Бір жылдық белес: атқарылған жұмыс көп, алар асу да аз емес
Күн ұясынан енді ғана көтеріліп, төңірекке шуағын шаша бастаған. Күндізгі ауа-райы көктемді көз алдымызға әкелгенімен, түні кәдуілгідей салқын. Не дегенмен қарт қаңтар ғой бұл. Таңғы аязы бетімізді қарпып өтті. Біз отырған көлік жүйіткіген бойы теріскейдегі аспа көпірді қиып өтіп, Ақмаяға апаратын даңғылға түсіп алған. Қарсы алдымыздан түскен күн сәулесі көлік әйнегімен шағылысып, әудем жерді көрсетпей әлек. Шақырайған шапақтың еркелігіне қарайтын уақыт жоқ, себебі дүйім Ақмая халқы оразасын ашпастан ауданнан келе жатқан делегацияны күтіп отыр.
Жалпы, Шиелі ауданы үшін ит жылы табысты, берекелі болды. Ауданда жыл көлемінде келелі жұмыстар жасалып, өңірдің 90 жылдық мерей тойы да өз дәрежесінде өтті. Мәдениеті төрге озып, экономикасы қарыштап дамып, өнеркәсібі өркен жайып, ауылшаруашылығы адымдап алға шыққан Шиелі – облыста үздік атанып, мерейі үстем болды. Ал, республика бойынша маңызы зор томпанажды цемент зауытының іске қосылуы өңірдің тынысына тың серпін беріп, жылдың басты жаңалықтарының бірі болды. Онда қазірдің өзінде жүзден аса аудан азаматтары жұмысқа орналасып, нәпақасын осы жерден тауып отыр. Елбасы айтқан цифрландыру бағыты бойынша да аймақта оң нәтижелерді байқап жүрміз. Мәселен, біз бағыт алған Ақмая ауылындағы Дәулет Жұмбеков басқаратын «Ақмая» шаруа қожалығы былтырдан бастап алқаптағы күрішті егу, ору, жинау жұмыстарын цифрлы технологиямен игеруді қолға алған. Нәтижесінде адам күшімен атқарылатын жұмыс 30 пайызға жеңілдеп, жұмысшылар бір шама қиыншылықтан босаған. Иә, айта берсек өңірде ел игілігі үшін жасалған жұмыстар легі толассыз. Ендігі сол істің басы-қасында жүрген ел азаматтарының есебінен көргенді жөн санадық.
Ақмаядағы ауқымды іс
Жылдағы дәстүрге сәйкес биыл да аудан әкімі ауылдарды аралап, есеп беру сапары Ақмая ауылдық округінен басталды. Әрмен қарай Ш.Қодаманов, Алмалы елді мекендерінде жалғасты. Шиелі ауданы әкімі Ә.Оразбекұлының Ақмая ауылының клуб үйінде басталған кезекті есеп беру жиналысына облыстық мәслихат депутаттары Райхан Ысхақова мен Қалмырза Қасымов, «Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының» бас директоры Бақытжан Дүйсембеков, аудандық мәслихат хатшысы, депутаттары, «Нұр отан» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының орынбасары және тиісті мекемелер мен дербес бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Сонымен, 2018 жылды қортындылап, атқарылған жұмыстарға есеп беретін уақыт та жетті. Бірінші болып, бекітілген регламентке сәйкес Ақмая ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Н.Битасовтың есепті баяндамасы оқылды. Одан кейін, ауыл әкімі Ж.Арсыланов жасаған баяндамадан байқағанымыздай, ақмаялықтар үшін ит жылының игілігі зор болған. Оның бір парасын айтар болсақ, ауылда әкімшілік ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Үнемделген қаржыға Т.Қирабай көшесіне жарық жүргізіліп, ауылға кіре беріс жердегі арка жаңартылған және 4 аялдама мен ауыл паспорты бой көтерген. Ауыл әкімінің баяндамасынан соң сөз алған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жыл көлемінде ауданда атқарылған жұмыстар барысына тоқталды. Есепті баяндамадан байқағанымыздай өткен жылы көтерілген түрлі әлеуметтік мәселелер, ұсынылған өтінімдер назардан тыс қалмай, тиісті хаттамаға енгізіліп, олар жыл көлемінде өзіндік заңдылығына сай шешімін тауып отырған. Іргелі істерге ұйытқы болған аудан басшысы өңірде қолға алынған жоспарлы жобалардың да өз деңгейінде жүзеге асырылғанын баяндама барысында нақты цифрлар мен электронды бейне слайд негізінде халыққа көрсетіп берді. Әшім Оразбекұлы баяндама барысында жалпы өңір үшін тағы бір қуанышты жаңалықты жұртшылыққа жеткізді.
