КАРАНТИНДЕГІ ҚАЖЕТТІЛІК
Елдегі карантин адамдардың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай әсер еткенін айтып жүрміз. Соның әсерінен біреулердің кәсібі тұралап, жұмыссыз қалса, өзгелерінің керісінше айы оңынан туып карантин кезінде пайдаға кенелуде.
Мәселен, сәуір айынан бастап елдегі бүкіл мейрамханалар жұмысын тоқтатты. Сәйкесінше мейрамхана иелерімен қатар ондағы жұмыс істейтін аспаз, даяшы секілді жұмысшылар түгелдей табысынан айырылды.
Мәселен, сәуір айынан бастап елдегі бүкіл мейрамханалар жұмысын тоқтатты. Сәйкесінше мейрамхана иелерімен қатар ондағы жұмыс істейтін аспаз, даяшы секілді жұмысшылар түгелдей табысынан айырылды.
Нарықты қарасақ та, карантин кезеңінде адамдардың алатын тауарлар санаты да өзгерген. Киім мен косметиканы сатып алудың едәуір төмендеуі байқалды. Бірақ адамдар азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тауарларын көбірек сатып ала бастаған.
Айтып-айтпай не керек, пандемия кезеңінде интернет пен электронды мемлекеттік қызметтер бірінші сатыдағы қажеттілікке айналды. Халық қаншама уақыттан бері үйрене алмай келген «egov.kz» порталын карантин уақытында жедел меңгеріп алды. Қазір халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінбей-ақ, қажетті құжатын портал арқылы алушылардың көптігі сонша, кейде сайттың жүктемесі артып, күте тұруға тура келеді. Бұл – әсіресе, 42 500 теңге секілді жәрдемақыларға жаппай өтініш беру науқанында кездесетін жағдай.
Иә, онлайнның тиімділігі тек мемлекеттік қызметті алуда ғана емес, сауда да қызып тұр. Әсіресе, инстаграм әлеуметтік желісінде қызметін не тауарын жарнамалап, пайдаға кенеліп жатқандар жетерлік. Дәл қазіргідей базарлар мен дүкендердің жұмысына шектеу қойылған уақытта бұл – таптырмас мүмкіндік. Интернет сауданың тілін біліп, көзін тапқандардың асығы алшысынан түсіп тұр бүгінде. Мәселен, биыл алты айда Қазақстанда интернет дүкендерден 20 млн-ға жуық тауар сатып алынған. Осылайша отандық интернет дүкендерден алынған тауарлар саны өткен жылмен салыстырғанда биыл екі есеге өсті.
Сондай-ақ бұрын айтарлықтай қажеті болмаған «үйге дейін жеткізу» қызметіне де сұраныс артты. Әсіресе, дәмхана иелері фастфуд өнімдерін осы қызмет арқылы тұрғындарға ұсынып келеді. Оған жүгінушілер де аз емес. Одан бөлек киім дүкендеріне, атап айтқанда балалар киіміне онлайн тапсырыс беру қызметіне жүгінушілер біздің ауданда да артып отыр.
Алдағы уақытта дәріхана алдында сағаттап кезекке тұрмай-ақ, онлайн тапсырыс беру мүмкіндігі туады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин «Фармацевтика сегментінде антибиотиктерді онлайн сатып алуда кедергілер бар, себебі онлайн рецептураның болуын талап етеді. Ол үшін біз Денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс істеп, онлайн рецептілер жүйесін дамытамыз» деді.
Коронавирус кесірінен елімізде кей мамандар да мүлдем сұраныссыз қалды. Мәселен, жоғарыда атағанымыздай даяшы, жүк тасушы мен сатушылардың көбі екі қолға бір күрек таппай отыр. Өйткені олар қызмет ететін кәсіпорындар індетке байланысты жабылып қалған. Ал онлайн режимде жұмыс істейтін қызметкерлердің, керісінше айы оңынан туып тұр. Эпидемия басталғалы IT мамандары мен дағдарыс менеджерлеріне де сұраныс артыпты. Дегенмен мұндай мамандар Қазақстанда тапшы.
Коронавирустан кейін елімізде ғана емес, бүкіл әлемде медицина қызметкерлері, ғалымдар мен ұстаздардың мәртебесі өсетіні белгілі. Карантин кезінде балаларын қашықтан оқытып жатқан ата-аналар да мектептегі ұстаздардың, балабақшадағы тәрбиешілердің қадірін түсініп, олардың жұмысына құрметпен қарары сөзсіз.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