Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕМДІ ТАМСАНДЫРҒАН «АРЛАН»

ӘЛЕМДІ ТАМСАНДЫРҒАН «АРЛАН»


Тілегі тұрақтылық болған елдің тірегі – ұлттық армия. Ал күн тұрғанша тұратын мәңгілік елдің төл әскерінің бес қаруы сай болуы шарт. Заманынан озық қару мен ұрыс техникасын оның өзі өндіруі маңызды. Қазақ елі осы талаптарға жауап беретін мемлекетке айналып келеді. Бір бағытта біз тіпті қазірдің өзінде жаһандық «бестікке» кіріппіз.
– Бронды техника өндіру ісінің «жарқын өкілі» – «Қазақстан Пара­мау­нт инжиниринг» болып отыр. Кәсіпорынның беткеұстары – 4х4 доң­ғалақты формуласы бар «Арлан» брондалған дөңгелекті машинасы (БДМ). Беделді TopGear журналының нұсқасы бойынша бұл машина «әлемдегі ең арынды машина» аталды. Жалпы, жарып жіберуден және торуылдан жасалатын шабуылдан қорғалған машиналар өндірісі тек технологиялық тұрғыда дамыған бірнеше мемлекетте ғана жүргізілетінін атап өткен жөн және Қазақстан осы тізімге енді. Бізден басқа бұл қатарға тек АҚШ, Германия, Польша, Израиль, Оңтүстік Африка республикасы және Түркия кіреді, – дейді Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.
Бастапқыда «Мародёр» (Marauder) деген ел-жұртты тіксінтетін атауы болған бұл бронды автомобильдің атағы 2011 жылы жаһанға танымал Top Gear бағдарламасынан кейін әлемге тарады. Телешоу кезінде броневик ең қатал сынақтардан өтті. Дүниежүзі бойынша 350 миллиондық аудиториясы бар бағдарламаның командасы тест-драйвқа мықтап дайын­далған. Алдымен БДМ-ды фугастық минаға жарды. Майдан даласында бұл қарсыластың әскери техникасын тоқтатудың басты әдістерінің бірі екені мәлім. Алайда броневик сыр бермей, жарылыс орнынан «сабырлы» қалыпта кетіп қалды. Салыстыру үшін айталық, АҚШ қазіргі заманауи соғыстарда кең қолданатын әрі голливудтық киноларда жан-жақты дәріптелетін Humvee жылдам қозғалғыш әрі көп­мақсатты бронды соғыс маши­на­сының бағдарлама кезінде дәл осындай жарылыс салдарынан күл-талқаны шықты.
Осыдан кейін Top Gear жүргізушісі Ричард Хаммонд «Мародёрға» мініп алып, жоғары жылдамдықпен жүйіт­кіген күйі бірнеше кірпіш және бетон қабырғаларды жарып өтті. Өзгесі болса, жапырылып қалар еді, бірақ бұл бронды көлік қинал­мады, қыңбады. Бағдарлама жүргізушілері бұл әскери машинаның феноменалды беріктігіне таң-тамаша болды. Осыдан бастап, ол «әлемдегі ең арынды машина» атанып, үлкен беделге ие болды.
Оңтүстікафрикалық Paramount Group шығаратын Marauder брон­ды машиналары тактикалық-техни­ка­лық сипаттамалары бойынша Қазақ­станның Қарулы күштерінің де көңілінен шықты. Сондықтан осындай отандық әскери техниканың өндірісін өзімізде жолға қоятын жоба бойынша шетелдік серіктес ретінде дәл осы корпорациясы таңдап алынған. Осылайша, «Қазақстан Инжиниринг Дистрибьюшн» ЖШС мен оңтүстікафрикалық «Парамаунт групп» корпорациясы «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» (ағылшынша бренді – КРЕ , Kazakhstan Paramount Engineering) бірлескен кәсіпорнын құрды. Paramount Group ұсынған сызбалар негізінде отандық өндірушілер броневикті жетілдірді.
Ол сондай-ақ «Мародёр» (тонау­шы, талаушы) деген құлаққа ерсі, жұртқа жағымсыз атауынан арылып, қазақ кие тұтатын көкбөріге телініп, «Арлан» деген азулы да адуынды атау иеленді.
