ӨҢІРЛІК КОАЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ ШИЕЛІ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Шиелі ауданында жаңа Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру бағытындағы ақпараттық-насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осыған орай өңірлік және аумақтық коалиция мүшелері аудан-аймақтарды аралап, түрлі сала өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруда. Өңірлік коалиция мүшелері Қожамберлиев Баймырза Қожамберліұлы, Ерназаров Қайрат Шаршыбекұлы, Мұстафа Садық Шонмұрынұлы және аумақтық коалиция мүшелері Мырзабеков Насырбек Аябекұлы, Қасымов Қалмырза Айдарұлы, Шалекеева Нұргүл Тәңірбергенқызы, Баймұратова Жібек Орынбайқызы Ақмая ауылында аграрлық сала өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтармен пікір алмасу ұйымдастырылып, ел өміріндегі маңызды саяси құжат – жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары туралы кеңінен әңгіме өрбіді. Коалиция мүшелері Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың маңызына тоқталып, оның мемлекет дамуы мен қоғамдағы әділеттілікті нығайтудағы рөлін атап өтті.
«Жаңа Конституция – ел болашағы үшін өте қажет құжат. Бұл бастама мемлекетіміздің одан әрі дамуына, қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болады. Ата заңдағы өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл құжат елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауға, экономиканың дамуына және түрлі салалардағы реформаларды жүзеге асыруға серпін береді», – деді Садық Мұстафа Шонмұрынұлы.
Сондай-ақ жиын барысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті қолдау және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер де сөз болды. Спикерлер жаңа Конституция жобасы елдің тұрақты дамуына негіз болып, түрлі салалардағы реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кездесу барысында аграрлық сала өкілдері өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Шара соңында тұрғындарды ел болашағы үшін маңызды бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.






