдарының қазақстандық компаниялармен есеп айырысуларын теңгеге ауыстыру көзделеді. Нәтижесінде, бұл ұлттық валютаға деген сұранысты арттырып, қосымша демеу болмақ.
Рас, айтылып отырған өзгерістер қызметі мемлекеттің атынан бекітілген келісімдер арқылы реттелетін компанияларға қатысты болмайды. Олар бейрезидент мәртебесінде қала береді. Қаржылық реттеушінің ұстанымынша, осы түзетулер жергілікті компаниялар мен шетелдік ұйымдардың филиалдары үшін бизнес жүргізудегі тең жағдайларды түзеді.
Жоба арқасында тіркеудің және хабарлаудың күрделі режимдерінің күші жойылады. Олар орнына валюталық келісімшарттарды бірыңғай есептік тіркеу енгізіледі.
– Бұл жағдайда банктерден валюталық операцияға валюталық реттеудің қандай режимі, тіркеудің немесе хабарлаудың қандай түрі қолданылуға тиіс деп анықтап жату талап етілмейді. Нәтижесінде, банктердің валюталық операциялар бойынша төлемдерге қызмет көрсету мерзімдері қысқарады. Заң жобасына сәйкес, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты және импорты бойынша келісімшарттарға енді есептік тіркеу рәсімі таралады. Бұл валюталық бақылаудың тиімділігін арттыруды және валюталық түсімдерді елге қайтару үшін келісімшарттарды толық қамтуды қамтамасыз етеді, – деді Д.Ақышев.
Оның түсіндіруінше, осы заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда ақшаны елден әкетуге қарсы тұру екі бағыт бойынша жүргізілмек. Біріншісі бойынша «елден ақшаны әкету белгілері бар» валюталық операциялардың тізбесі енгізіледі. Ол тізбеге кірген шетелдік валютадағы операцияны жүзеге асырғысы келген жеке не заңды тұлғадан банктер бұдан былай ол туралы ақпаратты валюталық бақылау органына беруге рұқсат сұрайды.
Екіншісі бойынша Ұлттық банк Мемлекеттік кірістер комитетімен белсенді өзара іс-қимылды, соның ішінде ақпараттық әрекеттестікті жүзеге асырмақ.
– Ақпараттық өзара іс-қимыл мәселелеріне неге ерекше назар аударылып отыр? Өйткені капиталдың сыртқа заңсыз әкетілуін бақылауды тек заң талаптарымен ғана қамтамасыз ету мүмкін емес. Капиталды әкету қылмыстық жолмен немесе әртүрлі заңды мәмілелерді жамылып, жасырын жүзеге асырылуы мүмкін. Тікелей шектеу шаралары керісінше, адал кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізу жағдайларын және инвестициялық ахуалды нашарлатуы ықтимал. Бұған нарықтық экономикада жол беруге де болмайды, – деген пікірде Ұлттық банк басшысы.
Ал мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты әрі тиімді ақпарат алмасу бір мәміле бойынша әртүрлі мемлекеттік органдарға түсетін қате мәліметтерді анықтауға мүмкіндік бермек. Сол себепті, Мәжіліс құптаған заң жобасы арқылы Ұлттық банк валюталық операциялар бойынша банктік құпиясы бар ақпаратты да Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне тапсыру құқығын иеленеді.
Тағы бір жаңалығы сол, осы құжатқа сәйкес, келер жылдың ортасынан бастап, Қазақстанда 10, 20, 50 және 100 грамдық алтын құймаларын сату және сатып алу құқығы валюта айырбастау пункттеріне де беріледі. Әйтпесе, алтын құймаларын халыққа сату бағдарламасына бірер банк қана қызығушылық танытты әрі олардың филиалдары барлық қалаларды бірдей қамтымайды. Ал валюта айырбастау бекеттері әр қалада бар екені анық.
Жалпы отырыстан шыққан қаржылық реттеушінің жетекшісі журналистердің сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, президенттік бастамалар аясында ҰБ әзірлеп жатқан «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасына тұрақты кірісі бар Қазақстанның барлық азаматтары қатыса алады. Биылғы мамыр айында бекітілетін бағдарлама аясында азаматтар «бастапқы», яғни құрылыс компаниясы не оның өкілі ұсынатын пәтерлерді сатып ала алады. Кейіндері бағдарламамен «қайталама нарықты» да қамтып, екінші қайтара сатылатын пәтерлерді де алуға мүмкіндік беру мәселесі қарастырылмақ.
Дайындаған Айхан ШӘРІП