2013 жылғы 11 желтоқсанда елордадағы «Астана – Жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының индустриялық паркі аумағында отандық брондалған дөңгелекті машиналарды шығаратын зауыт құрылысының іргетасына капсула қалау рәсімі өтті. Ал 2015 жылдың 30 қарашасында Елбасы – Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен зауыт салтанатты түрде ашылды. Арада 7 ай өткенде, зауыт «арландардың» алғашқы партиясын жеткізуді бастады. 2016 жылы бұл БДМ-дар алдымен тәжірибелік-әскери сынақтардан өткен. Оның аясында 2016 жыл соңына дейін әртүрлі климаттық жағдайларда сыналуы және шыңдалуы үшін өңірлік қолбасшылық әскерлеріне 30-дан астам машина жолданған.
– Бүгінгі таңда Қазақстан Қару­лы күштері 4х4 дөңгелек базасы бар 60 көпмақсатты «Арлан» брон­ды машинасын қабылдап алды. Келесі жылы біз тағы 30-ын жет­кіземіз. Мұның сыртында ұлт­тық армиямызды 8х8 базалы жаңа типті бронды машиналармен жарақ­тан­дыра бастаймыз, олар ресейлік БТР-82 бронды транспортёрды алмас­тырады, – дейді министр Б.Атамқұлов.
Өндірушілердің айтуынша, қазір қазақстандық «Арланда» бұ­рынғы прототипі Marauder-ден тек идеядан басқа ештеңе де қалмады. Оның үстіне аптап ыстығы болатты балқытатын «қара құрлыққа» бой үйреткен «Мародер» ақ шұнақ аязы темірдей қаритын қазақстандық қысқа бейімделмеген болатын. Отандық конструкторлар ол олқылықтың да орнын толтырған.
Сонымен бірге, «Арланның» «қазақ­стандық мазмұны» жыл өткен сайын толығып келеді. Министр Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, егер қалыптасу басында оның тек 20 пайызы ғана қазақстандық өнімдерден құрастырылса, қазір, дәлірек айтсақ, 2018 жылғы қаңтар айында бұл көрсеткіші 70 пайызға жеткізілді. Оның қозғалтқышы, дөңге­лектері және блок-панелі ғана шетелде арнайы тапсырыспен жасалады.
Қалғанының барлығы – өзіміз­ден. Мәселен, бүкіл байланысты Киров атындағы Петропавл зауыты қамтамасыз етеді. Отырғыштарын, резиналы техникалық бұйымдарын тегіс «Тыныс» АҚ-ы жеткізеді. Ұрыс модулін, тепловизорларды және бақылау аспаптарын «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» өндіреді.
«Арлан» көпмақсатты бронды машинасы «қарнындағы» жауын­гер­лерді кез келген жарылыстан қорғай алатын көрінеді. Оның V пішіндес корпусы жарқыншақтарды батырмайды, әрі жарылыс энер­гия­­сын шоғырланған күйде жой­қын соққы жасауға мұрша бер­мей, шашыратып жібереді. Ол кине­ти­калық әрекетті жарылғыш­тар­ға да, майдан артиллериясының жарқыншақты-фугастық снарядта­ры­на да, қолдан жасалған әртүрлі жарылғыш заттарға да төтеп береді.
БДМ-ның асты қалыңдығы 7 сантиметрге дейін баратын бронмен қапталады, ол зауыттың өзінде кесіліп, V пішінінде иіледі.
«Арланның» корпусы екіқабатты броннан тұрады. Оның бұл сауыты кез келген бронтесер патрондардың жойқын соққысына шыдайды екен.
Бұл фактілер терең ойланыстан туған теория емес, олар КРЕ жүргіз­ген әскери сынақтар барысында тексерілген және дәлелденген.
«Арланның» әрбір дөңгелегі астын­да жарылған 8 келі тротил эквивалентіндегі жарылғыш затқа шыдас беретін көрінеді. Жарылыс 5 метр әріде болса, бұл төзімділік көрсеткіші тротил баламасындағы 50 келіге дейін артады.
Бұған қоса, оның әрбір доңғалағы қатарынан 50 патрон тисе де, жарылмайды. Тіпті егер дөңгелегі жарамсыз жағдайға жетсе де, көлік 70 шақырымға дейін еркін жүріп өте алады. Бұған дөңгелек ішінде бекітілген каучукті және болатты жиек мүмкіндік береді. «Арланға» қосымша доңғалақ та бекітіледі, бүлінгенін сонымен ауыстыру үшін домкрат та жеткілікті көрінеді. Тәжіри­белі жауынгер жалғыз өзі-ақ алмастыра алады. Бірақ ережеде мұны екі жауынгердің жүзеге асыратыны айтылған.
