ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛДАУЫ — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

Жаңа Конституция жобасын халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Шиелі ауданында жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Өңірлік коалиция мүшелері Қожамберлиев Баймырза Қожамберліұлы, Ерназаров Қайрат Шаршыбекұлы, Мұстафа Садық Шонмұрынұлы және аумақтық коалиция мүшелері Тұрабаев Мұрат Өскенбайұлы, Досмағанбетов Даурен Досмағанбетұлы, Баймұратова Жібек Орынбайқызы, Сүлейменов Болат Мулланазарұлы, Шалекеева Нұргүл Тәңірбергенқызы «KAP Logistics» ЖШС-нің «Шиелі-Сұңқар» филиалының жұмысшыларымен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, ондағы басты өзгерістер мен толықтырулардың мәні жан-жақты түсіндірілді. Коалици мүшелері жаңа Конституция жобасы еліміздегі саяси жүйені жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасында мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін күшейту және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру мәселелері кеңінен қарастырылғаны айтылды.
Бұл өзгерістер елдің тұрақты дамуына, экономикалық өсімге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететіні жеткізілді. Кездесу барысында еңбек ұжымы өкілдері де өз пікірлерін білдіріп, жаңа Конституция жобасының ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, коалиция мүшелерінен тиісті жауаптар алды. «KAP Logistics» ЖШС-нің «Шиелі-Сұңқар» филиалының жас жұмысшылары пікірлерін айтып, Жаңа конституция жобасын қолдайтынын жеткізді.
#референдум






