Тоқаевтың елді неліктен әскерге шақырғаны белгілі болды
BAQ.KZ. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев президенттің әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы жарлығын түсіндірді.
Төтенше жағдай туралы заңға сәйкес, 2 сәуірде мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыратын жарлыққа қол қойды. Бұл жарлықтың негізгі мазмұны - әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Аталған жарлық әкімдерді аумақтық әскерді толығымен жинауды міндеттемейді, - дейді Нұрлан Ермекбаев.
Оның айтуынша, жиын заңға сәйкес үш айға дейін созылуы мүмкін.
Дегенмен де жиынның мерзімін өз қажеттілігіне қарай жергілікті атқарушы орган белгілейді. Олар арнайы қаулымен әскери шақыруды ұйымдастырып, оны ерте аяқтауы мүмкін. Мысалы, кейбір өңірдегі әкімдер әскери жиынды 10 күнде ұйымдастырса, кейбір өңірдегі қажеттілік пен барлық шараның орындалуына қарай ертерек аяқтауына мүмкіндік болады, - деді министр.
Оның айтуынша, жекелеген аймақтардың әкімдері 10 күндік, кейбірі одан да ұзақ әскери жиынды ұйымдастыруына болады.
Жалпы, мұндай жиын заң бойынша 3 айға созылуы мүмкін. Кейбір өңірлерде әскери міндеті бар азаматтарды шақырудың мүлде қажеттігі болмайды. Әскери бөлім орналасқан аймақтарда әскери қызметшілердің біршама бөлігі қазірдің өзінде жұмысқа тартылған. Бекітілген тапсырмаға сәйкес жұмыстарын атқарып жатыр, - деді Нұрлан Ермекбаев.
Айта кетейік,Ақорданың сайтында Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы жарлығы жарияланған болатын.