Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Талап ортақ, тәртіп бір

Талап ортақ, тәртіп бір


Түстік уақыт. Жұмыс арасындағы үзілісте ас ішуге дәмханалардың біріне аяңдадық. Байқасаңыз адам қарасы қалың. Күн санап кент ішінде дәмханалардың да саны артып келеді. Сонда да түскі астың уақытында бос орын табу қиын. Карантин талаптары әлі де өз күшін жойған жоқ. Тойханалардың жұмысы тоқтады. Бірақ, дәмханаларда жиылған адамдарға қарап олай дей алмаймыз...
Карантин уағында жанданған кәсіптің бір түрі – дәмханалар. «Дәмді», «Белес», «Laim», «Neek», «Кәусар», «Ар-Ай» т.б орындарда адам аяғы үзілмейді. Яғни, бұрынғысы да енді ғана лентасын қиған дәмханалардың да жұмысы жүріп тұр. «Ар-Ай» дәмханасының иесі Бауыржан Сәрсенбекұлы кәсібін жуырда бастағандардың бірі.
– Кәсіп ашып, бір істің құлағын ұстау көптен бері ойымда жүрген еді. Мақсатыма карантин уақытында қол жеткізіп отырмын. Елдегі ахуал, аудандағы жай-күйге қарайлап, бүгінгі күннің сұранысына қарай бейімделуді жөн санадым. Дәмхана 60 адамға арналған. Түрлі ас мәзірі мен фас-фуд өнімдерін ұсынамыз. Ең бастысы карантиндік талаптарды сақтауға тырысамыз. Ауаны тазартып, тұтынушылардың бетпердемен келуін сұраймыз, – дейді.
Бұл күндері кент ішінде түрлі дизайндағы дәмханалар іске қосылып, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Бұл әрине қуанарлық дүние. Десек те, дәмхана болғандықтан бетпердені шешпей отыру мүмкін емес. Ал, олардың сыйымдылығы 60-70 адамға дейін барады. Жоғарыда айтып өткеніміздей түскі, кешкі астың уақытында іші лық толы болады. Ол жерде барлық карантиндік талап сақталып жатыр деп те айту қиын. Сондықтан болар тойхана иелерінің көңілінде бір кіжіл бар.
«Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дүниежүзілік дүрбелеңге қатысты жариялаған Үндеуі еді. Әлемді шарпыған дертті ауыздықтау үшін пенде біткен көп нәрседен тыйылды. Қатаң карантиндік талаптан соң, өзгеріске сүйенсек, кафе, мейрамханалар, ашық және жабық алаңда 50 адамға дейін жиналуға рұқсат етілді. Алайда, бәрінен бұрын карантиннің қатты қыспағына ұшыраған тойхана егелері болды. Бұған дейін «той тиылып, кәсіп тоқтады» атты мақалада кенттегі тойханалардың жай-күйі турасында айтқан болатынбыз. «Сыр сұлуы» ресторанының басшысы карантин басталғалы шығынның көбейгенін айтады.
– Осындай қиыншылықта бізді ойлаған, көмектескен, бір бағытқа сілтеген адам болған жоқ. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінен де, Атамекен ұлттық палатасынан да ешқандай көмек болмады. Өкпеміз қара қазандай. Сауда жасау үшін кез келген адам дүкен, базарларға барады. Ол жерде вирус жұқпайды да, тойханаға келсе жұғады екен. Бұны қалай түсінеміз? – дейді кәсіпкер. Мұнан соң «Мерей» тойханасының иесі ­Бауыржан Сәрсенбекұлы да тұралап қалған кәсібінің бүкіл шығынын өз қалтасынан өтеп жатқанын айтты. Жұмысшылары 2020 жылдың басында тарап кеткен. «Басшы да өзім, қосшы да өзім болып қалдым» деп сөзін түйіндеді ол.
Пандемия ешкімді аяған жоқ. Аға, бауыр, туған-туыстың тағдырын қиып кетті. Сондықтан болар, әлі де жұқпалы індеттің қайта өршіп кетуінен сескенудеміз. Себебі, ауру – адам не болмаса арнайы орын таңдамайды. 1 жыл бойы жұмысы тоқтаған тойхана егелері «50-60 адам ас ішкен жерде ауру болмай, 150-200 адам бас қосса жұқпалы дерт тарайды ма?» деп күйінеді. Расында, салық, су, жарық сынды мәселелер қалтаға салмақ салған соң шығыннан шығар жол іздемеске болмас. Бірақ, тойхананы дәмханаға айналдырғанымен тұтынушылардың келуі екіталай. Себебі, «кент орталығында орналаспаған соң табысымнан шабысым көп болады ма?» деп те уайымдайды олар.
Ал, «тойханалар қашан іске қосылады?», «Дәмханаларда қанша адамға дейін бас қосуға болады?» деген сауалдардың жауабын Шиелі ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Гүлзада Айтекеева берді.
– Талап ортақ, тәртіп бір. Бастысы санитарлық нормаларды сақтау қажет. Жұқпалы індеттің бетін қайтарғанымызбен әлі де болса ауру түбегейлі жойылған жоқ. Сондықтан, тойханалардың жұмысына әлі де шектеу қойылған. Оның қашан іске қосылатынын нақты айта алмаймын. Ал арнайы қаулыға сүйенсек кафе, мейрамханалар, ашық және жабық алаңда 50 адамға дейін жиналуға рұқсат етілген. Яғни, тамақтану орындарында бір үстелде 4 адамнан артық отырмау, көрші үстелдің арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтық сақталуы қажет, – деді.
Иә, 2021 жылдың 11 наурызында енгізілген №4 қаулыға сүйенсек Қызылорда облысы «жасыл аймақта» орналасқан. Десек те ұжымдық, отбасылық, мерекелік корпоративтер мен басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға қатаң тыйым салынған. Саралап қарасақ, рұқсат құрғыр дәмханаға бар, тойханаға жоқ екен. Біздікі «Байдың тамағын байғұс қызғаныпты» емес. Тек 1 жыл бойы тұралап қалған кәсіптің ендігі күніне алаңдаушылық. Ең бастысы адам денінің саулығы екені де дау­сыз. Алайда, ғаламтордағы ақпараттарға иек артсақ карантин 2022 жылға дейін созылуы мүмкін.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
29 наурыз 2021 ж. 356 0