Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерге туыңды тік!

Туған жерге туыңды тік!


«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».
Елбасы Н.Назарбаев «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.

Биылғы жыл аудан халқы үшін ерекше жауапты жыл болмақ. Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толады.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап қалыптасуы мен өсу-өркендеу тарихында келер ұрпақтың кемел келешегі жолында қаранардай қайрат көрсеткен, ертеден кешке дейін бел жазбай еңбек етіп, ел ырысын молайтуға негіз қалаған аға ұрпақ рухына тағзым етеміз.
Асқан дарынымен де, қаламгерлік қарымымен де аудан тарихынан ойып тұрып орнын алған ұлы тұлғаларымыздың болғанына шүкіршілік. Өткенді бағалау – бүгінгі күнді бағдарлау үшін де ауадай қажет. Өткен ғасырдың тар жол-тайғақ кешулерінен аман өткен аға ұрпақтың бізге қалдырған ұлағат және аманат боларлық құндылықтары мен рухани мұрасы да ұшан теңіз.
Ол кезде Скобелевск (қазіргі Шиелі) кенті Жөлек уезіне қараған 12 болыстық бөліністің бірі ғана болған деген тарихи дерек бар. 1893 жылы Жөлектегі орыс-қазақ мектебінің аймақтағы бірден-бір оқу орны болғаны, 1905 жылы Орынбор-Ташкент теміржол құрылысының аяқталуы, халықтың тұрмыс тіршілігіне айтарлықтай оң әсер еткен үлкен жаңалық болған. Жөлек бекініс қорғаны алыс-беріс, сауда-саттық орталығы ретінде, отырықшылық кәсіп, егіс, бау-бақша салу үрдісі ерте дамыған, сырт елдермен тығыз қа­ты­наста болған деседі.
Ал, ресми құжат бойынша Шиелі болыс орталығы 1919 жылдың 19 мамырында жаңа атауға ие болса, дербес аудан орталығы болып шаңырақ көтерген тарихы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қаулысымен бекітілген 1928 жылы 28 қыркүйек айынан басталады. Сол кездегі аймағымыздағы іргелі ауданда шағын-шағын 59 ауылды біріктірген 5420 қожалық (оның 1340-ы басқа ұлттан) және «Еңбек», «Шайла», «Ынтымақ», «Батрақ», «Ащықұдық» колхоздары болып ұжымдасқан. 2 ғана қазақ орта мектебі (бірі Ортақшылда, бірі аудан орталығында) болған.
Алғашқы аз қуатты электр станциясының салынуы мен тұңғыш телефон, радио желілерінің тартылуы да осы жылдарда болған жаңалықтар.
Күріш дақылын егіп, кейіннен әлемге әйгілі рекордтар мекеніне айналған «Қызылту» колхозы да сол кездері ұйымдастырылып, дала академигі атанған Ыбырай атамыздың даңқты еңбек жолы осы жерден басталған. 1936 жылы Ы.Жақаев бірінші рет күріш өсіруде ұжымдық сипат берген звеноға жетекшілік жасайды. Басты дақыл кейіннен аудан ғана емес, бүкіл облысымыздың экономикалық тірегіне, шаруашылық жүргізудің локомотивіне айналғаны белгілі.
1938 жылдың ақпанында Приморье өлкесінен еріксіз қоныс аударылған үш жүзге тарта корей ағайындардың қосылуы да бұл кәсіптің қыр-сырына үңіліп, жоғары өнім алуда өзара социалистік жарыс аталған бәсекелестік туғызып, тың серпін бергені шындық. Сол жылы Қызылорданың облыстық мәртебе алуымен Жаңақорғаннан бөлінген Шиелінің дербес аудан болып жеке отау тігуі, басқару құрылымының өзгеріп жетілдірілуіне оң ықпалын тигізген. 31 ауылды біріктірген 9 ауылдық кеңес пен 2 кентке қарасты 23 мектепте 3,5 мыңдай бала оқытылған. Аудандық «Стахановшы» газеті шығарылып, мәдениет саласында біршама оң өзгерістер байқалып, шаруашылық та әртараптандырылды.
