Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тыныштығын елдің күзеткендер

Тыныштығын елдің күзеткендер

Әп-сәтте әлем халқын айналып өткен «COVID-19» пандемиясы бұқараның көңіліне үрей туғызғаны аян. Осындай қиын-қыстау мезетте елдің тыныштығын күзетіп, алдыңғы шептен табылған әскери қызметкерлердің еңбегі де ескерусіз қалмайды. Кеше Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Амангелдіұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен арнаулы әскери жиынға алынған азаматтарды марапаттады.

Жалын оттай шарпыған тәжтажалдың тырнағы батпаған жер қалмады. Қалың халықты төрт қабырғаға қамап, ең асылы денсаулықтың қадірін ұқтырған жұқпалы індетпен күресу жолында тиісті шаралар қолға алынды. Тұрғындарға «Үйде бол» деп үндеу тастап, блок-бекеттермен жолға тосқауылдар қойылды. Бұл – халықтың денінің саулығы үшін жасалған сақтық шаралардың бір парасы. Ел басына күн туғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлығын жариялап, дертпен бірлесіп күресудің тиімді жолдарын ұсынды. Онда «Ең алдымен шақыруға – елге өз бетінше көмектесіп, қиын жағдайда қоғамды қолдауға, өз күш-жігерін жұмсауға мүдделі адамдар тартылмақ. Аталған жиындардың негізгі мақсаты – халықтың денсаулығын қорғау. Сол себепті әскери міндеттілер медициналық қызметтерді, оның ішінде дезинфекциялау жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар жекелеген өңірлерде жиындарға шақырылған азаматтар – тасқынмен күреске, елді мекендерде және бекеттерде құқықтық тәртіпті күзетуге де жәрдем көрсетеді. Сондай-ақ жиын кезінде әскери міндеттілердің жұмыс орындары мен олардың лауазымдары сақталып, жұмыс орны бойынша оларға еңбекақы төленеді. Мәселен, әскери шақыртуға дейін әскери міндеттінің жалақысы 200 мың теңге болса, арнаулы жиынның әр айында сол соманы алатын болады. Ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі жалақы 42 500 теңге беріледі» – делінген еді.
Жоғарыда аталған Жарлыққа сәйкес, аудандағы төтенше жағдай кезіндегі тиісті шараларды жүзеге асыру үшін АҚІЖБ-не 60-қа тарта адам өтініш білдірген. Сындарлы шақта аудандағы ахуалға алаң білдірген ерікті азаматтардың ішінен әскери борышын өтеген 24 ерікті әскери міндетті іріктеліп алынып, блок-бекеттер мен дезинфекция жұмыстарына тартылған. Жасаққа алынған азаматтар аудан тұрғындарының амандығын, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бағытында тындырымды тірліктер атқарды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жұмылған жұдырықтай бірлесіп, коронавируспен күресуде ауызбіршілік танытады. Осы орайда аудан әкімі Қ.Мүбараков «Төтенше жағдай кезінде өз бастарын қауіп-қатерге тігіп, алдыңғы шептен табылған әскери қызметкерлерге алғыс білдіремін. Бұл ретте Шиелі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің еңбегі зор. Президент сенім артқан үдеден шығып, қиын мезетте аянбай қызмет еттіңіздер» деп арнаулы әскери қызметкерлерге арнайы марапатын ұсынды.
Айта кетейік, арнайы жиынған аудандағы 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар тартылып, мемлекет тарапынан бөлінген 42 500 теңге берілген. Олар 2020 жылдың 21 сәуірінен 20 мамыр айы аралығында 1 айға тарта жұмыс істеді. Арнайы жасақталған сарбаздар төтенше жағдай кезінде қажетті киіммен, уақытылы 3 мезгіл ыстық тамақпен және медициналық бетперде, антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілген.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ


23 мамыр 2020 ж. 575 0