Берлинде сирек кездесетін автокөліктер көрмесі ашылды
Берлинде көлік көрмесі ашылды. Әлемдік автоөнеркәсіптің тарихынан сыр шертетін шара шаһардың басты көшесі Кудаммда өтіп жатыр. Онда Еуропаның түкпір-түкпірінен келген коллекционерлер бас қосты. Көрмеде 30 жылдары шыққан темір тұлпарлардан бастап соңғы үлгідегі өте қымбат көліктерді де көруге болады. Мұнда екі мыңға жуық түрлі марканың машиналары қойылды. Сондай-ақ әлем бойынша сирек кездесетін автомобильдер де бар. Мәселен, 60-жылдардағы амфибия неміс машинасы. Инженерлердің құрастыруы бойынша амфибия оп-оңай кемеге айналып кете алады. Кляйнад, фестиваль қатысушысы: – Біз бұл жерге жыл сайын келеміз. Көлік тізгіні өзімде. Оны сату ойымда да жоқ. Бұл менің коллекциямдағы сирек кездесетін бесінші Ford. Марсель, фестиваль қатысушысы: – Маған өз көлігімді көпшіліктің назарына ұсыну өте ұнайды. Бір қарағанда төмен болып көрінуі мүмкін. Ал мен моторды іске қосқанда ол бірден көтеріледі. Қозғалтқышын екі жыл құрастырдым.
24.kz
24.kz