Одақта озат атанған

Бәйгеқұмға бет бұрған меймандарды бастаған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, ішкі саясат бөлімі басшысы Ж.Баймұратова және мәслихат депутаттары болды. Салтанатты басқосу №251 М.Әуезов атындағы орта мектебінде өтіп, біраздан көріспеген жандардың кездесу орнына айналды.
Сонымен, алдымен қонақтар білім ошағының акт залына кіре беріс фоеде домбырашылардың қос ішектен төгілткен өнеріне тәнті болып, мереке иесіне дайындалған бұрыштан мәліметтермен қанықты. Осылайша, тақырыпқа сай безендірілген залдың төріне жайғасқан меймандар арнайы сценарий бойынша дайындалған кешке куә болды.
Алдымен өзінің құттықтауымен жиынның шымылдығын түрген аудан басшысы бүгінгі білім саласына жасалып жатқан қамқорлықты да тілге тиек етті. Аудан көлеміндегі атқарылып жатқан игі бастамалар мен толымды тірліктерді де көпшілік назарына салған Ә.Оразбекұлы ұстаздар мәртебесі жөніндегі жүйелі ойларымен де бөлісті. Сөз соңында кеш иесінің иығына шапан жауып, сый-сияпатын көрсетті. Әрі қарай құттықтау ретін алған аудандық мәслихат хатшысы Б.Сыздықов та жылы лебізін жеткізіп, адресат табыстады. Ал, П.Маханбет пен Н.Палымбеттің құттықтау сөздері көпшілікті толқытып, жүректерден жол тапты. Осылайша, құттықтау легін еңбек ардагерлері, үзеңгілес-әріптестері, замандас-достары, ұстаздар, шәкірттері, туған-туыстары жалғады. Естеліктер айтылып, өткенге көз жүгіртіп, ой тоқтатты. Бас-аяғы «жұп-жұмыр», қызықты болып ұйымдастырылған шараның шырайын ән мен өзге де өнер түрлері аша түсті. Кештің соңы мерейтой иесінің балалары әзірлеген мерекелік ас мәзірімен түйінделді.
«Мектептің жаны – мұғалім» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тәуелсіз Отанымыздың күні ертеңгі тұтқасын ұстайтын ұрпақтың білімді де білікті болып шығуында ұстаздың орны бөлек екені анық. Ұстаз – ең әуелі өзінің азды-көпті өмірін халқына, еліне арнаған, айналасына имандылық, адамгершілік, мейірім шуағын сепкен тәлімнің қайнар бұлағы. Ал, осындай әр шәкіртінің шамшырағын жағуда аянбаған аяулы жандарға қандай кеш арнасақ та, уақыт бөлсек те жарасымды-ақ.
Дина ЖҮСІПОВА.