Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Карантин халық өсіміне әсер етті ме?

Карантин халық өсіміне әсер етті ме?


Әлемдік пандемия қай қырынан келсе де халыққа қиын соққаны белгілі. 1 жылдың бедерінде індеттің ойран салмаған жері қалмады. Экономикаға соққы беріп, әлеуметтің әлеуетін әлсіретті, оған медицинаның шарасыздығы мен адам шығынын қоссаңыз, пандемияның қаншалықты ауыр зардап әкелгенін бірден аңғарасыз. Десе де, карантиннің өзіндік тиімді тұстары болған секілді. Бұл, әсіресе отбасы құндылықтары мен демографиялық дүмпуде байқалды.
Айтпаса да түсінікті. Түрлі саладағы жұмыстарда қысқартулар жүрді. Жұмыр басты пенде бір уақыттары жұмыс басты пендеге айналып, отбасылық құндылықтары әлсірей бастаған болатын. Әлемдік деңгейге көтерілген пандемия осы бір келеңсіздікті жойып, құндылықтарды түсінуге, отбасымен жиі уақыт өткізуді үйреткендей. Ата-ана кезекпен емес, бір уақытта үйде болып, «тал бесіктен басталған тәрбие» өз жөн-жосығына қайта оралып, кей түтіндер де іңгәлаған сәбидің дауысы шығып жатты. Осыдан болар, 2020 жылдың қорытындысы ­бойын­­ша Қазақстанда дүниеге келген балалардың саны рекордтық көрсеткіш көрсетті. Бұл жылы 420 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Мұны рекорд дейтін себебіміз – «соңғы 33 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш» деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Дүние есігін ашқан сәбилердің үлесі 420 мың болса, қалалық сәбилер 250 мыңды, ауылдықтар 176 мыңды құрап, су сепкендей басылған көңілімізді көтерді. 420 мың отбасыда сәби үні естілді. Шаршағаныңды басатын, қуанышыңды еселететін, ұрпағыңды жалғастыратын ізіңнің барын білу қандай бақыт.
Осы рекордты орнатуда Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстары ең өнімді аймақтар деп аталды. Ал көшбасшылар – Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары.
2021 жылғы 1 ақпандағы демо­графиялық ахуал бойынша ел халқының саны 18 897,9 мың адамды құрады, оның ішінде қалалық – 11 169,7 мың (59,1%), ауылдық – 7 728,2 мың (40,9%) адам. 2020 жылғы 1 ақпанмен салыстырғанда халық саны 244,4 мың адамға немесе 1,3%-ке өскен. 2021 жылы қаңтарда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда 821 адамға немесе 3,6% төмендеп, 216,8 мың адамды құрады. Табиғи өсім 1000 адамға шаққанда 13,44 адам. АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2021 жылғы қаңтарда туғандар саны 34,2 мың адамды құраса, бұл 2020 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 0,6%-ке аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 21,17 туғандарды құрады.
Ресейде, керісінше, пандемия кезіндегі бала туу көрсеткіші былтырмен салыстырғанда артқан. Көрші елдің мемлекеттік статистика қызметінің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл қаңтар мен қазан аралығында дүниеге келген сәбилер саны 9 мыңға көп болған екен. Бірақ есеп палатасының сандары көңіл көншітпейді. Оларға сәйкес, биылғы алты айда халықтың табиғи азаю көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда шамамен 30%-ке артқан. Сарапшылар «оған коронавирустың әсері де болды» дейді. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы барлық ресурстар коронавирусты емдеуге бағытталған. Оның зардабын басқа науқастар тартып отырған көрінеді.
Ал, енді өңіріміздің статистикалық мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы ауданда 2126 сәби дүинеге келген. Ал, 2021 жыл басталғалы 3 айда 548 сәби жарық дүние есігін ашыпты. Алда әлі 9 ай бар. Мұны ескерсек, алдағы тоғыз ай ішінде 2020 жылғы есепті өсіммен жаңартуға болады деген үміт зор.

Ақбота Баянбай
---
05 сәуір 2021 ж. 395 0