Биыл, бұйырса, «Ақмая» шаруақожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Д.Жұмбеков мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Ақмая ауылына газ құбырын тартуға білек сыбана кіріскелі отыр екен. Бұл дегеніңіз тұрғындар экологиялық таза, шығынды да көп қажет етпейтін отынға қол жеткізеді деген сөз емес пе? Дәулет Жұмбеков бұған дейін де ауылға өз қаражаты есебінен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ауылдан «Ақмая» спорт кешенін салып, 600 орындық «Авангард» салтанат сарайын халық игілігіне пайдалануға ұсынған еді. Енді міне, Шиелі-Ақмая арасына жоғарыда аталған әріптестік аясында газ құбырын жүргізуді өз жауапкершілігіне алыпты. Аудан басшысы бұл жоспарға жоғары баға беріп, кәсіпкерлер осылай ел игілігі үшін жұмыс жасау қажеттігін баса айтты.
Жиын соңында ауыл тұрғындары Шырынкүл Селбесінова мен Мизам Кенімбаев көкейдегі сұрақтарын іркіп қалмады. Онда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының Ақмая тұсынан өткел ашылуын сұраса, екінші өтініш шаруашылықта ұзақ жыл еңбек еткен бүгінгі зейнеткерлер қоғамдық-көпшілік-мәдени шараларда ескерусіз қалмаса деген бұйымтайларын жеткізді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағанбетов тұрғындар атынан аудан әкімінің есебіне жоғары бағасын берді. Ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстарға жұртшылық пікірі оңды екені байқалды.
Ш.Қодамановтағы қорытынды есеп
Ақмаядан кейінгі есеп беру кезегі 532 отбасы, 3280 халқы бар Ш.Қодаманов ауылдық округінде жалғасын тапты. Тоқсан жылдық тарихы бар өңірге тоқтаусыз қызмет етіп келе жатқан бұл елді мекенде бүгінде 30 шаруа қожалық, 4 ауыл шаруашылық кооперативтері жемісті жұмыс жасап келеді. Учаскелік полиция инспекторы С.Бекпейісов баяндамасын жасап, оған ауыл тұрғындары қанағаттанатындықтарын білдірді. Өзі де бұл қызметке жуырда тағайындалған екен. Алдағы уақыттарда тынымсыз қызмет ететіндігін айтып, мінбеден түсті. Ауыл әкімі Ә.Нұрманова да есепті баяндамасын жоғары деңгейде өткізді. Халыққа ұғынықты етіп жеткізді.
Ауылдың 125 азаматын жұмыспен қамтып отырған «Төңкеріс-К» шаруа қожалығы шарушылыққа қажетті техникаларын үнемі жаңалап, мейлінше жұмысшыларға ауыртпашылық түсірмеуді көздеп отыр. Шаруашылық осы уақытқа дейін ауыл шаруашылық техникаларын шығарумен айналысатын әйгілі америкалық «Джон-Дир» компаниясының бірнеше комбайндарын сатып алып, пайдаланып келген болса, биылғы жылы соңғы технологиямен жабдықталған тағы да бір трактормен толыққан. Егінмен қабат мал шаруашылығын да қолға алған ауылда қазіргі күні 3000 бас ірі қара, 3500 бас қой-ешкі, 379 бас жылқы тіркелген. Ал, төрт түлікке табиғаттан келетін төтенше дертке ұшырамас үшін ветеринариялық іс-шараларды ветпункт қызметкерлері тоқтаусыз атқарып келеді. Дейтұрғанмен, ауыл тұрғындары тарапынан мал жемінің жөнсіз қымбаттап жатқаны жиын барысында айтылып қалды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев өткен 2018 жылды кәсіпкерлік жылы деп жариялап, соның көрінісінде аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолға алған болатын. Бұл бағытта аудан көлемінде де ілкімді істер істелді. Біз сөз етіп отырған Ш.Қодаманов ауылы бұл істе де іркіліп қалмады. Ауылда 17 сауда нүктесі, 1 күріш ақтау диірмені және келушілерге барлық жағдай қарастырылған 40 орындық монша қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, шағын наубайхана мен тігін цехын ашу көзделіп отыр. Төңкерістіктер үшін былтырғы жылдың басты жаңалығы ол ауыл кәсіпкері Б.Көпеев мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ауыл орталығынан спорт кешенін салып берді.
