Ұлт саулығы сынға түскен сәт
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пандемияның салдарынан дүрліккен елдің көңілін басып, үндеу-мақаласын жолдады. Онда «Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын» деп бастады. Осы жолдардан-ақ Ұлт көшбасшысының халыққа не айтпақ болғанын аңғаруға болады. Коронавирус індеті жайлаған мынадай қиын-қыстау кезеңде Тұңғыш Президент халықты дүрбелеңге салынбай, сабырлы болып, бар қиындықты сабыр мен төзім арқылы жеңуге шақырған.Мұны барша қазақстандықтар үшін осындай дүрбелең кезеңде елдігімізді сақтауда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылайық деген көрегенділіктің үлгісін көрсеткен бағамды мақала деп түсінуіміз керек. Бүгінгі таңда Елбасы халыққа әлемді «шарлап» кеткен коронавирус дертінің қатерлі екенін, ол Қазақстанға ғана емес, бүкіл дүниежүзіне қауіп төндіріп отырғанын баса айтып, бірге болайық, бірлігіміз жарасса, алынбайтын қамал жоқ, жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынын жеткізді. Бұл жұқпалы індетпен күресіп жатқан Шиелі халқы үшін нағыз қолдау болды.
Еліміздің бейбіт те берекелі күнделікті тыныс-тіршілігі, міне, біраз уақыт болды, күрт өзгеріске түсті. Қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтардан өзгеміз оқшаулаумен күн кешіп, алыстан жұмыс істеудеміз. Бұл күндер барлығымызға оңай емес және тыныш өмірдің, еркіндіктің қадірін, тіпті кешке қарай далаға серуенге шығу, туысыңмен, дос-әріптестеріңмен кездесіп, мәслихат құрудың қандай бақыт екенін сезіндіре түсті.
Ойымның соңында бұл мақала халқымызды сабырға шақыратын, елдігімізді сақтауда бас қосу керектігін баса айтқан, ұнжырғамызды түсірмей, еңсемізді көтеріп, қазақтың басынан өтетін бұл да бір кезең екенін айтқан салиқалы еңбек дегім келеді.
Патима МАХАНБЕТ,
«Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары