Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортқа карантин кедергі емес

Спортқа карантин кедергі емес

Әлемді шарпыған пандемия тұрмысты тұралатып, кей саланың жұмысына кедергі жасаған еді. Төрт қабырғаға қамауға қауқарлы болған жұқпалы дерттің пәрмені карантин талаптарын да күшейтті. Онлайн жұмыс істеу, қашықтан білім алу, рухани-мәдени жерлерге саяхаттамау сынды шектеулер жұмыр басты пендені титықтатып, жалықтырып жіберетіні мәлім. Алайда карантинді де, коронавирус індетін де өзіне кедергі санамайтын адамдар бар. Олардың бірі – спортшылар. Иә, салауатты өмір салтын ұстану, дене шынықтыру үйде болса да үздіксіз жасала беретін амалдар. Тек осындай жаттығулармен айналысып, өзіңнің қажыр-қайратыңды шыңдауға ерік-жігер, ынта мен ынсап болса жеткілікті.
Осындай сындарлы уақытта Шиелінің жас спортшылары да сынбай, керісінше ширап, жаттығулары мен жарысқа қатысуларын әрмен қарай жалғастыруда. Айта кетейік, бүгінде ауданда екі балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Соның ішінде №9 Шиелі ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде спорттың 13 түрінен 960 оқушы жаттығады. Спортты жанына серік еткен жандардың ішінде ҚР-ның 4 спорт шебері, 59 спорт шеберіне үміткер, 77 спортшы І спорттық разрядын орындаған. Мектепте жаттығулардан бөлек бапкерлер кеңесі мен ашық сабақтар сондай-ақ педагогикалық жиындар өтеді. Ал №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 9 түрінен 882 оқушы шынығады. Мұнда да болашағынан көп үміт күтетін, байрақты бәсекеде беріспейтін спорт саңлақтары жеткілікті. Спорт мектебінің оқушыларына тек жаттықтырушылары ғана емес, күллі аудан тұрғыны үміт артатыны белгілі. Сол себепті оларға бір сәт босаңсуға болмайды. Осыны ескерген жаттықтырушылар бір сәт жас спортшыларды жарыстан қалдырған емес. Тіпті карантин уақытында да аудандық, облыстық байқауларда бақ сынауда.
Мәселен, жуырда кермеге тартылудан М.Абатбай жүлделі ІІ орынды иеленсе, футбол фристайлдан А.Әділбекұлы да ІІ орынды қанжығасына байлады. 16 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында жалпы дене жаттығуларынан облыстық жекелей біріншілікте аудандық спорт мектебінің оқушысы Н.Кеңесбек ІІІ орын алды. Елдегі ахуалға байланысты таэквонда да онлайн режимде өтуде. Оған ауданнан 15 оқушы қатысқан. Оның ішінде оқ бойы оза шыққан жерлестер Н.Кеңесбек І орын алса, Н.Тұрсынбай мен Ю.Воронов ІІ орын, Ж.Кеңесбек және Ы.Рысбаев ІІІ орынды иеленді. Ал жасөспірімдер арасында Н.Сағындықова ІІ орын, А.Сағындықова, А.Ермекбаева, Н.Темірбаевқа ІІІ орын бұйырды.
Спортпен айналысудың пайдалы екені жиі айтылып, жарнамаланып келеді. Алайда көбіміздің кежегеміз кері тартып, дене шынықтырумен тұрақты айналыспайтынымыз шындық. Ал коронавирус індеті осы олқылықтың орнын толтырғандай. Індет таралып жатыр дегенде-ақ әлеуметтік желіде спортшылар ғана емес, қарапайым тұрғындардың да жаттығу жасап, салауатты өмір салтын насихаттайтын видеолары желдей есті. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді енгізілген карантин тәртібінің қазақстандықтарға әсер еткен пайдалы тұсы – осы. Алдағы уақытта да спортпен айналысып, денсаулығымызды қатаң қадағалауды естен шығармағанымыз жөн.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
24 қазан 2020 ж. 340 0