Мақта, жүгері, бидай егісі мен мал шаруашылығын өркендетуде қол жеткізілген жетістіктер нәтижесінде алғашқы «орденоносец»-тер, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Мәлике Басанова мен жыр дүлділі Нартай ақынның Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне қатысуы – ұрпақтар жадында сақталуға тиісті, сол жылдардың айтулы оқиғалары.
Дарияның «Төменарық» тұсынан саға алып, 27 шақырым қолдап канал қазуға жұмылған жанкешті халықтың тау қопарарлық екпінін екінші дүниежүзілік сұм соғыс қана бұзғаны өкінішті-ақ!. Мұнан кейінгі уақыттарда соғыс жылдарының бар ауыртпалығын көтерген, аталарымыз бен аналарымызға қолқанат болып жүріп жетілген соғыс солдаты ұрпақтарының өзі бүгіндері сексеннің сеңгіріне шығыпты. 1970-ші жылдарға дейін соғыс және одан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру мен жүргізуде ең бір өсу-өркендеу жылдары болғаны, жаппай еңбекке жұмылған халықтың таңқаларлық ерлігі десек болады. Шаруашылықтың сан саласында үздік ұйымдастырушылардың бір топ шоғыры қалыптасты. Олардың арасынан өзара жарыстарда озып шыққан Шеген Қодаманов, Константин Хван, Жолдасбек Ердешбаев, Әзімхан Смайылов, Хан Леонтий мен Бәкір Тоқбаулин, Әнуарбек Сапақовтар мен Рахмет Нұрекеев, Әбутәліп Бижанов пен Сәттібай Алпамышев сияқты т.б қайраткер тұлғалар шықты.
Бүгінгі мақсат – ауданның 90 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында жыл бойына, бүгіндері қол жеткізген барлық игіліктердің алғышарттарын жасап, ерен еңбек үлгісін көрсеткен аға ұрпақтың жанқияр жасампаздығын ұрпақтар жадында жаңғырту және насихаттау. Өйткені, жаңа биіктерді бағындыруға серпін берерлік, бүгінгі біздердің қанымызда бар болуға тиісті рухани код осы болса керек-ті.
Жарияланғанына 27 жыл толатын Тәуелсіздігіміздің көк Туы астында, Елбасының халыққа арнаған Жолдаулары аясында қабылданған түрлі бағдарламалардағы мемлекеттің қолдауын пайдаланып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуда ерен еңбек үлгісін көрсету бізге аға ұрпақ пен келер ұрпақ алдында бірдей абырой әперерлік перзенттік борышымыз деп ұғуға болады.
Еңбек Ерлерінің соңғы тұяғына жататын Шырынкүл апамыз бастаған, әзірге бақуатты, санасы сергек, еліміздің тыныштығына, өсіп-өркендеуіне тілекші болып отырған осы тұрғылас бірқатар қарттарымызды тағдырдың өзі ұрпақтар үшін сақтап, «алатындарыңды алып қалыңдар» деп емеурін танытатындай.
Алыптарымыздың шын мәнінде алар орындарының биік екендігі облыс көлемінде өткен ғасыр адамы болып танылған 10 адамның 5-нің шиеліліктер екендігінен де көруге болады. Өкінішке орай, тәуелсіздіктің таңы атып, елінің егемендігін алған бақытын көпшілігі көре алған жоқ.
Кешегі өтпелі кездің орын алған өз қиындықтарын да аға ұрпақ өкілдері бас­тан өткерді.
Еліміздің бағына туған Елбасымыздың тыңнан түрен салған жаңа экономикалық бағыты мен салиқалы саясаты арқасында ел еңсесін тез көтерді. Үстіміздегі жылы 20 жылдығы тойланғалы отырған Елордасын салып, әлем мойындаған іргелі мемлекетке айналдық. Онда Мәңгілік Ел атануға бел буған Ұлы көштің қарышты қадамына бой түзеген туған жеріміздің де өзіндік үлесі бар.