Аудан басшысы Әшім Оразбекұлының есепті баяндамасын тыңдаған жұрт елдегі атқарылып жатқан ілкімді істерге бәрекелді десіп, оң бағасын берді. Бұл ауыл өзінің барлық мәселесін кезең-кезеңімен шешіп, тиісті әлеуметтік қызмет көрсету орындары жаңадан салынып, пайдалануға берілгенін атап өтті аудан әкімі. Енді, тек еңбек ету керектігіне тоқталды. Биылғы жылды көркейту-көгалдандыру жылы есебінде қабылдап, айналаны жасыл-желекке айналдыру басты міндет болу қажеттігін айтты. Жиын соңында сөз алған ауыл ардагері Ә.Мизамбаев ауылдағы орта білім беру мектебі мен әуез мектебінің жай күйіне тоқталды. Аудан басшысы бұл мәселелер өз назарында екендігін айтып, көтерілген мәселе шешімін табатындығын жеткізді. Шындығында, Шеген Қодаманов ауылында шатқаяқтап тұрған шетін мәселе жоқ. Барлығы өз шешімін тапқан. Тұрғындарға ендігі тек кәсіпкерлігін дамытып, жатпай еңбек ету керек.
Алмалының асуы алда
Есепті жиынның бұл күнгі қорытынды жиналысы түстен кейін Алмалы ауылдық округінде өтті. Ауылдың учаскелік полиция инспекторы Р.Сарбалаевтың есебі тыңдалды. Көпшілік полиция майоры Руслан Төребайұлының жұмысына оң бағасын беріп, қылмысты болдырмау, орын алған құқық бұзушылықты дер кезінде ашу жұмыстарына көңілдері толатындығын жеткізді. Ауыл әкімінің де баяндамасын тыңдаған көпшілік алдағы міндеттемелердің абыроймен еңсерілетіндігіне сенім білдірді. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлының кезекті баяндамасынан соң елдегі атқарылып жатқан жұмыстарға, толайым табыстарға көңіл толатындығын, ең бастысы кәсіп етіп, тірлік жасаймын деген адамның аяғына тұсау боларлық мәселелердің жоқ екендігіне көпшіліктің көзі жетті. Сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Мәселен, ауыл тұрғыны Сәдірбай Досқадырұлы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистральді жолының астынан өтетін ауыл тұсындағы өткел мәселесін көтерді. Оның айтуынша өткелдің жанында үлкен канал бар. Сонымен қатар, жауын-шашынды күнгі жаңбыр суы мен әлгі каналдан көтерілген үлкен жолдың астындағы өткелдің ішін суға толтырып, төрт-түлік малмен адамдардың өтуіне кедергі келтіретіндігін айтып, осының мәселесін шешіп беруді сұрады. Аудан басшысы бұл ескертпені орынбасары Т.Жағыпбаровқа арнайы назарда ұстап, оның шешу жолын, тиісті шығынын, қажетті қаржы сметасын әзірлеуді тапсырды. Ал, тағы бір ауыл тұрғыны Аманжол Тұрматов-ауылдың клуб үйі мен медпунктінің ескіргенін айтып, осы әлеуметтік нысандар жаңадан соғылса деген өтінішін жеткізді. Аудан басшысы бұған да тиісті жауабын берді. Яғни, бүгінгі таңда облыс әкімдігінің есебінде Қызылорда облысы бойынша клуб үйлерін қайтадан салу жөнінде арнайы кезек жасалған. Сол кезек бойынша Алмалы ауылдық округінің клуб үйі екінші кезекте тұр екен. Бұл мәселе бойынша осы жиынға арнайы қатысып отырған облыстық мәслихат депутаттары Қ.Қасымов пен Р.Ысқақовағада тиісті жұмыстар жасау қажеттігі сұралды. Ал, медпункт мәселесі бойынша келесі ұсыныс айтылды. Бүгінгі таңда ауданда 20-дан астам әлеуметтік нысандар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып, халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Яғни, белгілі бір елді мекенге, ауылға сол елден шыққан кәсіпкер ынталы болып, жанашырлық танытып, өз қаржысы есебінен қажетті әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізіп береді. Ал, мемлект болса, ол кәсіпкерге келісілген мерзім ішінде тиісті заңдылығына сәйкес құрылысқа салған қаржысын өз үстемесімен қайтарып береді. Міне, осындай мүмкіншілікті құр жібермеген ауылдар өздеріндегі кәсіпкерлердің әлеуеті мен қажетті әлеуметтік нысандарын салып алды. Жыл көлемінде бірнеше ауылда да медпунктер осындай жолмен салынып, пайдалануға берілген. Алмалы ауылдық округінен де елге белгілі кәсіпкерлер шыққан. Ауыл әкімдігі, ауыл тұрғындары болып, сондай кәсіпкерлерді тауып, қаржысын ел игілігіне жұмсауға көндіру керек.