Шинаны арнайы «Арлан» үшін француздық Michelin компания­сы­ның өнімі негізінде ресейлік «Камаз» кәсіпорны әзірлейді. Бұл ретте өндірушілер мұның қайталанбас жеке тапсырыс болып табылатынын ескертеді. Өйткені оның прототипі «Мародердың» доңғалағының диаметрі – 17 дюймды (R17). Ал Қазақстанның Қорғаныс министрлігі әртүрлі климаттық жағдайларда еркін қозғалуы үшін отандық тұңғыш бронды машина дөңгелегінің диаметрін R20-ға дейін ұлғайтуға ұйғарған.
«Арланға» Ұлыбританияда жаса­латын 6.7 литрлік көлемдегі қозғалт­қыш турбодизель орнаты­лады.
Оның отын багына 220 литрге дейін дизель отыны сияды. БДМ «соляркінің» кез келген түрін тұтына береді. Трассада сағатына 120 шақырымдық жылдамдықпен зырлай алады. Өндірушілер қажет болса, машинаның одан да жоғары жылдамдықты өрістетуге қабілетті екеніне сендірді.
Негізі, қазақстандық броневик жол талғамайды. «Армия-2016» халық­­а­ралық әскери-техникалық форумына алғаш рет қатысқан «Арлан» демонстрациялық көрсе­ті­лім­дер кезінде тактикалық-тех­ни­­­калық сипаттамалары бойын­ша ресейлік броневиктерді артта қалдырып, шаң қаптырды. Made in Russia таңбалы бронды машиналардың қауқары небәры 30 сантиметрлік траншеяларды еңсеруге әзер жеткенде, «Арлан» жарты метрге дейінгі траншеяларды «жұмырына жұқ қылмады». Бұл ретте қазақстандық өндірушілер тамсанып, сүйсінген әскери мамандарға өз өнімдерінің мүмкіндігі бұдан да зор екенін мәлім етті.
Қазақтың ұрыстық «көкбөрі­сі­нің» ішкі жағына ойыссақ. Эки­­паж ауа райының әртүрлі жағ­да­йын­да өзін жайлы сезінуі үшін қазақ­стандық бронды машина сало­нында кондиционер, климат-контроль орнатылған. Қақаған қыста пеш жұмыс істейді. Өзгелерден айырмашылығы сол, пеш жағымсыз не күлімсі еш иіс шығармайды. Осының арқасында далада 55 градус­қа дейін аптап ыстық немесе 50 градус­қа дейін ақшұнақ аяз үстемдік етіп тұрса да, бұл сарбаздардың жауынгерлік рухына кері әсерін тигізбейді.
Мамандар «Арланның» ішіндегі жауын­герлердің айналасын алақан­ға салғандай көретініне назар аудар­тады. Маңдайша терезесі кең, бүйірдегі шынылары биік, олардың барлығы брондалған. Мұның сыр­тын­да бұған артқы және алдыңғы жақты анық көрсететін камералар да қызмет етеді.
Отандық БДМ-ның үш люгы бар. Оның бірі пулеметшіге, қалған екеуі – десанттық бөлімге арналған.
4х4 дөңгелекті формулалы «Арлан» 10 адамға дейінгі экипажды, тарата айтсақ, жүргізушіні, экипаж коман­дирін, бағдарлаушы-опера­тор­ды және десанттық құрамның жеті жауынгерін алып жүре алады. Жүргізуші мен командир алдыңғы екі орындықта жайғасады, олардың әрқайсысы өз орнына жеке есіктері арқылы кіреді. Салыстыру үшін келтіре кетейік, мысалы, ресейлік «Кобра» БТР-ында есік бүйір бөлігін­де орнатылғандықтан, экипаж ішке ену үшін нағыз акробаттық қабі­лет­терін паш етіп, трансмиссия рычагы арқылы серпіле секіріп өтуге мәжбүр. Ал «Арланда» қарбаласта кедергі келтіруі ықтимал ондай қолайсыздық жоқ. Десантшылар арт жақтағы есіктен еркін кіреді. Тағы бір жайт, «Кобраға» тек төрт адамнан тұратын десант сиятыны белгілі. Қазақстандық бронды машина болса, одан екі еседей көп жауынгермен аттанады. Жедел ден қою күштерінің жауынгерлерін шайқас орнына көб­ірек көлемде жеткізу – алға қойылған жауынгерлік міндетті тиімді орындауға жол ашатыны жасырын емес.