«Қазақстанның дамығанын Қызылорда облысының дамығанынан көруге болады» – деген Елбасының қанатты сөзіне арқау болған, аймақ басшысы болып Сырдың төл перзенті Қ.Е.Көшербаевтың келуімен, облыс экономикасы мен әлеуетінің қарыштап дамуының, бас қаламыздың гүлденіп адам танымастай өзгергенінің куәсіміз.
Облыс орталығында салынған тұрғын үй көлемі бір жылда 8 есеге артып, Республика бойынша ең алдыңғы қатарға шығуы, Қызылорда шыны зауытының соғылуы, Шалқия қорғасын-мырыш кеніші өндірісінің жандануы т.б көптеген индустриялық-иновациялық бағдарламардың іске асырылуы аймағымыздың дамуына серпін беретін оң өзгерістер. Қызылорда облысының барлық аудан орталықтарының газға қосылуы, жаппай орта және шағын кәсіпкерлікке бетбұрыс жасау бағытындағы қолға алынған шаралар және миллиардтап саналатын мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болуы осы жылдардың жемісі.
Мұндай қарқынды жұмыстардан өз ауданымыз да тыс қалып отырған жоқ. Өздеріңізге мәлім, тек соңғы жылдары ауданда 22 орта мектеп, көптеген дәрігерлік, мәдениет нысандарының бой көтеріп, жүздеген шақырым жолдардың төселіп, заманауи құралдармен жабдықталған сәулетті емхананың жаңа ғимаратқа көшірілуі, кент орталығынан 150 төсектік орталық аурухана құрылысының басталуы, Кеңес билігінің тұсындағы 70 жылда атқарылмаған, салыстыруға келмейтін ауқымды жұмыстар.
Кезінде 12 мың тұрғынға арналып салынған кент орталығын жарып өтетін 2 бірдей ата жаптардың іші бетондалып, ыза суы төмендеп, аяқ су мәселесі шешімін тапты. Ондаған шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселіп, жарықтандырылды. Облыста бірінші болып жаңа технологиямен түйе сүтінен шұбат, құрт өнімдері шығарылды. Құс фермасы іске қосылып, күніне 20 мың дана жұмыртқа өнімін беріп отыр. Заманауи технологиямен, халықаралық нарықта сұранысқа ие жылдық қуаты 1 млн.тонна тампонажды цемент шығаратын «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты құрылысы қарқынды жүруде. Соңғы үлгідегі құрылғылармен жарақтанған «Шиелі Жолшы» темір-бетон және асфальт зауыты жаңа технология талаптарымен салынды.
Қаратау бөктеріндегі Ванадий өндірісінің кезең-кезеңмен жоспарлы іске қосылуы, 4 мекеменің әртүрлі фракциядағы қиыршық және әк тастарын өндіру және әк күйдіру, бұған дейін де уран өндірісі болған ауданымызды шикізат өндірумен ғана емес, оны өңдеу және дайын өнім шығарып сатуға мүмкіндік беретін жаңа жобалар.
Облыс әкімінің тікелей басшылығы арқасында, уақытында қитұрқы әрекеттермен қолды бола жаздаған егістік жерлеріміз қайтарылып, су тапшылығына тәуелді болудан құтқарған дария арнасына заманауи үрлемелі тоспа құрылысы салынып, аудан егіншілерінің мерейін үстем етті. Нәтижесінде егіс көлемі 3,5 мың гектардан 13 мың гектарға дейін ұлғайды. Қорыта айтқанда, ауданның 90 жылдық мерейлі мерекесіне тарту етерлік қомақты табыс­тарымыз болмақ.
Осы ауқымды жұмыстарға қолдау көрсеткен аймақ басшысына аудан тұрғындарының алғысы шексіз.
Елбасы рухани жаңғыруды мақсат еткен өз мақаласында еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын айтып, бізге бойға сіңген таптаурын қағидалардан тез арылып, заман ағымына икемделудің нақты жолын көрсетіп берді.