Алмалы ауылында 3-4 жылдың көлемінде көшелері жарықтандырылып, жолдары жөнделіп, айтарлықтай көркейіп келеді. 2019 жылдың 1 қаңтарына Алмалы ауылдық округі бойынша 416 тұрғын үй бар, онда 2145 халық тұрады. Жалпы жер көлемі 2965 га. Округ тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылық 1810 га, елді мекен 961 га жер телімі бар. 21 шаруа қожалықтары жұмыс жасайды екен. Аудан әкімі, өз сөзінде келесі жайтты жұрт назарына салып өтті. Өткен жылғы есепті кездесуде Лесхоздың қарамағындағы кейбір жерлерді заңдастыру туралы өтініш түскен екен. Сол өтініштерге сәйкес, 58 гектар жер орман шаруашылығынан алынып, заңдастырылған.
Ауылдық округке қарасты 21 бекет елді мекенінің тұрғындары атынанда келесі өтініштер айтылды. Бұл елді мекендегі жарық трансформаторы 1975 жылы пайдалануға берілген екен. Содан бері ауыстырылмаған. Әбден ескірген. Желді, жауын-шашынды күндері істен шығып қалу жиілеген. Осы трансформаторды ауыстыру туралы өтініш айтылды. Сонымен қатар, І.Жансүгіров көшесін осыдан 3-4 жыл бұрын жартылай асфальттап, аяқтамай кеткен екен. Осы жартылай бітпеген көшені толық бітірсе деген бұйымтай қоса жеткізілді. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі аудандық автомобиль жолдары және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Аманға тапсырма беріп, биылғы жылдың жоспарына аяқталмай қалған Жансүгіров көшесін асфальттап бітіру туралы жұмыс барысын енгізуді тапсырды. Ал, Шиелі электр тарату тораптары мекемесінің басшысы Е.Тасжановқа елді мекендегі трансформаторды жаңалау бойынша қандай жұмыстар жасайтындығын халыққа айтуды сұрады. Е.Тасжановтың айтуынша жалпы соңғы жылдары КРЕК мекемесі Дүниежүзілік даму банкінен қарызға қаражат ала отырып, аудан орталықтарындағы ескірген трансформаторларды кезең-кезеңімен жаңалап жатыр. Биылдың өзінде, Шиелі кенті бойынша 18 трансформаторды жаңалау жоспарға енгізілген. Жаңадан орнатылған орындардан алынған трансформаторларды қайтадан күрделі жөндеуге жіберіп, елді мекендерде пайдалану тәжірибесі бар екендігін білдірді. Дегенмен, 21 бекет елді мекеніндегі трансформатор назарға алынғанын, ауыстыру жолдары қарастырылатындығын жеткізді.
Жалпы бұл күнгі есепті кездесу жоғары деңгейде өтті. Ауыл азаматтары өздеріндегі көше, үйаралық мәселелерді бұл жиынға дейін ұйымдастырылған қоғамдық кеңес отырыстарында талқыға салып, шешімін орайластырған. Іргелі жиынға ұсақ-түйек мәселелерді араластырмауды ел, ауыл ағалары болып, жұмыла мақұл көргендігі байқалды. Есеп барысында тек күрделі, шешу жолдары ауыл әкімінің әлеуетінен тыс мәселелер өз ретімен аудан басшысының алдында көтерілді. Біз осы жолғы сапардан ауыл тұрғындарының жылдық қортынды жиынға сауатты дайындықпен келгендерін байқадық. Бұл да болса, ауыл азаматтарының жауапты жиналысқа жауапкершілікпен қарағандықтарының бір белгісі деп білдік.
Н.Сәдауақас,
Б.Бәйімбет,
Ақмая-Төңкеріс-Алмалы.