Машинаның ішіне екі отсөн­діргіш салынады. Қолмен басқарылатын тағы бір өртсөндіргіш БДМ есігінің артқы жағына бекі­тіл­ген. Айтқандай, көлік капотының астында да екі шағын өртсөндіргіш орнатылған, егер қозғалтқыш отқа оранса, солар көмегімен, сауытты «Арланнан» сыртқа шықпай-ақ, өртті тиюға болатын көрінеді.
«Арланның» «азуы» қандай? Отандық БДМ қашықтықтан бас­қа­ры­латын, тұрақтандырылған, яғни жолсызда машинамен бірге селкілдемейтін, 12,7 мм калибрлы «САРП» ұрыс модулімен жара­қ­тан­ды­рылған. Ол алыс қашықтықтан оқ жаудырып, жауды жақын жолат­пай-ақ жайратуға арналған. Бұл ұрыс модулін қазақстандық КАЕ компаниясы шығарады.
Модулге ендірілген электронды-оптикалық жүйе майдан даласында жасырынған адамдарды жылуы бойынша анықтайтын тепловизорлық камерадан, күндіз көру камерасынан, лазерлік қашықтықты өлшеуіштен тұрады. Соңғысы кез келген ауа райы жағдайында: жаңбырда да, тұманда да, ақ боранда да, сондай-ақ шақырайған аптапта да, тас қараң­ғы түнде де бақылау және барлау жүргізуге, нысанаға автоматты түрде ілесе қозғалуға, барынша дәл бал­лис­тиканы есептеуге және ақырында осы күрделі климаттық жағдайда да дәл көздеп атуға мүмкіндік береді.
Ұрыс модуліне сонымен қатар, 12,7 мм калибрлі қуатты әрі авто­матты НСВ пулеметі орна­ты­лады. Ол дұшпанның әскерін және жеңіл бронды техникасын жоюға негізделген. Салмағы 25 келі тартатын бұл пулемет қажет жағдайда 360 градусқа айнала береді. Онымен шектелмей, ұрыс моделі арқасында ол төменге қарай 20 градусқа, ал жоғарыға қарай 45 градусқа дейін қозғалады. 2 шақырымға дейінгі қашықтыққа және 1,5 шақырымдық биіктікке 123-127 грамдық ауыр оқ­тардың минутына 550-600-ын бір-ақ жаудыратын қаһарлы бұл қару­­ды бағдарлаушы-оператор ком­пью­тер­лік джойстикпен басқарады.
Тапсырыс беруші сұранысына қарай «Арлан» басқа да қару түрлерімен жарақталады.
БДМ-ның компьютерлік бағдар­­ламалық қамтылымы атысты қашықтықтан басқаруға мүмкіндік жасайды, бұл жеке құрамның шығын болуы тәуекелін азайтады. Ол сондай-ақ оқ-дәрінің таусыла бастағанын ескертеді, шығындалған оқтардың санағын жүргізеді. Сонымен бірге, жауынгерлер атуды өз қолдарына да ала алады.
«Арланды» азаматтар 2017 жылғы 7 мамырда Астанада өткен, Қазақстан Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған ғаламат әскери парадта тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Ол сондай-ақ елорда жанында өтетін KADEX көрмелеріне де қатысады.
Кемшілігі кем, кемелдікке ден қойған «Арланға» енді жаһандық қуатты жарнама керектей. Әйтпесе, ол баға бойынша халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті: бұдан бұрын хабарланғандай, оның құны 4х4 және 8х8 дөңгелекті формуласына қарай – 500 мыңнан 1 млн долларға дейінгі аралықта құбылатын көрінеді.
Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының бас директорының орынбасары Йохан Делпорт зауыттың жылына 120 БДМ шығаруға қуаты жететінін айтады. Тапсырыс молайса, екі ауысымда істеп, бұл санды 200 машинаға дейін арттыра алады екен. Әзірге кәсіпорын негізінен өз армиямызды жарақтандыруға жұмыс істеуде. Сондай-ақ Орталық Азия нарығына шығу қарастырылуда. Бұдан өзге, қазіргі кезде Әзербайжан «Мародерларды» ОАР-дан тікелей алғызып, өзінде құрастыруда. Болашақта әзербайжандар үшін бұл бронды көлікті Қазақстан жеткізуге ниетті. Иордания мен Сауд Арабиясы 8х8 формулары БДМ-ге қызығушылық танытқан.
Айхан ШӘРІП
20 мамыр 2018 ж. 1 061 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031