Расында, оң нәтиже деп отырған бірқатар ауқымды жұмыстар бар болғанымен, ол – негізінен түрлі саладағы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар түріндегі үлкен қаржылық қолдаумен ғана жеткен жетістіктер екенін түсіну керек. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде беріліп отырған осы мүмкіндіктерді де, өкінішке орай, толыққанды пайдалана алмай отырған жағдайларымыздың бар екені шындық. Заман талабын тез түсініп, нарықтың көшіне ілесіп, қара үзіп жеке шыққан азаматтарымыз бар. Күні бүгін аудан экономикасын алға сүйреп, кәсіптің әлеуметтік жауапкершілігін арқалап жүрген сол азаматтарға алғысымыз шексіз.
Осының бәрі де қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын көздің қарашығындай сақтап отырған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған мемлекеттік саясатының арқасында ие болып отырған тәу етіп, шүкіршілік жасайтын материалдық және рухани құндылықтар мен игіліктер екенін ұмытпауымыз керек.
Құрметті жерлестер! Ауданның 90 жылдығын атап өту, тек қана аста-төк қазан көтеріп, бәйге беріп, бірер күн думандатып тарқасатын той тойлау емес. Ол – 2018 жылдың алғашқы күндерінен басталып, маңыздылығы жағынан стратегиялық бағдарламаларға теңдес Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мен «Астананың 20 жылдығы» аясында жыл бойы өткізіліп жататын қоғамдық-саяси, тәлім-тәрбиелік, мағына-мазмұндық сипаттағы мәдени көпшілік шара болуға тиіс.
Күзгі қорытындылау жиынға «Тәуелсіздікке тарту!» тақырыбымен, жыл бойы өтетін, аудан өмірінің барлық саласын қамтыған нақты жұмыстармен келуіміз керек.
Ағымдағы жылы 1 кент және 13 ауылдық округ жаңа бюджеттік саясатқа өтеді. Осы орайда кент және барлық ауылдық округтерге ауылдың өз бюджеті есебінен ішкі шаруасын шешуде қаржылық негіз болатын шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына үлкен бетбұрыс жасау міндет. Бұл жерде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын басшылыққа алып орындау – тікелей кент және ауыл әкімдерінің міндеті.
Осы жұмыстарды атқару – күні ертеңгі боларлық барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру жиналыстарынан кейінгі әрбір апта, әр айдың қорытындысымен қатаң сұралатын және тиісті шаралар қабылданатын, жыл бойына атқаратын жұмыстарымыз.
Аталған бағдарлама аясында Жол картасын дайындап, көкөніс, бақша және т.б дақылдарды егуді еселеп күрт көбейтіп, оларды кластерлік жүйеге негіздеу, өнімді экспорттауға бағыт алу. Оған жердің де, елдің де потенциалдық қуаты жетеді тек ұйымдастыруға ынта мен жігер керек.
Нарық заңдылығы үстем болған жаңа қоғамдық қатынастар жағдайында материалдық игіліктер пайдалануда теңгермешілдік саясатқа жол жоқ. Данышпан Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей...» дейтін сөзі, нарық заманы талаптарын дәл сипаттайды. Қай қоғамда болмасын, әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың болатыны тіршілік заңдылығы болса керек. Аудан бойынша тұрмыс деңгейі өте төмен, қамқорлығымызға алып қолдау көрсетіп отырған 127 отбасы бар. Оларға жыл бойы ұйымдастырылатын қайырымдылық шаралар мен көрсетілетін материалдық және моральдық қолдау жалғасын табатын болады. «Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу» бағдарламасы бойынша бұл жұмыстар одан әрі күрделене түсіп отыр.
Десек те, осы отбасылардың әрбірінің ата-анасы, қандас туысы, жақын жұрағаттарының бар екенін естен шығарып жатамыз. Заманында өз жұрағатымызды былай қойғанда, тағдыр талқысына түсіп, жер ауып келген түрлі ұлт өкілдеріне де пана болып, ұядай үйінің бұрышынан орын берген, қара көжені бөліп ішкен атаның баласы емес пе едік?..
