Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тышқан жылындағы тірліктің түйіні

Тышқан жылындағы тірліктің түйіні

Ай дөңгелеп, жыл өтті. Тышқан жылындағы тіршіліктің тінін тарқатып, жылдың соңын жақсы жаңалықтармен қорытындылауды да жақсы ырымға балау­шы едік. Расында, биылғы жыл әлемдік пандемияның әлегімен өтті. Дегенмен өткен жылға өкпе артпайтын қазекем жаңа жылда жақсылыққа үміт артып отыр. Ең бастысы, каронавирус сынды жұқпалы індет те осы жылмен бітсін деген тілек көкейімізде сайрап тұр.
Жан біткенді тышқандай ініне тыққан пандемияның салдары сан саланың ішін шарлап шықты. Дегенмен шиеліліктер үшін биылғы жылдың басты жаңалығы жаңа әкім Қамбарбек Амангелдіұлының келуімен басталды. «Тұлпардың жүйрігін білгің келсе, бәйгеге қос» демекші сындарлы шақта халықты алға сүйреген аудан әкімі келгеннен әлемдік пандемиямен күресуді бастады. «Ә» дегеннен алты орап алған каронавирус індеті шиеліліктерді де айналып өтпеді. Қиын-қыстау мезетте халықты сабырға шақырып, блок бекеттер мен ақ халаттылардың жай-күйін назарға алған аудан басшысы осылайша іске кірісіп кеткен еді. 2020 жылдың наурыз айында басталған жұқпалы дерттен қорғану үшін бетперде мен дәрі-дәрмектің тапшылығы да сезілді. Осы сәтте кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс жасап, халыққа қолдау таныту да оңай іс емесі анық. Бұл мәселелерде еріктілер де шет қалмады. Ал олардың еңбегін соңына тарқатып айтамыз. Ал қазір ауданның әлеуметтік, экономикалық ахуалы жайында да сөз қозғай кетсек.
Биыл Қызылорда облысы ақ күріштен тау тұрғызып, рекордты жаңартты. Бұл көрсеткіште шиелілік диқандардың үлесі зор. Қиын-қыстау мезетте қажыр-қайратын бойға жиып, жылдық азықты қамдаған шаруалар 29 461 гектар жерге өнім егіп, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 30 653,2 млн теңгенің өнімін өндіріп аудан экономикасының тұрақталуына ықпалын тигізді. Өнім дегеннен туындайды, осы жылы ауданда өнеркәсіп орындары арқылы 33,8 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 13,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 167,1 процентке артқан. Сонымен қатар аудан халқы кәсіпкерлікке ерекше ден қойып келеді. Мәселен, биылғы жылы шағын және орта кәсіпкерлікке тіркелгендер саны 5 180 субъектіге жетіп, өткен жылға қарағанда 108,9 процентке көбейген.
Биылғы жыл есте қалар жыл болды. Оған Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу-Насыр әл Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750 жылдығы сынды айтулы мерейтойлар мен даталарды айтуға болады. Ұлы Абайдың даналығын, Әл-Фарабидің философиялық ойларын, Алтын Орда тарихын тышқан жылының тасасында қалдырмай, карантиндік талаптарды ескере отырып түрлі іс-шаралар ұйымдастырылғаны баршамызға мәлім. Бұл ретте аудандық мәдениет үйі қызметкерлері мен аудандық «Арман» мәдениет үйі қызметкерлерінің онлайн концерттік бағдарламалар мен байқаулар ұйымдастыруы бас бармақты көтеріп баға беруге тұрарлық іс болды десек те болады.
2020 жыл «Еріктілер жылы» деп аталуын қазақ елі үшін сәттілікке балағанын айтпасқа тағы болмас. Себебі ел басына күн туғанда жақсылығы үшін ақы сұрамай, індеттің бетін қайтаруға білек сыбана кіріскен де осы жандар. Шиелі ауданында 130 ерікті жасы мен жасампазы бетперде тігіп тегін таратуға, қарттарға жәрдемдесуге, жарлының жайын, кедейдің халін білуге бекініп, аянбай еңбек етті. Еріктілердің елеулі ісі ескеріліп «Ерікті болу – ерлік» атты волонтер жылының жабылу салтанатында марапат төрінен көрінді. Аудан әкімі де еріктілерге ізгі ниетін арнап, Ы.Қаппаровқа, Л.Әнәфияевқа, Б.Жұманазарұлына, Ж.Жұмановаға алғыс хат табыстады. Аталған шарада аудан көлемінде волонтерлік жұмыс атқарып, ерекше көзге түскен 10 ерікті жас «Үздік волонтер» жастар сыйлығы және 30 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
Жылдың басы сынақпен басталғанымен соңында жағымды жаңалықтар елдің еңсесін көтере түсті. Оған жуырда ғана облыс әкімі Г.Әбдіқалықова лентасын қиған «Көкшоқыдағы» 18 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйді жатқызар едік. Қаншама жылдан бері темір тұлпар тізгіндеген тұрғындар кептелісте тұрып, армандаған көпірге қол жеткізді. Ы.Жақаев, Бидайкөл ауылы тұрғындарын қуанышқа бөлеген көгілдір отын Байсын ауылына да кіргізілді. Биылғы жылы кентпен қатар ауылдық округтерде балалар ойын алаңы тұрғызылып, ел игілігіне берілді. Сондай-ақ аудан әкімі уәде еткен кенттің кіре беріс А.Яссауи көшесі бойында скверлер салынуда. Ең бастысы пандемия жылында бүгінге дейін 2079 перзент дүние есігін ашыпты. Осылайша, тышқан жылында тындырылған біршама тірліктің түйінін халық санының артуымен түйіндегенді жөн көрдік.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
30 желтоқсан 2020 ж. 317 0