Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Медицина – адам өмірінің қорғаны

Медицина – адам өмірінің қорғаны

Жан мен тән саулығы – адам баласының ең басты байлығы. Сол байлықтың сақшысы болып жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін өлшеусіз құндылық. Олар әр сәтте адам өмірі үшін күресіп, қайта үміт сыйлап жүрген жандар.
Дәрігердің бір ғана шешімі кейде бір адамның тағдырын, кейде бүтін бір отбасының өмірін өзгертіп жатады. Сондықтан медицина қызметкерлерінің еңбегі адамгершілік пен жанкештіліктің биік үлгісі.
Бейсенбі күні Шиелі аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Денсаулық сақтау саласының мамандарын ұлықтауға арналған жиынға ауданның медицина қызметкерлері, сала ардагерлері мен құрметті қонақтар қатысты.
Мерекелік кештің басында денсаулық сақтау саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, өмірден өткен медицина қызметкерлері мен ардагерлердің рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі ­Айтбай Жандарбеков медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен еңбегінің маңызын ерекше атап өтті.
– Құрметті жерлестер! Қадірлі ақ халатты абзал жандар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі – бейбіт күннің ерлігімен тең. Сіздер адам өміріне араша түсіп, халық саулығы жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Бұл – зор құрметке лайық ұлы қызмет, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, Шиелі ауданында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Шиелі көпбейінді орталық аудандық ауруханасында 213 стационарлық және 24 күндізгі стационарлық төсек-орын халық игілігіне қызмет көрсетуде. Жыл сайын бұл мекемеге 30 мыңнан астам науқас қаралып, олардың 12 мыңнан астамы ем қабылдауға жатқызылады.
Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Перзентхана бөлімшесінде биылдың алғашқы бес айында 431 сәби дүниеге келіп, оның ішінде 1 егіз нәресте өмір есігін ашты.
Соңғы жылдары аудан медицинасының материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай жаңарып келеді. 733 миллион теңгеге қосымша ғимарат салынып, құны 650 миллион теңге болатын заманауи магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараты орнатылды. Аталған құрылғы арқылы тұрғындар сапалы диагностикалық тексеруден өтуде.
Сонымен қатар компьютерлік томография қызметі кеңейтіліп, медициналық көмектің қолжетімділігі арта түсті. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған жұқпалы аурулар бөлімшесі де ел игілігіне беріліп, 30 төсекке арналған орталық жыл сайын 2230-ға жуық науқасқа қызмет көрсетеді.
Шара барысында медицина саласының бірқатар ардагерлері мен мамандары еңбегі еленіп, түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен оториноларинголог дәрігер Ілияс Төлеуов марапатталып, оның медицина саласындағы көпжылдық табанды еңбегі жоғары бағаланды.
Министрліктің Құрмет грамотасы дәрігер-анестезиолог-реаниматолог Жалғасбек Абдухожаевқа салтанатты түрде табысталып, маманның кәсіби біліктілігі мен жауапты қызметі лайықты бағасын алды. Сонымен қатар министрліктің Алғыс хаты акушер Злиха Абдраимоваға да беріліп, оның ана мен бала денсаулығын қорғау жолындағы жанкешті еңбегі ерекше аталып өтті.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы құттықтауы көп жылдар бойы медицина саласында еңбек етіп келе жатқан зейнеткер Раиса Рашбаеваға жолданып, ардагер маманға деген ізгі ілтипат білдірілді.
Республикалық «EL QURMETY» қоғамдық қорының «Ерен Еңбек Иесі – Ел Құрметі» төсбелгісі де бірқатар ардагер медицина қызметкерлеріне табысталды. Осы марапатқа терапевт дәрігер Сейткамал Исламов, дерматовенеролог дәрігер Бибимария ­Каликбергенова, мейіргер Күміс Қарекеева, жүргізуші ­Сейтжан ­Шаймаханов марапат иегері атанып, олардың көпжылдық адал еңбегі көпшілік алдында жоғары бағаланды.
«Құрметті дәрігер» төсбелгісімен дәрігерлер Тұрсынай Әбсадық, Гүлғаныш Аманжолова және Бақытхан Арыстанов марапатталып, олардың денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі мен кәсіби шеберлігі құрмет төрінен көрінді.
«Үздік медицина» төсбелгісімен дәрігер-аудит ­Мадина Биімбетова мен хирургия бөлімінің меңгерушісі Бахытбек Жамантаев марапатталып, олардың кәсіби жауапкершілігі мен еңбегі ерекше аталып өтті. Ал «Үздік қызметкер» төсбелгісі бас дәрігердің шаруашылық жөніндегі орынбасары Бақыт Шадиевке табысталып, оның ұжым ішіндегі тынымсыз еңбегі лайықты бағасын алды.
Сонымен бірге салтанатты жиында өзге де бірқатар марапаттар табысталды. Оның ішінде Қызылорда облысы және Шиелі ауданы әкімдерінің алғыс хаты, облыстық денсаулық сақтау басқармасының марапаты, аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері атынан берілген құрмет грамотасы және «Ардагер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің алғыс хаты өз иелеріне табысталды.
Осылайша кеш мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Сахна төріндегі әсем әндер мен тағылымды қойылымдар ақ халатты абзал жандарға деген халықтың шынайы құрметі мен алғысын айқын көрсетті. Кеш соңында медицина қызметкерлерінің қоғамдағы биік беделі тағы бір мәрте дәлелденіп, олардың еңбегіне деген ризашылық сезімі көпшіліктің жүрегінен орын алды.

Айнұр ИБРАШЕВА
---
22 маусым 2026 ж. 13 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№46 (9413).

20 маусым 2026 ж.

№45 (9412).

16 маусым 2026 ж.

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930