Осы себепті, аудандағы мекеме, ұйым, өндіріс басшыларын, қалталы азаматтарды айналамызда жүрген тұрмысы төмен отбасыларына көмек қолын созып, сауапты іс атқаруға шақырамын.
Кент және ауылдардағы әрбір отбасы өз үйлерінде жылыжай орнатып, аса бір күрделі шығындарды қажет етпейтін бөдене, тауық, қаз, үйрек, түйетауық және қоян өсіруі керек. Ол тұрғындарға кәсіптің де, кірістің де көзі боларлық пайдалы іс. Жөлектегі 10 сотық жерді ойып балық, 70-80 қаз, үйрек өсіріп әулетін асырап отырған Төлеуовтердің отбасы мен өз қаражаттарына спорттық ғимарат салып азаматтық танытқан осы ауылдағы 5 жігітке мың алғыс! Дәл осы тектес жұмыстарды кәсіпкер жерлестеріміз – Ақмаяда Д.Жұмбеков, Алғабаста Е.Машрапин, Бестамда Б.Қозыбаевтардың да жалғастырғаны, басқа да қалталы кәсіпкерлерімізге үйренуге де үлгі етуге де боларлық үлкен істер.
Осымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айында ғана «Туған жерге тағзым» кіші бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада, жерлестеріміз физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев пен Т.Жүргенов атындағы Ұлттық университеттің профессоры Әбілқасым Сәрсенбаев аудан жұртшылығымен кездесіп, бірі – аудан орталығындағы 2 бірдей мектепке жоғарғы математиканың қыр-сыры жайлы (мас­тер класс) сабақтар өткізіп, екіншісінің – орталық мәдениет үйі кіші залында өзі салған суреттерден көрме өткізіп, әрқайсысы өз саласында жастарды оқу мен өнерге шақырғанын, туған жерге тағзым жасаудың бір нышаны ретінде бағалауымыз керек.
Ауданымызда тұнып тұрған тарихы тереңнен сыр шертерлік киелі орындар да жеткілікті. Бір ғана «Оқшы Ата» (XI ғасыр) әулиелер кешені мен Қаратау жотасындағы «Бала Сауысқандық» шатқалындағы жартастарға салынған атам заманғы шежірелі суреттер (шоғыры) галереясын (петроглифтер) айтсақ та жеткілікті. Онда біздің заманымызға дейін екінші мыңжылдықта салынған таңбалы тастарда ықылым заманда өмір сүрген бабалардың қолтаңбасы мен іздері сайрап жатыр. Бұл киелі орындарды көпшіліктің көруіне жағдай туғызу үшін, ауданда кіріс көзі боларлық жаңа кәсіптің түрі – туризм саласын дамытуды қолға алуымыз керек.
«Ауылына қарап, азаматын таны» – демекші елді мекендердің жалпы эстетикалық мәдениетін қалыптастыру, күнделікті тіршілікті өзіміз тұрған үй мен ауламызды сыпырудан бастап, кент, ауыл көшелерін таза ұстау, аяқ су жолдарын ашуы мен көктемгі көркейту- көгалдандыру сияқты жұмыстарға көпшілік болып атсалысу әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы болуға тиіс.
Әрбір ауылдық округтердің мәдениеті мен өнері, спорттық жетістіктері, көше, аула тазалығы мен қоғамдық тәртіп, оқу-білім деңгейі мен қалыпты қоғамдық-саяси ахуалдың тірегі болуға тиісті қазіргі қауымдастықтың нәтижелі жұмыстары біріңғай тәртіппен, өзара жарыс түрінде өткізуді міндеттеймін.
Өздеріңізге белгілі үстіміздегі жыл­дың қаңтар айының алғашқы он- күндігінде Елбасы Н.Назарбаев жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкес республика халқына арнап «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялады.
