«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әдебиеті бұрышы ашылды
Қазақстан мен Кувейт кітапхана саласында өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланыстарын тереңдетуге ниетті. Әсіресе тараптар ғылыми экспедициялар ұйымдастыру, сирек қолжазбаларды қалпына келтіру мен оларды сандық форматқа көшіру бойынша ортақ жобалар жасауға әзір. Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық кітапханасының қорында 30 мыңнан аса сирек қолжазба сақталған. Оның мыңға жуығы араб тілінде. Бұл дерекке елең еткен Кувейт ұлттық кітапханасының директоры Камел Әл Абдул Жалил ел астанасы Эл-Кувейтте осы құнды жазбалардың көрмесін өткізуді ұсынды. «Бұл шара – қазақ мәдениетін жергілікті халыққа танытуда таптырмас мүмкіндік», – дейді ол. Ал Қазақстан ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов әріптесіне сәні мен сәулеті келіскен Кувейттің танымал кітапханасында келешекте қазақ әдебиеті бұрышын көргісі келетінін жеткізді. Атап өту керек, бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әлемнің 20-дан астам мемлекетінің кітапханаларында қазақ әдебиеті бұрышы ашылған. Камел Әл Абдул Жалил, Кувейт ұлттық кітапханасының директоры: - Біздің кітапхананың құрылғанына 79 жыл толды. Қазіргі таңда біздің қорда жарты миллионға жуық кітабымыз бар. Сирек кездесетін қолжазбаларымыз да қаз-қалпы сақталған. Құнды жазбаларды Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінен тірнектеп жинадық. Қазақтанның ұлттық кітапханасының өзіндік тарихы бар. 7 млн-ға жуық кітабы мен сирек қолжазбалары да өте мол екен. Біз ұлттық кітапханада сақталған сол қолжазбалардың құндылықтарын анықтау үшін кәсіби мамандарымызды жіберіп, сіздермен тәжірибелерімізді бөлісуге әзірміз. Тіпті қолжазбаларымызбен бөлісуге де дайынбыз. Жанат Сейдуманов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры: - Қолжазбаларды зерттеу мәселелері, ғылыми экспедиция жасау мәселелері талқыланды. Келісім бойынша осы Кувейт елінің ғалымдары бізге келіп араб қолжазбаларын зерттейді. Кувейт – араб әлеміндегі бай мемлекет. Алайда Қазақстанмен байланыстар енді-енді жанданып жатыр. Сол үшін біздің қазақ әдебиеті мен мәдениетін осы Кувейт тұрғындарына таныстыру үшін келдік.
24.kz