Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРЕЖЕ ЖЕҢІЛ дегенмен талап қатаң

ЕРЕЖЕ ЖЕҢІЛ дегенмен талап қатаң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апта басында жариялаған мәлімдемесінде елдегі карантин мерзімін 11 мамырға дейін ұзаратынын айтқан еді. Бұған ең басты себеп – елде дерттің дендеуі азаймай тұр. Дегенмен Президент тұрғындар үшін бірқатар ереженің жеңілдей түсетінін жеткізді.
Мәлімдемеде «Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сонымен қатар Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын. Алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады. Мемлекеттік комиссияға Елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды. Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек. Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн. Кәсіпорын басшыларына және жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктеледі. Бұл орайда барлық деңгейдегі әкімдіктердің рөлі айтарлықтай артады», – деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы жарияланды. Онда жұмыс жасауға рұқсат етілген мекемелер мен шектеу шаралары жайлы айтылған. Шектеу шараларын жеңілдету екі кезең бойынша жүзеге аспақ. Алғашқысы 29 сәуірде басталса, екінші кезең 4 мамыр күні іске аспақ.
Мәселен, 29 сәуірден бастап Қызылорда қаласында қоғамдық көліктер шектеулі уақытпен қайта қатынай бастады. Атап айтқанда, облыс орталығында қоғамдық көліктер сағат 06.00-ден 09.00-ге дейін, кешке 18.00-ден 20.00-ге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен қатынайтын болады. Дегенмен аудандарда бұрынғыша қоғамдық көліктер жұмысы шектетілген. Сондай-ақ Қызылордада балаларға ересектердің ілесіп жүруімен ауладағы ойын алаңдарына сағат 06.00-ден 18.00-ге дейін шығуға рұқсат етілді. Бірақ 1,5 метрден кем емес ара-қашықтықты сақтау, медициналық бетперденің болуы міндетті. 65 жастан асқан адамдарға үй аумағынан қашыққа шығуға, саяжайға баруға тыйым салынды.
Енді штаттық режимде жұмыс жасайтын дәріханаларды қоспағанда, азық-түлік гипермаркеттері, оптомаркеттер, супермаркеттер, минимаркеттер, дүкендер, бірінші кезекте қажетті тауарларды (шаруашылық және гигиеналық тауарлар) сататын нысандар күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. сонымен қатар 65 жастан асқан адамдарды қоспағанда, жеке басын куәландыратын және саяжай учаскесіне меншік құқығын растайтын құжаттарды көрсете отырып, демалыс және мереке күндері сағат 06.00-ден 18.00-ге дейін саяжайларға барып-келуге рұқсат.
Одан бөлек қала және аудан әкімдігі белгілеген орындарда жеке және заңды тұлғаларға бетперделік режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып (1,5 метрден кем емес) күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен тұқымдарды және көшеттерді сатумен айналысуға болады. Мейрамханалардың, дәмханалардың, асханалардың және басқа да қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен жұмыс жасауға рұқсат етілді.
Банктер мен төлем қабылдайтын орындарда, кассаларда қызметкерлер мен клиенттердің температурасын өлшеуді міндетті түрде сақтауды, кезектерде ара қашықтықты сақтауды, бетперделік режимді, санитариялық-дезинфекциялық талаптар мен ережелерді қатаң сақтай отырып, халықты тиісінше қабылдай береді.
Біздің ауданда да карантин ережесі біршама жеңілдегенін байқауға болады. Мәселен, бірер күннен бері көлік жуу, жөндеу орындары мен бірнеше мекемелер жұмысын қайта бастады. Дегенмен тоқмейілсіп, арқаны кеңге жаюға әлі де болса ерте екенін ұмытпайық. Жиын-той, ауызашар беру секілді шараларға бұрынғысынша қатаң тыйым салынады. Блок-посттар да жұмысын жалғастыра бермек. Сондай-ақ тұрғындар эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанша бетперде киюге міндетті.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
01 мамыр 2020 ж. 601 0