10 негізгі бағыттан тұратын айтулы Жолдауда алға қойған міндеттер Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, ел экономикасын түбегейлі замануи цифр­лы технология арқылы жандандыруға бағытталды. Мұндағы мақсат, Қазақ елінің алдағы уақытта әлемдегі озық 30 елмен иық тіресе алатындай әлеуетін арттыру болмақ. Жолдаудағы міндеттерді еңсерген жағдайда әлемдік аренадағы сая­­си беделіміз арта түспек.
Құрметті жерлестер! Бұл Жолдауда көрсетілген және міндеттелген тапсырмалар әлемдік даму үрдісімен үндесіп, қазақстандықтардың да соңғы үлгідегі цифрлы технологияға қолжетімділігін қамтамасыз ету қамынан туған қажет­тіліктер болып табылады.
Осының аясында бүгінгі таңда «ақылды ұлт үшін ақылды қалалар» яғни «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастыра отырып, еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапаны арттыру бас­талып кетті. Сондай-ақ, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу де күн тәртібіндегі мәселелер болатын. Азия және Еуропаның дамыған алдыңғы қатарлы елдері бұндай игілігі мол технологиялық жетістіктерді күнделікті тұрмыс салтына енгізіп те үлгерді. Бізде яғни, қазақстандықтар да осы Жолдау аясында тапсырылған жұмыстарды ойдағыдай атқара отырып, алдыңғы 10 жылдықта осындай игілікке қол жеткізетін боламыз. Баспаналар энергияны үнемдеу, қауіпсіздік сақтау мақсатында SMART үйлерге айналатын болады.
Құрылысы қарқынды жүріп келе жатқан Шиелі ауданында да аталмыш жұмыстар қолға алынатын болады. Тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылысы жүйелі жүргізіліп, Елбасы тапсырмалары өз кезегімен орындалады.
ІТ-технологияның құдыретін игеріп, цифрлық жүйенің сиқырын меңгерген әр азамат қағазбастылықтан арылту жолындағы жұмыстардың игілігін көруде. Тұрақтылық пен қоғамдық келісім орнаған қазақ елі экономикасын, саясатын және санасын жаңғыртуға кірісті. Ел болашағы үшін үлкен міндеттер сараланған құжаттағы индустрияландыруға жаңа технологияларды енгізу, ресурсты әлеуетті дамыту, агроөнеркәсіп кешеніне «ақылды технологияларды енгізу», көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, қаржы секторын және адами капиталдың жаңғыруы, мемлекеттік басқарудың тиімділігі, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі сынды тапсырмаларды тұрақтылықты ту еткен ұлттың еңсеріп кете алатыны белгілі. Кезекті Жолдауда айтылған біршама тапсырмалар біздің ауданымызда бүгіннің өзінде өз шешімін тауып келеді. Ұлттық сананы жаңғырту үдерісін бастаған Қазақстан жаңа технологияның тілін де игеруде. Жаңа бастамаларға деген бетбұрыс алдағы межені де мезгілінде еңсеруге жол ашады.
Баспасөз арқылы аудан халқын жыл көлемінде атқарылған және атқарылуға тиісті жұмыстар жайлы нақты цифрлармен толық хабардар еткендіктен, көпшілік болып қолға алатын кейбір мәселелер жөнінде ойымды ортаға сала отырып, сөз соңында: ардагерлеріміз бас болып, үлкен жауапкершілік жүктелетін осы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, іске асыруға, атсалысуға барлық қоғамдық ұйымдарды, саналы азаматтар мен жастарды шақырамын.
Тарихы терең, болашағы кемел Шиелі өлкесінің биылғы мерейтойы қарсаңында жаңғыру жолындағы 90 түрлі шара ұйым­дастырылмақ.
Киелі мекен, қасиетті жеріміз ауда­нымыздың 90 жылдығын атап өткелі отырған биылғы жылдың мерейлі мерекесі қарсаңында толағай табыстарымыз көп болып, елдің ынтымағы мен берекесі артсын!
Лайым, туған жердің тұғыры биік болғай!
16 қаңтар 2018 ж. 1 847 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930